Кадрсыз Қарашөкеевтің сауықшыл орынбасары
Жамбылдың бұрынғы әкімдері ауыс-түйіс жасағанда алдына жан салмаушы еді. Апыл-ғұпыл шешім шығарып, апыр-топыр ауыстырып жататын.
Ал Қарашөкеев кадр мәселесінде тым қатты ойланып-толғанып, әрең біреуін таңдағанда, оның өзі «таз» болып шығып жатыр. Олардың кейбіреуін «Қарашөкеевтің аппарат басшысы жұмысын арыз жазудан бастады», «Қарашөкеев қойған әкім жұмысын үй-жайын жөндеуден бастады» деген мақаларымызда атын атап, түсін түстеп те жаздық.
«Аузы күйген үріп ішеді» дейміз бе, кадры тапшы, қолы қысқа болып отыр ма, әйтеуір өңірге идеология жөніндегі орынбасардың орны бір жылға таяу бос тұрды. Қарашөкеевтің оң тізесінен орын алуға дәмелі небір қасқалар далада қалып, күтпеген жерден Серік Сәлемов сау ете қалды. Жамбыл облыстық мәслихатының аппарат басшысы, Мәдениет және спорт министрлігі басқарма басшысы, комитет төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған Сәлемовтің соңғы қызмет еткен жері – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің проректоры. Аталған университеттің инфрақұрылымын дамытуға жауапты болған Сәлемовтің қай еңбегі бағаланғаны қайдам, сол оқу ордасының жатақханасына биыл елдің ең соңында жылу беріліп, шу болды. Ал «екі жеп, биге шыққан» Сәлемовтің қазір – «сәлемі де сатулы». «Сауықшыл Сәлемов» атанып, той-жиыннан қолы босамай жүр...
Мұнан соң Мойынқұм ауданының әкімі қызметі де 5 ай бос тұрды. Жалпы, шалғайдағы Жаз-атаның ауылына орнында талтайып нық отырған, шалқайып жүрген шенеуніктер шауып кете бермейді. Қарашөкеев ары-қарап, бері қарап, ақыр соңы «бар тапқаным осы дегендей», кәрілеу екен демей, алпысты алқымдап қалған Кәрентаевты жіберіп еді.
Енді, міне, облыс орталығына ең жақын екі ауданның бірі Байзақ ауданының әкімі қызметі бос тұрғанына да 4 айдан асты. Бұл ауданнан зейнетке шыққан Бақыт Қазанбасовты білетіндер оны Бақытжан Сағынтаевпен байланыстырады. Қызметтік жолында Жамбыл, Талас аудандарының да әкімі болған Бақыт Алпысбайұлы қызметтің қызығын бір кісідей-ақ көрген басшы. Содан болса керек, Қазанбасов аудан әкімі қызметінен босағанымен, әкімдіктен алыс кете алмай, сол маңды шиырлап жүр екен. Өзі басқарған аудандағы әлі тағайындалмаған әкімге кеңесші болып алған Қазанбасов енді екі секіріп, мәслихат хатшысы болмақ. Екі дейміз-ау, бір қадамды аттап үлгерді десек те болады. Күні кеше Байзақ аудандық мәслихатының №9 бірмандаттық сайлау округі бойынша Қазанбасовтың кандидатурасы бекітіліп, тіркеу үшін аумақтық сайлау комиссиясына жолданыпты. Бәкеңді білетіндер, «көкпарға» босқа кірмейді дейді. Үзеңгіге аяғын бір іліктірген Алпысбайұлы қарттығына қарамай, қарғып мініп алады деп сенімді. «Ал одан соң жаңа келген әкім мен Қазанбасовтың басы бір қазанға сия ма?» дейді байзақтықтар.
Бізге әкімнің бәрі сырттан келеді. Қазанбасов, Нұржігітов, Рахманбердиев, Шүкеев, Нұралиев... Байзақты басқарған әкімдердің қызмет жолына қарасақ, бір ауданнан ауысып келген олар не өсіп облыс әкімінің орынбасары болып әкімнің жанынан бір-ақ шығады, не зейнетке шығады екен. Байзақтықтардың бір базынасы бар. Осы жолы өз ауылымызда өскен, елдің-жердің жайын жақсы білетін азаматты қойса дейді. Әрине, кім әкім болса да халыққа жақын, елдің мұң-мұқтажына жаны ауыратын басшы болса, қанеки.
Жұмыстың жүйелі жүруі үшін босаған басшының орнына жаңасын табу, тез арада тағайындау өте маңызды іс екенін, лауазымды қызметтің ұзақ уақыт бос тұруы берекесіздікке әкелетінін басқа-басқа, облыс әкімінің білмеуі мүмкін емес қой. «Басшысыз ел жетім» дегенді халқымыз бекерге айтпаса керек. Әрине, Қарашөкеевтен бұйрық болса, Байзақ ауданы әкімінің орындығына отырғысы келетін құйрық көп емес пе? Әлде Шырақбайұлы шынында Байзақтағы әкім креслосы бос тұрғанын есінен тарс шығарып, ұмытып кетті ме екен?
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы