Кадр бәрін шешеді, ал аймақтарда гидротехник қызметі атымен жоқ
Тасқын су қайдан келді, қайда барады?
Қазақстанда су тасқыны қаупі төнген өңірлерден 100 мыңға жуық адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Елдің 10 облысында әртүрлі деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Батыс Қазақстанда Жайық, Қостанай облысында Тобыл, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысында Есіл өзендеріндегі су деңгейі арнасынан асып жатыр. Атырау облысындағы Құлсары қаласы толықтай су астында қалды.
Жаз келсе қуаңшылық жайлайтын батыс өңіріне тасқын қайдан келді, айтып келген апаттың алдын ала алмай отыруымызға не себеп, су саясатына қандай өзгерістер қажет деген сұрақтар төңірегінде тілшіміз гидролог ғалым Әмірхан Кеншімовпен сұхбаттасты.
– Әмірхан Қадырбекұлы, елдегі су тасқыны айтып келген апат па, әлде табиғи құбылыс па?
– Тасқын Қазақстаннан басқа елдерде де орын алып жатыр. Оған ғаламдық жылыну, қар мөлшерінің жылдағыдан көп болуы сынды табиғи жағдайлардың әсері де жоқ емес. Қазақстандағы негізгі фактор – су қоймалары, бөгендер мен өзен-көл инфрақұрылымдарының дұрыс басқарылмауы – әкімдердің «жылда осылай болады, биыл да бір нәрсе етіп өтіп кетерміз» деген салғырттығынан. Мұндай жылдарды қазақтар баяғыда «жұт жылдары» дейтін, бұл да бір елдің басына келген нәубет. Біз мұндай жағдайға қағаз жүзінде ғана дайын болдық, іс жүзінде ешқандай дайындығымыз жоқ. Көріп отырғанымыздай, халық қара шаңырағынан, қорадағы малынан айырылды. Қазақтың малынан айырылуы – ашаршылық. Жұрт боп жылу жинағанмен, тірнектеп несиеге алған дүние мен күнкөрістің жалғыз көзіне айналған малдың орнын қалай толтырамыз?!
– Төтенше жағдайға алдын ала гидрологиялық болжам жасау мүмкін бе?
– Әбден мүмкін еді. Кезінде «Қазгидрометке» қарасты Қазақ геотехникалық зерттеу институты болды, қазір ондай зерттеу институттары жоқ. Білікті ғалымдардың басын қосып, зерттеу институтын қайта қалпына келтірмесек, жағдай бұдан да қиындай түсуі әбден мүмкін. Гидрологиялық болжамды «Қазгидромет» жасағанмен, мемлекеттік ұйым болған соң әлеуеті мықты емес.
– БҚО жазда қуаңшылықтан зардап шексе, көктемдегі жағдайды көз көріп отыр. Өңірге мұншалықты су қайдан келді, тұрғындар қыстағы қар қалың болмады дейді?
– Жазық жерде орналасқан елді мекендердің айналасында қорғайтын бөгеттер, ауылдардың ішінде арықтар жоқ. Бұрын арық суларын жинайтындай арнайы камера жасап, онда су соратын насос орнатып қоятын. Бүгінде аймақтарда гидротехник қызметі атымен жоқ. Күзде жауын-шашын көп болып, топыраққа әбден сіңді. Кейіннен қыста қалың қар түсіп, күн күрт суыды. Қыста күн жылығанда қар еріп, артынан болған аяз еріген суды қайта ұстап қалды. Солтүстікте тоңның қатуы 1,5-2 метрге дейін барады. Көктемде күн тез жылып, тоң ерімей су көлкілдеп, мұздың үстінде ол тұрып қалды. Жиналған суды ағызатын арықтар жоқ болған соң, олар еңістен ылдилап, жазық жерге барады. Дамыған елдерде гидротехникалық қызмет жақсы жолға қойылған, бізде қаражаттың жоқтығынан ауылдарда гидротехник те, техникада болмай тұр. Бұрын әр ауылда 7-8 адамнан тұратын қызмет болатын. Қазір әкімдік қағаз бен қарандаш қана ұстап қалды.
РЕСЕЙДЕН КЕЛГЕН СЕЛ СУЫ МЕН ЕЛ СУЫ
– Ресейден келетін қарғын судың кесірінен елде су тасқынының екінші толқыны қайталануы мүмкін бе?
– Иә, еліміздің солтүстігі мен шығысындағы өзендер Ресейге қарай солтүстікке ағады, бірақ ол онша қауіпті емес. Батысқа су Ресейден келеді, Ресей солтүстік жақта жатыр. Көршімізде де су қоймалары бар, бірақ көп мөлшердегі суды олар ұстап қала алмайды. Орал қаласының жанында Деркул деген поселка бар, ол Жаңаөзеннің территориясында. Шаған өзені Ресейден бастау алады. Оралға жақын Челябинск облысы, Орынбор облысы, Башқұртстаннан басталатын Сакмарада қар енді-енді еріп жатыр және сол еріген судың бәрі бізге келеді. Сол кезде тағы тасқын болу қаупі бар және біз соған дайын болуымыз керек.
– Оған дайындықты қалай жүргізу қажет?
