Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:06, 21 Ақпан 2024

Кадрлық резерв: жаңа кезеңдегі міндеттер

Кадрлық резерв: жаңа кезеңдегі міндеттер
Фото: из открытых источников

Қазіргі таңда елімізде Президенттік кадрлық резервте білімді жастардың үлкен шоғыры қалыптасты. Жоба жүзеге аса бастағаннан бері талай талантты қыз-жігіттердің жолы ашылды десек артық айтқандық емес. Білімі мен біліктілігі келіскен кез келген жас маман кадрлық резерв жобасы арқылы мемлекет басқару ісіне тартылып жатыр. Осының арқасында мемлекеттік қызмет саласында бәсекелестік орта қалыптасты. Президенттік жастар кадр резервінің форумында жұртшылық назарына ұсынылған жобалар бәсекеге қабілетті қызметкерлердің өсіп келе жатқанын көрсетті. «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің артықшылықтары, Citix компаниясы өнімдерінің экспорттық әлеуеті, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңдеуші өнеркәсіп пен энергетика секторына инвестор тарту тәжірибесі, сондай-ақ бюджеттік процестерді оңтайландыруға арналған «eAkimat365» ақпараттық жүйесі – осының барлығы Президенттік жастар кадр резервінің қатарына әр жылдары өткен мамандардың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан жобалар. Келелі жобалармен танысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың осынау инновациялық ізденістерін оң бағалап, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан мұндай бастамаларға қолдау көрсетілетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керек. Осы орайда отандық зерттеушілер мен сарапшылардың кадрлық резервтегі жас мамандардың әлеуетін зерттеп-зерделеп жүргенін атап өткен абзал. Осыған байланысты сарапшылардың ой-пікірлерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Дулат Өтеғали, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы:

Президенттік жастар кадрлық резерві жобасын іске асыру барысында үш кезеңнен тұратын іріктеу жүргізілді. Бүгінгі таңда Президенттік жастар кадрлық резерві (ПЖКР) қатарына түрлі саладағы 400 жас маман енген. Мәліметтерге сүйенсек, соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Жоба басталғалы бері жастардың маңызды қызметтердегі үлесі артты. Бұл алдағы уақытта мемлекеттік басқару жүйесіндегі тың тәсілдердің енгізілуіне, жаңаша көзқарастардың пайда болуына, инновациялық өзгерістердің орын алуына әсерін тигізуі қажет. Осы резерв қатарында жүрген мамандардың ішінде қоғамға пайдалы жобаларды іске асырып, өз жетістіктерімен көзге түсіп жүрген бастамашыл жастар жоқ емес. Олардың арасында Инвесторлардың таргеттелген алгоритмін жасаған Лейла Гимранованы ерекше атап өтуге болады. Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияны реформалау мәселесін көтеріп жүрген «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиевті, «2024 жылы саяхаттауға арналған 52 ел» рейтингінде Қазақстанды 25 орынға қойған, ең ірі халықаралық БАҚ – «New York Times»-тың айтулы туристік рейтингіне енуге қол жеткізген Шырын Мусинаны, елімізде смартбордтар желісінің пайда болуына үлес қосқан Рауль Линдті, ғылыми-сараптамалық зерттеулердің авторы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаевтардың да елге сіңіріп жатқан еңбектері мол. Резервтегі жас мамандардың 70%-ы жауапты қызметтерді атқарып жатыр. Бұл іріктеу елдегі кадр тапшылығы мәселесін шешеді деп ойлаймын. Кадр резервінің мүшелері меритократия қағидатын толық іске асыру үшін қатаң іріктеуден өтеді. Яғни, басшылық лауазымдарды олардың әлеуметтік тегі мен материалдық жағдайына қарамастан, барынша білімді, білікті, қабілетті адамдар иеленуі тиіс. Айта кетелік, Президенттік кадрлық резервке 35 жасқа дейінгі жоғары білімі бар, кез келген салада бес жылдық жұмыс өтілі бар жастар қатыса алады. Бұл өз кезегінде жоғарғы оқу орнын жақсы көрсеткішпен аяқтаған жас мамандарға үлкен мүмкіндік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мемлекеттік басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керек. Сонда ғана біздің елдің ісі алға басады. Кадр резервінің іріктеуіне 3 жылда 20 мыңнан астам маман қатысқан. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, кандидат мемлекеттік тілді B1-ден төмен емес деңгейде меңгеруі, сонымен бірге еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс. Сонымен бірге іріктеу кезеңдерінде үміткердің мәтіндік және цифрлық ақпаратпен жұмыс істеу, ситуациялық тапсырмаларды шешу қабілеті және құзыреттілігі бағаланады. Осыған орай кадр резервінің мүшелері меритократия қағидатын толық іске асыру үшін қатаң іріктеуден өтеді. Яғни басшылық лауазымдарды олардың әлеуметтік тегі мен материалдық жағдайына қарамастан, барынша қабілетті адамдар иеленуге тиіс. Бұл - өзін көрсеткісі келетін, жасампаз, инновация, технологияларға негізделген, сыни ойлай алатын жастарға әлеуметтік лифт болып табылады.

