Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:20, 31 Наурыз 2022

Кафканың үйі

None
None

                                                    Эссе

                                                                        Досым Едіге Мағауинге арнаймын

      Кафканың үйіне мені Едіге ертіп әкелді.

Ұлы жазушының үйі Праганың қақ ортасындағы ең әсем, әрі көрікті орындарының бірі –  Вацлав алаңынан алыс емес екен. «Азаттық» радиосындағы жұмысыма байланысты  Чехия астанасында журналистік тәжірибеден өтіп жатқаныма екі айдан асса да, Кафканың шаңырағын көрудің оңтайлы сәті тек бүгін түсті.

       Күн шәйдай ашық, жарқырап тұр. Аспанда теңгедей бұлт та жоқ. Праганың ауа-райы  әйел мінезді – құбылмалы.  Біресе еркелеп, күлімсіреп тұрады, енді бірде сәл сөзден көңілі бұзылған  әйелдей түнеріп шыға келеді.  Таңғы ауадан денеңді тоңдыратын  дымқыл сыз сезіліп еді, түске таяу оның ізі де қалған жоқ,  қайта күн қатты ысып, терлеп-тепши бастадық.   Прагадағы  үйлердің кербез сұлулығы мен әсемдігі көз құртыңызды жегенімен, көшеде көз сүзісіп қалған жұрттың көбі сізге жылы жымиғанымен, бәрібір бұл қалада адамды өзіне тартпайтын кәрі қыздың көңіл-күйіндей салқындық бар.

     Чехтар Франц Кафканың тұрған үйін жазушының мұражайына айналдырыпты. Кафканың үйін ХVІІІ ғасырда Страхов деген монахтар салған екен.  Кейін ол үй қиратылып, ондаған жылдардан соң қайта қалпына келтіріліпті. Қазір бұл ғимаратта ұлы жазушының мемориалдық тақтасы ілініп тұр. Мұражай үлкен емес, шағын ғана. Мұражайдың алдында орта жасқа келіп қалған толық әйел Кафканың суреті салынған киім-кешек пен төсбелгілерді сатып, сауда жасап жүр. Жазушы тұрған үйдің босағасынан аттаған кезімде қатты тебіреніп, жүрегім атша тулап қоя берді. Расымен де  әлемдегі ең атақты жазушылардың бірі – Франц Кафканың шаңырағына  келіп, шынымен де оның ұстаған дүние-мүліктерін өз көзіммен көріп тұрмын ба деген ой сезімімді дірілдетіп, мұражайдағы жәдігерлерге сенімсіздікпен қараймын. Басымнан кешіп тұрған осы бір тәтті толғанысымды Едіге де түсіне қойғандай:

     – Ертең Алматыға барғанда естелік болсын. Мүмкін Кафканың үйіне келгенің туралы бір жақсы дүние жазарсың. Сонда менің еңбегімді де ескерерсің – деп, бір күлдіріп алды да, осы көріністердің бәрін, қолындағы кішкентай бейнетаспаға түсіре бастады.

   – Жазамын, міндетті түрде жазамын! Кафканың үйіне ертіп әкелгенің үшін ол шығармамды саған арнаймын. Ал шығармамның атын, атын… Таптым. Кафканың үйі деп қоямын, – дедім, мен қуаныштан басым айналып.

      Мұражайда әйгілі қаламгердің бала кезінде түскен суретіне шейін бар екен. Суретке назарым кідірістегенде жазушының жанарынан балаға тән қуанышты емес, қайғы мен қасіреттен арыла алмаған Кафканың жалғыздығын сезінгендей әсердің құшағына бөлендім. – Мүмкін, Құдай бізді көңіл-күйі болмай тұрған кезде жаратқан шығар – деп, ұлы Жаратушыға мұңын шаққан жазушының сөзі есіме түсіп, әлдебір жәйттар санамда қайта оянып, жүрегімді зырқ еткізді.