– Біз қазір салдармен күресіп отырмыз және ол өте қиын. Жағдайдың алдын алу қажет. Қара халық өзен суы сыртқа шықпасын деп жер жерден бөгеттер салып, қаптарды толтырып жатыр. Әзірше, осылай амалдаудан басқа жол жоқ. Мүмкіндігінше суды Атырау облысына шығаруға болады, бірақ ол үшін де сорғылар қажет. Орал-Көшім жүйесі мен басқа каналдарға бұру керек. Бір кездері өзендердің бойында лиман жүйесі болатын, артық суды сол жүйе арқылы ұстап, біртіндеп жіберіп отыратын. Қазір ол лимандар тегістеліп кетті, дәл осы сәтте болмаса да болашақта соларды қалпына келтіру керек.
– Елдегі су саясатына қандай реформалар қажет деп ойлайсыз?
– Су ресурстарына бөлінетін қаржы аз, ал құрылыс жұмыстары үшін тендер өткізу, жоба жасау, мемлекеттік сараптама жұмыстары өткізілгеннен кейін ғана құрылыс жұмыстарына кіріседі. Оның өзіне ең аз дегенде 1-1,5 жыл кетеді. Елдегі бюрократиялық жүйе осындай. Қазір жаңа жобалардың бюджетіне қатысты жұмысты бірден жүргізіп кету мүмкін емес, тексеріс көп. Осыдан келіп ешкім мойнына жауапкершілік арқалағысы келмейді, ертеңін ойлаған жауапты шенділер «аш бәледен қаш бәле» деп бастарын алып қашып отыр. Еліміздің су саясатына 30 жылдан аса еш көңіл бөлінбеді... Су кодексі парламентте талқыланып жатыр. Ол кодекстің де кемшін тұстары бар. Одан бөлек, су ресурсын басқару тұжырымдамасы керек. Кеше президент тарапынан біраз сын айтылды. Кодекске «қатты су келгенде қандай әдістерді пайдалануға болады? Тасқын суды елді мекенге тарамайтындай қалай ұстап қала аламыз?» деген маңызды пункттер кірмеген. Енді бірнеше пункттерді кіргізіп, қайтадан бекітеді.
СҰРАУЫ ЖОҚ СУ САЯСАТЫ
– Ұлттық гидрологиялық қызмет құрылатыны туралы сөз жүзінде ғана айтылып келеді. Еліміз тәуелсіздік алғалы ірі су қоймалары салынды ма?
– Қазақстанда 30 жылда бірде-бір гидрологиялық нысан салынбады. Қызылорда облысында ғана шетелдіктердің жобалауымен бірнеше су қоймасы салынатыны айтылды. Салаға қаражат эксплуатацияға ғана там-тұмдап бөлінген. Биылғы тасқын үш-төрт су қоймасын жұлып кетті, бірақ олардың бәрі жекенің меншігінде. Қоймалар жекеменшікке өткен соң, олар балық өсіреміз деп режим сақтамайды. Ал көктемде судың бәрі жіберілуі керек. Ал мемлекет меншігіндегі су қоймаларының суын жіберіп, күзгі, көктемгі маусымға дайындайды. Біз кәсіби кадрларды дайындамай, кәсіпкерлерге қоймаларды бере беретін болсақ, мемлекет меншігіндегі су қоймаларына да үлкен шығын келуі мүмкін.
– Журналистер жағдайға байланысты сараптамалық пікір беретін гидролог маман таппай отыр. Саладағы кадр мәселесі де оңып тұрмаған сыңайлы...
– Бүгінге дейін Қазақстанда 9 жоғары оқу орнында гидролог мамандарды даярлайтын факультеттер болды. Орта есеппен олар жылына 100 абитуриентті шығарып отырады. Соңғы жылдары ғана аталған мамандыққа деген жастардың сұранысы төмендеп кетті. Себебі нарықта бұл мамандыққа деген сұраныс жоқ. Саланы бітірген жас мамандардың инженер деген аты бар да, заты жоқ. Совет одағында су саласы бойынша 15 бағытта мамандар даярланатын, соның сегізі гидрология саласында еді. Гидрологияны ҚазҰУ, гидрогеологтарды Политех, су жабдықтаушысын Целиноград құрылыс институты мен KazGASA шығаратын. Қалған бес-алты мамандықты Жамбылда гидромелиорация-құрылыс институты даярлайтын. Қазір олардың бәрі жоқ. Тараздағы оқу орны даярлайтын – гидротехникалық мелиорация, гидрожабдықтау, су шаруашылығы экономикасы, кәрізді сумен жабдықтау, гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру дегендерді бір ғана су ресурстары факультетіне біріктірді. Бұл қате. Себебі әр бағыттың өз ерекшелігі бар. Онда инженерлік, техникалық пәндерді оқыту керек. Мәселен, кезінде біз оқыған уақытта математиканың өзі қолданбалы болатын. Физика да техникалық оқу орындарына бөлек, бағдарламамен жүргізілетін. Қазіргі таңда бұлай оқытпайды, әр нәрсенің басын шалып қояды. Бүгінгі балон жүйесі де студентке таңдау еркін беріп қойды. Қай студент қиын пәнді таңдайды?! Салдарынан инженерлік, техникалық пәндер оқытылмай жатыр. Гидрологтар инженерлі графиканы оқымайды, мектептен де сызу сабағын алып тастады. «Чертеж» оқи алмайтын инженер сапалы құрылыс жұмысын жүргізе ме?! Кадр бәрін шешеді. Биылғы жағдайдан соң билік саланың мәселесін майшаммен қарауы керек. Әйтпесе, жағдай жылдан жылға нашарлай түспек.
– Уақыт бөлгеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан Қалиева