Қадыровтың қызы Шешенстан премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров 25 жастағы қызы Айшаттың республика премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалғанын хабарлады.
Үкіметте ол әлеуметтік блокқа жауапты болады.
«Шешенстан Республикасының үкіметімен кеңейтілген отырыс өтті. Жиында премьер-министр Мүсілім Хучиев Айшат Қадырованы Шешенстан үкіметі басшысының әлеуметтік блок бойынша орынбасары қызметіне тағайындау туралы ұсыныс жасады», - деп жазды Қадыров әлеуметтік желіде.
Оның айтуынша, Мәдениет министрлігін Шешенстан Республикасы премьер-министрінің бұрынғы орынбасары Мұса Дадаев басқарады. Оның орнын қызы алады.
Айшат Қадырова бұған дейін Шешенстанның Мәдениет министрі қызметін атқарған. 2023 жылдың қыркүйек айында Владимир Путин оны 2-дәрежелі «Отанға сіңірген еңбегі үшін» орденімен марапаттады.
Қадыровтың достары мен туыстары Шешенстандағы көптеген қызметке тағайындалған.
Сәуірде Шешенстан басшысының жиені, 26 жастағы Хамзат Қадыров қауіпсіздік блогы бойынша кеңесші болып тағайындалды. Қадыровтың тағы бір жиені Ибрагим Зәкриев премьер-министрдің орынбасары және ауыл шаруашылығы министрі болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, осы жылдың шілде айында Закриев Danone Russia компаниясының жаңа бас директоры болды.