      Әрине, қазір чехтар өздерінің астанасында Франц Кафка сынды әлемге аты әйгілі жазушының тұрғандығын мақтаныш тұтады. Тіпті оның Милена Есенска есімді чех әйелімен достық қарым-қатынаста болғанына шейін аңыз қылады. Сол хаттарды оқысаңыз Кафканың жанының үлбіреген нәзік болғанын түсінесіз. Ұзақ жылдар өткеннен кейін Кафканың Милена Есенскаға жазған хаттары «Письма к Милене» деген атпен, жеке кітап болып  жарыққа шықты. Көзі тірісінде жазушының хаттары түгіл, шығармаларына да ешкім көз қиығын салған жоқ. Жазушы қайтыс болып, атағы әлемге жайылып, оның шығармалары миллиондаған оқырмандардың ыстық ықыласына бөленгеннен кейін ғана чехтар – Франц Кафканың есіміне құрметпен қарай бастады. Ал аттай бір ғасыр бұрын өзі тұрған қаладан  мейрімділіктің жылы шуағын сезіне алмаған ол, осы төрт қабырғаның ортасында жаны тұншығып отырып, келешекті болжап, адамзаттың ақыл-ойын суалтатын тоталитаризмді, әлемнің санасын билеп бара жатқан зұлымдықты әшкерелеген шығармаларын жазды-ау!  Есіл ердің еңбегі еш болып, оның ғажайып туындыларындағы ақиқатты ақыл таразасына салғысы келмеген ақымақ әлем, кейіннен қайғы мен қасіреттің уын шелектеп ішкен жоқ па еді, шелектеп. Ақиқатын айтсақ, басқаларды сөз қылмағанда Франц Кафканың өзі де ұлы шығарма жаздым деп ойлаған емес. Өмір бойы Франц Кафка жазушы екендігіне күмәнмен қарады, жазған шығармаларын келешек ұрпақтың кәдеге жарататынына мүлдем сенген жоқ. Өлерінің алдында ол ең жақын досы Макс Бродқа дүние салғаннан кейін жазған дүниелерінің бәрін отқа жағып жіберуін өтінді.

          «Қымбатты Макс. Бір айға созылған ауыр науқастан соң менің қайтадан аяғыма тұрып кетуім неғайбіл шығар. Сол себептен де мен,өлгеннен кейін, жазған дүниелеріме байланысты соңғы тілегімдіорындауды саған тапсырамын…

    Мүмкіндігің болғанша, менің жазған дүниелерімнің бәрін (газетте жарық көргендері, қолжазбалар мен хаттарды) тауып алып,отқа өртеп жібер» деген, соңғы өтінішін жазып қалдырады. (Франц Кафка «Өсиет» (Завещание) Петербор қаласы, Азбука классика, баспа үйі, 304 ші бет)

          Кім біледі? Егер Макс Брод жазушының соңғы тілегін бұлжытпай орындағанда Франц Кафкадай жазушының болғанын бұл әлем білмей де қалар еді. Бірақ Макс Брод досының өтінішін орындаған жоқ. Қайта керісінше, досы өмірден өткеннен кейін, шығармаларының басылып шығуына зор ықпал етіп, оның бірден-бір насихатшысына айналып, шырақшысы болып алды. 