Ермек Тоқтаров, ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:

Биылғы жаңалық, жақында аймақтық жастар кадр резервіне іріктеу басталады. Бұл осы Президенттік бастаманың өңірлерге арналған баламасы. Жоба әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшелігіне қарай тиімді шешім шығара алатын мемлекеттік қызметкерлер командасын жасақтауға сеп болады. Әрі басқару ісі мен бюджетті орталықсыздандыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Әкімдер оның ашық, әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы күні кеше қадап айтқанынан бәрі құлағдар болды деп ойлаймын. Президент мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастыру, құндылықтарды өзгерту мәселесіне де айрықша тоқталды. Барлық салада, әсіресе мемлекеттік органдарда заң мен тәртіп қатаң орындалуы керек. Сарапшы ретінде айтарым, кадрлық резервті жасақтау барысында әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігін ескерген абзал. Әр өңірдің өзіндік бір мәселелері бар, ерекше бір экономикасы, өзіне ғана тән қырлары бар. Сондықтан бұл айырмашылықты білетін мамандар жастар болса, оларды Астанаға тартпай, сол жерде қалдырып, жұмыс жасату керек. Аймақтық жастар кадр резерві осындай мүмкіндіктер беру үшін жасалады. Бұл орталықсыздандыру саясатының бір парасы. Мемлекеттік қызметте жоқ маман нарықтан табыла кетуі әбден мүмкін. Оларды басқару ісіне гибридті түрде араластыру тапсырылды. Ғылымда немесе бизнесте жүрген мамандарды белгілі бір жоба үшін аутстаффинг негізінде тартуға болады. Әрбір мемлекеттік қызметкер кейде әртүрлі салада маман болуы керек. Мысалы, қойылатын талаптың бірі - жоғары білімнің болуы. Бірақ мамандығы қандай болу керектігі ескертілмеген. Сондықтан кейбір адамның оқыған мамандығы бір басқа, істеп жүрген жұмысы мүлде бөлек. Осындай кадрларды тарту үшін оларға жобалық түрде немесе гибридті түрде мүмкіндіктер жасау керек. Егер мемлекеттік қызметке тұру ережелері жеңілдетілсе, мүмкіндіктерді қарастыруға болады. Осы орайда Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелігі қандай да бір артық­шылықтар бермейтінін есте ұстауымыз керек. Егер жастың кәсіптік білімі, озық біліктілігі және өз саласында мол тәжірибесі бол­са, оны түрлі деңгейдегі мем­лекеттік басқару жүйесіне тартқан дұрыс. Мамандарды баға­лаудың бұл тәсілі бүкіл әлемде қолданыста бар.

Елімізде экономика, техника, экология салаларында білікті мамандар жоқтың қасы. Резервтегі жастарды кәсіби қабілеттеріне қарай іріктегенде мемлекеттің осы салалардағы қажеттіліктері ескерілуі тиіс. Президенттік жастар кадрлық резерві - өте маңызды бастама. Президент Қ.Тоқаев 2019 жылы мемлекеттік басқару жүйесіне жас мамандарды тарту тетігін жасауды қолға алған еді. Мұны өте орынды шешім деп санаймын. Барлық өзгерістердің басында жастар тұрса, еліміз дамудың даңғыл жолына түседі. Қазірдің өзінде резервтегі мамандар мемлекеттік қызмет пен басқару жүйесіне белсенді араласып келеді. ПЖКР жүйесі нақты мә­се­лелерді шешу үшін қажетті мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде шетелдерден инвесторлар тарту, Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруда ауыз толтырып айтарлық нәтижелер бар. Осының барлығына нақты осы резервшілер жұмысының арқасында қол жеткізілді. Меніңше, дарынды жастарға арналған кадрлық резерв жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыра­тын әлеуметтік баспалдақ бола алады. Әзірге олардың алдын­да мемлекеттік басқару жүйесі­не инновациялар енгізу, алда тұрған мақсаттарға қол жеткізу үшін жаңа көз­қарасты қалыптастыру міндеті тұр.

 

     Сандуғаш Райым