Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:30

Қадыров көпшілік алдына таяққа сүйеніп шықты

Рамзан Қадыров
Фото: скриншот

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров жұртшылық алдына қолына таяқ ұстап көрінді.

Бұл кадрлар Ачхой-Мартан ауданындағы Жаңа Шарой ауылында хафиздер мектебінің ашылу салтанатынан жарияланған видеода байқалады.

Аталған видео тарағанға дейін әлеуметтік желілерде Қадыровтың шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгені жөнінде қауесеттер пайда болған еді. Алайда бұл ақпаратты Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат істері жөніндегі министрі Ахмад Дудаев жоққа шығарды.

Оның айтуынша,Шешенстан басшысы соңғы күндері қоғамдық-саяси жұмыстарын қалыпты түрде атқарып жүрген. Атап айтқанда:

  • 29 желтоқсанда 2025 жылдың қорытындысына арналған жиын өткізген;

  • 31 желтоқсанда халықты Жаңа жылмен құттықтаған;

  • 1 қаңтар күні Украинадағы әскери қақтығыс аймағына жаңа техникалар жөнелтуге қатысқан.

Ресми билік өкілдері Қадыровтың денсаулығына қатысты тараған ақпараттарды шындыққа жанаспайды деп атады.

Айта кетейік, бұған дейін де Рамзан Қадыровтың денсаулығына қатысты түрлі хабарлар бірнеше мәрте тараған. Соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен бірқатар шетелдік БАҚ-та Шешенстан басшысының қоғамдық іс-шараларға сирек шығуы, ұзақ уақыт кадрдан тыс қалуы және кейбір жиындарға өзгеше күйде қатысуы қоғам назарын аударған еді. Атап айтқанда, 2023-2024 жылдары Қадыровтың ұзақ уақыт бойы көпшілік алдына шықпауы мен ресми іссапарлардың азаюы оның денсаулығына қатысты алыпқашпа әңгімелерге себеп болған.

Алайда Шешен билігі бұл мәліметтердің барлығын жүйелі түрде жоққа шығарып келеді. Ресми өкілдер Қадыровтың жұмыс кестесі тығыз екенін, ал денсаулығына қатысты қауесеттердің саяси сипаттағы ақпараттық шабуыл екенін бірнеше рет мәлімдеген. Соған қарамастан, оның денсаулығы жайлы тақырып қоғам назарынан түскен емес.