Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:48

Қадыров 20 жастағы ұлы Ахматты Шешенстан вице-премьері етіп тағайындады

Ахмат Қадыров пен Путин
Фото: t.me/RKadyrov

Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыров өзінің 20 жастағы ұлы Ахмат Қадыровты үкімет төрағасының орынбасары міндетін атқарушы қызметіне тағайындады.

 Ол бұл лауазымды спорт министрі қызметін сақтай отырып атқарады.

Аталған кадрлық өзгерістер туралы Рамзан Қадыров Telegram-арнасында хабарлап, оларды «шағын кадрлық ауыс-түйістер» деп атады. Оның айтуынша, бұл шешім Шешенстан үкіметінің басшысы Магомед Даудовтың ұсынысы бойынша қабылданған.

Сондай-ақ осындай лауазымды Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаев иеленді.

Биліктегі отбасылық ықпал

Ахмат Қадыровтың тағайындалуы аймақтағы отбасылық билік жүйесі туралы талқылауларды қайта күшейтті. Ашық деректерге сәйкес, Шешенстан үкіметі мен оған қарасты құрылымдарда Рамзан Қадыровтың бірнеше туысы жоғары лауазымдарда қызмет атқарады. Жалпы алғанда, Қадыров әулетінің шамамен 100-ге жуық мүшесі түрлі деңгейдегі билік құрылымдарымен байланысты.

Бұл көрсеткіш бойынша Қадыров Ресейде рекорд орнатқан. Екінші орында Ресей президенті Владимир Путин тұр: сараптамаларда оның «билік династиясымен» байланыстырылатын туыстары мен жақындарының саны 26 адам деп көрсетіледі.

Марапаттар және сын-пікір

Жыл қорытындысына арналған жиында Рамзан Қадыровтың туыстары мен жақын серіктестері тағы да марапаттарға ие болды. Олардың қатарында ұлдары, күйеу балалары, жиендері және ең жақын серіктестері бар. Cарапшылардың пікірінше, аймақта ордендер мен медальдардың тым жиі табысталуы олардың қоғамдық және моральдық маңызын әлсіретіп отыр.

Сонымен қатар, Шешенстандағы NIYSO қозғалысының өкілдері республика билігі жергілікті кәсіпкерлерден бизнесті жалғастыру үшін ақша талап етеді деп мәлімдеді. Белсенділердің айтуынша, бұл әрекеттердің артында Рамзан Қадыровтың тағы бір ұлы – Адам Қадыров тұруы мүмкін. Алайда бұл мәліметтер ресми түрде расталмаған, дереккөздер ашық жарияланбаған.

Бұл тағайындау Ресей мен халықаралық БАҚ-та непотизм, биліктің мұрагерлік жолмен берілуі және аймақтық басқарудағы жабық жүйе мәселелері аясында кеңінен талқыланып жатыр. Шешенстан билігі аталған сын-пікірлерге әзірге ресми жауап берген жоқ.