Кабулда Пәкістанның әуе соққылары салдарынан 250 адам қаза тапты
Пәкістанның Ауғанстан астанасы Кабулға жасаған әуе соққылары салдарынан 250-ден астам адам қаза тауып, 400-ден астам адам жараланды.
TOLO News телеарнасы «Талибан» үкіметі баспасөз хатшысының орынбасары Хамдулла Фитратқа сілтеме жасап, соққылар Кабулдың бірнеше ауданына жасалғанын хабарлады. Олардың ішінде есірткіге тәуелді адамдарды оңалту орталығы да бар.
Ауғанстанның жоғарғы көшбасшысының баспасөз хатшысы Забиулла Моджахид шабуыл салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін айтып, Пәкістанның әрекеті жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді.
Ал Пәкістанның ақпарат және телерадио хабарларын тарату министрлігі Пәкістан қарулы күштері Кабул мен Нангархар провинциясындағы әскери нысандарға соққы жасағанын хабарлады. Ведомство ауған билігінің оңалту орталығы нысанаға алынды деген мәлімдемесін жоққа шығарып, оны «қоғамды жаңылыстыруға бағытталған бұрмаланған ақпарат» деп атады.
Қазіргі уақытта Кабулдағы жағдай шиеленісті күйде қалып отыр, ал халықаралық ұйымдардан әзірге ресми пікір айтылған жоқ.
Еске сала кетейік, биыл ақпан айының соңында «Талибан» өкілдері ауған күштері Пәкістанға қарсы кең ауқымды шабуыл бастағанын мәлімдеген болатын.
27 ақпанға қараған түні Пәкістан әскери ұшақтары Ауғанстанның бірнеше қаласына, соның ішінде Кабулға да әуе соққыларын жасаған.
АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс өршіп тұрған тұста Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы текетірес әлемдік ақпарат кеңістігінде елеусіз қалып отыр.