Кадрлық бизнеске Әйтеновтің де қатысы бар ма?
Шымкенттегі №1 клиникалық аурухананың бас дәрігері қызметінен осы аптада босатылып, қазіргі уақытта ақпарат құралдарын шулатып жатқан танымал трансплантолог Абылай Дөңбайдың ісіне Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пікір білдірді.
Министр бас дәрігерлерді тағайындау, қызметінен босату жергілікті әкімдіктердің құзырында екенін, бірақ жоғары білікті трансплантологты қолдайтындығын, оның жұмыссыз қалмайтынын мәлім етті.
Ал Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұған дейін Абылай Дөңбайдың қызметтен тексерулердің қорытындысы бойынша босатылғанын, оның есепшотына заңсыз ақшалар аударылғанын, сапасыз жасалған трансплантациялық оталардың салдарынан 4 науқастың қайтыс болғанын, ауруханада кредиторлық қарыздардың көбейгенін хабарлады. Сонымен бірге басқарма Абылай Дөңбайдың жұмыстан кетуі ішкі ағзаларды ауыстыруға қатысты күрделі оталарға ешқандай кері әсер етпейтінін мәлім етті.
– Қаладағы медициналық ұйымдарда ағза алмастыру отасын жасайтын дәрігерлер жеткілікті, – делінген басқарманың таратқан ресми мәліметінде.
«Жас Алаштың» тілшісі Абылай Дөңбайдың өзімен байланысып, біраз сауалдарын қойды.
– Маған қазір ғана қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрлыбек Асылбеков хабарласып, ауруханадағы пациенттерге трансплантациялық ота жасап беру туралы ұсыныс айтты. Басқарма бұған дейін науқастарға отаны бір аптаның ішінде жасауға уәде берген еді. Алайда мен бұл ұсынысты қабыл алғаным жоқ. «Уәдені бердіңіздер ме, орындаңыздар» дедім. Мен мұндай операцияларды Алматыдан, басқа жақтан мамандар келіп жасап береді деп те айта алмаймын. Тіпті сырттан ота жасайтын кадр іздеудің өзі Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының әлсіздігін білдіреді.
– Дәл қазір ауруханада қанша науқас трансплантациялық отаны күтіп жатыр? Басқарма бұған дейін отаның сапасыз жасалуынан 4 науқастың қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұған сіз не айтасыз?
– Қазіргі уақытта ауруханада 3 науқасқа бүйрек, 1 науқасқа бауыр трансплантациясы бойынша операция жасалуы тиіс. Донорды өздері алып келген. Олар осы отаны ұзақ уақыттан бері күтті. Оның жасалмай қалуы мүмкін деген күдіктің өзі пациент үшін үлкен соққы.
Ал енді төрт науқастың қайтыс болуы 2022 жылы орын алған. Трансплантация бұл өте күрделі операция. Бұл бойынша республикалық комиссия келіп тексерген. «Науқастардың өлімін тоқтату мүмкін болмаған» деген қорытынды берілген. Пациенттердің операцияға дейінгі жағдайлары өте ауыр болған.
Біз өз тәжірибемізді жетілдіре отырып жақсы жетістіктерге жеттік. 5 шілдеде Қазақстанда алғаш рет қан топтары сәйкес келмейтін адамдар арасында трансплантация жасадық. Әкесіне ұлы донор болып, бауырының жартысын берді. Екеуінің қан топтары екі түрлі. Қазір науқастың жағдайы жақсы, палатада жүр. 2022 жылдың қарашасында біз алғаш рет мәйіттік трансплантацияны сәтті жүзеге асырдық. Ота Шымкент пен Шұбарсудың арасында таксист болып жүрген қарапайым жігітке жасалды. Алайда осындай үлкен жетістігімізді басқарма басшысы Асылбеков ақпарат құралдарына шығартпады.
– Неге, мұндағы мақсат не?
– Мақсат – біздің жұмысымызға кедергі жасау. Басқарманың таратқан мәліметінде жазылғандай, егер мен өзіме заңсыз ақша аудартқызған болсам, баяғыда қамалып кетер едім. Ал ауруханадағы кредиторлық қарыздар –ағымдағы қарыз болып саналады. Ол жыл соңына дейін жабылады. Былтырдан қалған ешқандай қарыз жоқ. Мұндай жалған мәліметтерді басқарма не үшін таратады? Мен осы жағын түсінбеймін.
– Асылбековпен соншалықты тіресетіндей араларыңызды не жағдай болды?
– Асылбеков басқарманың басшылығына келгелі комиссия жіберіп, түрлі тексерулер ұйымдастырды. Бізді прокуратура, ішкі аудит, экономикалық тергеп-тексеру департаменті тексерген. Егер қаржыны жеген болсақ, баяғыда сотталып кетер едік. Бұлардан түк шықпаған соң ауруханадағы Байқау кеңесі арқылы іске кірісті. Асылбеков осы кеңес мүшелерінің басым бөлігіне өзінің адамдарын әкеліп отырғызды. Ақыры сол арқылы мені қызметтен босатып отыр. Мұндағы мақсат не дейсіз бе? Кадрлық бизнес жасаудан басқа себеп жоқ сияқты, – деді Абылай Дөңбай.
Дәрігер әңгіме барысында қазіргі уақытта басқарманың өзіне қатысты қабылдаған шешімдерін даулап, сотқа талап-арыз бергенін мәлім етті.
Ал енді бұл мәселеден Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов қаншалықты хабардар? Абылай Дөңбайдың ойынша, мұның бәрін Мұрат Әйтенов пен Нұрлыбек Асылбеков өзара келісіп істеуі мүмкін. Өйткені соңғы кездері Шымкенттегі кейбір аурухананың бас дәрігерлеріне басқарманың да, қаланың әкімі тарапынан да қысымдар жасалған көрінеді. «Босаған орындарға олар өздерінің адамдарын әкеліп отырғызады» деген әңгіменің қаншалықты шындық екендігін анықтау уақыттың еншісінде.
Жуырда басқарманың бұйрығымен бір емхананың бас дәрігері қызметіне Асылбековтің орынбасары тағайындалған. Кейін конкурстың заңсыз өткені сот арқылы дәлелденеді, сот бас дәрігерді тағайындау туралы бұйрықтың күшін жою жөнінде шешім шығарады. Алайда Асылбеков заңды күшіне енген сот шешімін әлі орындамаған.
Шымкентте «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» қалмаған ба?