Кадр резервінің талабына толған жігіт
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервіне өткен азаматтармен кездесуде: «Президенттік жастар кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу.
Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз» деп атап өткен болатын. Жастар – ел болашағы. Ол анық. Қазақстанды дамытып, елді алға сүйреу үшін білікті маман, білімді басшы, тәжірибелі жас керек. Осы мақсатта Президенттік жастар кадрлық резервін іріктеген болатын. Бұл –жастарға қарым-қабілетін, білімін кәдеге жаратуға берілетін ең жақсы орай. Осы резервке енуге ниет білдіргендер барлық сынақтан сүрінбей өтуі тиіс. Сондай жастардыың бірі, бірі ғана емес, бірегейі – Олжас Сәкенов деген азамат. Олжасты әңгімеге тартып, Президенттік жастар резервіненқалай өткені туралы сұрадық. Оның айтуынша, сынақ бірнеше кезеңнен тұрған. Оның төртеуі онлайн форматта өтіпті. Ал соңғы екі кезеңде сарапшылармен бетпе-бет кездесіп, әңгімелесіпті. Бұрын-соңды мұндай тәжірибе болмаған көрінеді. Өйткені Мемлекеттік басқару академиясы, сондай-ақ Талантис, SHL деген дүниежүзіне мәлім компаниялардың жинаған әдістемесі қолданылған. Сондықтан да бағалау шынайы өткені анық.
Жастың аты жас қой. Оның үстіне, мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап та оңай емес. Олар 1 минуттың ішінде берілген сұраққа жауап беру керек. Оған да толық дайындық, шынайы білім қажет. Осындай бірнеше түрлі кезеңнен өткенін айтып берді.
Әңгіме барысында біз Олжастан Президент бағдарламасының жастарға ең алдымен не беретінін сұрадық. Ол «Президенттік кадрлық резерв бағдарламасының өзім үшін ерекше мәнге ие. Себебі, бастама жастарға да, еліміздің ертеңі үшін де тиімді. Жастар бар жерде жаңалық, жаңа идея бар. Бүгінгі буын қандай да бір жаңалықтың жаршысы, қозғаушы күші. Бүгінде осы резервке енген жастардың көбі жеке секторда, халықаралық компанияларда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған. Кейбірі «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білімін жетілдіріп келген маман» — деп, әңгімесін жалғады. О.Сәкеновтың айтуынша, жастар үшін бағдарламаның пайдасы – өз идеяларын жүзеге асырып, алған білімдерін елдің дамуына кәдеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аталған бағдарламаны «әлеуметтік лифт» деп қарастырған жөн. Негізі жоғары лауазымға жету үшін мемлекеттік қызметте еңбек өтілі, жұмыс тәжірибесі қажет. Ал кадрлық резерв арқылы еңбек өтілінсіз-ақ, бірден басқарушылық қызметке тағайындалуға жағдай жасалған. Осы арқылы салаға қандай да бір өзгеріс енгізуге мүмкіндік бар.
Олжас Сәкенов іріктеуден өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Сол кездесу туралы сөзінде: «Кездесуде бұл жобаның бір реттік емес екенін
түсіндік. Мемлекеттік қызметті өзгертетін жоба. Осындай өзгерістің болғанына
қуаныштымын!» — деді. Резервке енген жастардың дені – өз саласы бойынша тың
идеясы мен нақты жоспары бар елдің болашақтары. Рас, қазір жастарға
мүмкіндік те, таңдау да көп. Сондай орайды жіберіп алмау керек. Кез келген жобаға қатысып, біліктілік пен білімді сынаудан қашпаған дұрыс. Олжастың мамандығы – тарих және экономикалық құқық негіздері пәнінің мұғалімі. Алайда жас жігіт бүгінге дейін басқа салада еңбек етті. Болашаққа деген жоспары да көп. Мәселен, ол отандық экономика саласында қызмет еткісі келетінін айтты бізге. Осы саланы дамытатын тың идея, жоба-жоспарларын іске асырғысы келетінін айтты.