       Жазушы ретінде Кафканың есімі Еуропада ол дүние салғаннан соң, нақтырақ айтсақ, 1928 жылдан кейін ғана там-тұмдап белгілі бола бастады.  «Замок», «Процесс» секілді әлемге әйгілі негізгі шығармаларының ешқайсысы да жазушының көзі тірісінде жарық көрмеді. 1913 жылы «Көз көргендер» (Наблюдения), 1919 жылы «Ауыл дәрігері» (Сельский врач) атты шығармалар жинағы басылып шыққанымен әдебиетшілердің назарына ілікпей, елеусіз-ескерусіз қалды. Франц Кафканың «Құбылыс» (Превращение) атты атақты әңгімесі 1915 жылы Лейпцигтегі бір басылымда жарияланғанымен, бұл тамаша туындыға да назар аударғандар болмады.  Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана жазушының шығармаларына әлемнің ықыласы ауып, оның туындылары үлкен сұранысқа ие болып, әдебиетте нағыз кафкалық дүрбелең белең алды. Кафканың әдеби мұрасы, тіпті көзқарастары бір-біріне қарама-қайшы келетін жазушылардың да қызығушылығын туғызды. Неміс әдебиетінің патриархы Томас Маннды айтпағанда, коммунист Франц Вайскопф, Луи Арагон, Пауль Рейман, экзистенциалист Альбер Камю, тіпті буржуазиялық идеологияның эстеті Андре Мальроның өзі Кафканың шығармашылығын жоғары бағалады. Мұның себебіне біз кейінірек, жазушының шығармаларына талдау жасағанымызда толығырақ тоқталармыз. Бұл тақырыпқа құда түспес бұрын Кафка сынды Еуропа әдебиетіндегі ең жұмбақ құбылыстың қалай дүниеге келгеніне, оның жазушылық дүниетанымының қалыптасуына қандай жағдайлардың әсер еткеніне зер сала кеткеніміз артықтық етпес.

          Бар жоғы 41 жыл ғана өмір сүрген Франц Кафка дүниежүзіндегі ең ұлы жазушылардың бірі ғана емес, бірегейі. Жазушы Владимир Набоковтың сөзімен айтсақ, Франц Кафкамен салыстырғанда романист Рильке сынды ақындар мен Томас Манн секілді жазушылар әдебиетте әлі ештеңе тындыра алмаған ергежейлілер ғана. Набоковтың айтқанына өз тарапымыздан алып-қосарымыз, Франц Кафка жазушы ғана емес, Гоголь мен Абай сияқты жалғыздықтың ауыр азабын тартып, өз жүрегінің қайғысына өртеніп өлген –пайғамбар. Әсіресе бұл тұста ұлы қаламгердің мұңы мен қайғысы Абаймен рухтас. Әулиелік пен көріпкелдік тұрғысынан алғанда оның шығармаларының өзегі Достоевскийдің туындыларымен үндес.

          Ұлы жазушы 1883 жылы кішігірім саудагердің отбасында дүниеге келді. Ұлты еврей Франц Кафка сол уақыттағы Еуропадағы саяси ахуалға байланысты нәсілшілдіктің ауыр тауқыметін басынан өткерді. Ұлты еврей болғанымен шығармаларын неміс тілінде жазды. Сондықтан да Франц Кафка неміс әдебиетінің өкілі. Шығармаларын неміс тілінде жазғанымен,  жазушының бүкіл саналы ғұмыры Чехияның астанасы Прага қаласында өтті.

     Франц Кафка дүниеге келерден қырық жыл бұрын ғана Прага немістердің қаласы еді. Жазушы туғаннан кейін бірнеше жылдан соң Прага қайтадан чехтардың қаласына айналды. Сол уақыттары Прагада бір-бірімен өшіккен чехтар мен немістердің арасында түрлі қақтығыстар орын алып, қаланың көшелерінде жиі-жиі төбелестер болып тұрды. Осындай төбелестердің бірінде Франц Кафканың досы Оскар Баум жарақаттанып, зағип болып қалады. 1897 жылы әскердің күшімен ғана бұл төбелестер тиылып, қалада қатаң тәртіп орнатылады.

      Чехтар тек немістерді ғана емес, еврейлерді де өлердей жек көрді. 1848 жылға шейін Прагада еврей отбасында туған бір баланың үйленуіне ғана рұқсат етілді. Мысалы Кафканың атасы бұл заң алынып тасталынғанша,  яғни 1848 жылға дейін үйлене алмай жүрді. Замандастарының айтуынша, Кафканың атасы Яков күш қуаты тасыған, зор денелі адам болған. Ол бір қап ұнды тісімен-ақ көтере алған екен.

(Жалғасы «Жас Алаштың» 23- санында)

Тегтер: