Кафканың үйі

(Жалғасы. Басын мына жерден оқуға болады)
Тіл білмегендердің күні қиын болғандықтан, Франц Кафка чехша үйреніп, қосымша сабақтар алып тұрады.
Сол кездері Прагадағы еврейлер күнкөріс қамы үшін өздерін чехтарға жатқызғанымен, балаларын неміс мектептерінде оқытты. Басқасын сөз қылмағанда Кафканың хаттары мен күнделіктерінде Чехославакия мемлекетінің пайда болғаны, билік басына Масариктің келгені туралы да ештеңе айтылмайды. Соған қарағанда елдегі болып жатқан дүрбелеңдер мен саяси оқиғалар оны аса қатты қызықтырмаған. Қазіргі уақытта чехтар Франц Кафканың шығармашылық шеберлігіне Карел Чапек пен Ярослав Гашек сынды жазушылардың ықпалының зор болғанын мақтанышпен айтады. Алайда біздің ойымызша бұл түбегейлі қате пікір. Өйткені Франц Кафка бұл жазушылардың есімдерін ең құрығанда бір рет те аузына алмайды. Чехтардың әдебиеті оны мүлде қызықтырған жоқ. Маған сенбесеңіз жазушының күнделігін оқып шығыңыз. Франц Кафканың күнделігінде бір күні кешке чехтардың ұлттық театрына барғаны және ондағы қойылымның оған түк ұнамағаны туралы жазылған естелігі бар. Егер біздің бұл дәлелеліміз аз болса, осы жазушылар мен Кафканың шығармаларын салыстырып көріңіз. Сонда сіз Франц Кафканың қаламынан туған шығармаларының табиғаты жағынан да, рухы жағынан да Карел Чапек пен Ярослав Гашектің туындыларына ұқсамайтын, мүлде бөлек дүниелер екеніне көз жеткізесіз.
Сөз жоқ, Прага Еуропадағы ең әсем, әрі сұлу қалалардың бірі. Бірақ Кафка бұл қаланы сүйген жоқ. Сүйгенді айтасыз-ау, тіпті жазушы Праганы өлердей жек көрді. 1902 жылы Оскар Поллак деген досына жазған хатында ол былай деп мұңын шағады: «Прага бізді жібермей отыр. Біз бұл қаланың шеңгелінен босана алмадық. Бұған тек амалсыздан көну керек, әлде… Әлде, Вышеград пен Градчанды екі жағынан өртеп жіберсек мүмкін біз бұл қаладан құтылар ма едік».
Басқа амалы қалмағандықтан, чехтардың арасында неміс болып ғұмыр кешкен ұлты еврей Франц Кафка өмір бойы Прага қаласынан кетіп қалуды армандап, соның жолын іздестірді. Бұл арманы тек өмірінің соңында ғана орындалып, құрт ауруына шалдыққан Франц Кафка 1924 жылы Еуропадағы шипажайлардың бірінде дүние салады.
ХХХ
«Жазушы болғысы келген адам, бақытты балалықтың бал-шекерін татып, жалындаған жастық шағында лапылдаған оттай жанып өтуі тиіс» – деп, жатамыз, кейде ділмәрсіп. Егер сізде бақытты балалық болмаса ше? Жалындаған жастық шағыңызда Құдай сізге махаббат пен қуанышты емес, ауыр азап пен қайғы-қасіретті силаса ше? Онда сіздің жазушы болуға қақыңыз жоқ па?
Бақытты балалықтың болуы ер азамат үшін көбіне-көп әкенің тәлім-тәрбиесіне байланысты. Тумауымызға қалай шарамыз жоқ болса, әкелерімізді таңдауға да біздің еш дәрменіміз жоқ. Құдай адам баласын дүниеге әкелгенде кімнің шаңырағында тууы керектігін одан сұрамайды. Сіз де Құдайға қарсылық танытуға қауқарсызсыз.
Әлбетте, бізді жарық дүниемен қауыштырған әкелеріміз санасында сәулесі бар, мейірімі мен шапағаты мол, иманжүзді адамдар болып шықса Құдайға мың да бір рақмет. Ал керісінше, біздің әкелеріміз өз мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбайтын зұлым, өсіп келе жатқан баласының талантын көре алмайтын қызғаншақ, берген уәдесінде тұрмайтын алаяқ, құлқынын тойдырудың қамынан басқаны ойламайтын тоғышар, биліктің алдында құрдай жорғалайтын жағымпаз, айтқан сөзі мен ісі бір жерден шықпайтын екіжүзді, дүниенің бәрін тек ақшамен ғана өлшейтін имансыз, жандар болып шықса ше? Ондай әкелерден туған бала қалай оңбақ? Құдай кешірсін, әрине, бірақ мұндай әкелер ірітіп-шіріткеннен басқа, қоғамға не жақсылық әкеле алады? Айтыңызшы не?
Біз бір арамдық жасасақ, сәби болғандықтан балаларымыз оны білмейді, сезбейді деп ойлап, көңілімізді жұбатамыз. Шындығында пендешілікке салынып, осындай арзан өтірігімізбен өзімізді-өзіміз алдаймыз. Сол арзан алданышымызды көңілімізге медеу тұтамыз. Ақиқатында Құдай жаратқан тіршілік иелерінің ішіндегі ең сезімталы – сәби. Зұлымдық пен арамдықты ар тұтатын әкесінің шынайы болмысын сезіп қалса, сәбилердің жаны жараланып, қатты күйзеліске ұшырайды. Адамның ар-ұятының таза болуы басқалар емес, ең алдымен тәрбиелеп отырған өзінің белінен туған перзенті үшін керек. Кейіннен баласының торығып, қалай өмір сүрерін білмей, жалғыздыққа ұшырамауы үшін қажет.
Жазушының мұражайын аралап жүріп Франц Кафканың бала кезінде әкесінің шын бет-бейнесін танып қойып, қатты күйзеліске ұшырап, ауруға шалдыққаны есіме түсті. Тіпті ол әкесіне өшіккендіктен шығармашылық жолды таңдады емес пе? Оның ұлы туындыларындағы зұлым кейіпкерлердің бәрі де жазушы қиялының жемісі ғана емес, туған әкесіне деген өшпенділіктің көрінісі еді ғой. Кафка әкесінің бойынан дүниені бақытсыз етіп тұрған зұлымдықты көрді.
Әкесінің берген тәлім-тәрбиесіне наразы болған Франц Кафка кейіннен «Әкеме хат» (Письмо к отцу) атты атақты шығармасын жазды. Жо, жо, жоқ, бұл шығарма немесе баланың жанын шоқтай күйдірген әкесіне деген ашу-ызасы ғана емес, ондаған жылдар бойы Кафканың жүрегіне тыныштық бермеген, тіпті оны ауруға шалдықтырған жазушының жан азасы.
Кафканың үйінде тұрып жазушының әкесіне жазған хатындағы айтылған сөздері мен жанымды тебірентіп жүрген ойларымның арасында рухани үндестіктің немесе бір рухани туыстықтың бар екенін осы сәтте жан-тәніммен сезініп, жүрегімнің нәзік пернесінің бір ішегі үзіліп кеткендей күйге түстім.
Әрине, мені жарық дүниеге әкелген туған әкем Кафканың әкесіндей зұлым адам болған жоқ. Қайта керісінше, ол екі сөйлемейтін, айтқан уәдесінде тұратын, аузын ашса ар жағынан ақ жүрегі көрінетін, өте мейірімді, кеңпейіл жан болды. Ол ештеңеден тайсалмайтын, ешкімге жалтақтамайтын, биліктің алдында бүгежектеп, бүкшеңдемейтін нағыз ақын еді. Әкемнің көзі тірісінде мен оның достарының бәрін де өзі сияқты шындықты айтудан сескенбейтін, қоғамдағы әділетсіздіктерге қарсы шығудан қаймықпайтын, ардың арқанынан аттап кетпейтін, дүниенің бәрін иман таразысымен өлшейтін жүректі азаматтар деп ойлайтынмын. Шынтуайтына келгенде әкемнің достары – олар да менің әкелерім емес пе?
Әкем дүние салғаннан кейін оның көптеген достарын жақынырақ танығанымда қатты қателескенімді түсініп, олардың кейбір іс-әрекетерінен шошынып, көңілім құлазып, өмірден түңіліп кеттім. Әкемнің өмірден неге тым ерте кеткенін сонда барып түсіндім. Олардың туындыларындағы кесек ойларын оқып және сол айтқандарына мүлде сәйкес келмейтін ұсақ тірліктерін көріп, тіршілікте қалай өмір сүру керектігін түсіне алмай, дал болдым.
Әкемнің бір досы бойындағы өнерін сатып, бір байшыкештің басы байлы құлына айналды. Әкемнің бір досы шенеуніктердің алдында құрдай жорғалайтын алаяқ болып кетті. Әкемнің бір досы тек өзінен басқаны ойламайтын қайырымсыз жан болып шықты. Әкемнің бір досы үлкен қызметте қайта-қайта қалу үшін ар-ұятты ұмытты. Әкемнің бір досы зұлымдық жолмен бәйге алып, қазақтың арқалы ақынының өліміне себепкер болды. Әкемнің бір досы билік халықты зар илетіп, қан қақсатқанда, оларды қорғаудың орнына, бір үлкен шенеуніктің сойылын соғып, ақыр соңында соның сөзін сөйлеп, ұлтын сатты. Әкемнің бір досы билікті қайта-қайта мақтап ода жазып, үй алды. Әкемнің бір досы оппозицияны жамандап, биліктің алдында өзіне әжептәуір «бедел» жинап, күйбең қақты. Әкемнің бір досы көзі тірісінде өзіне көше бергізіп, елге барып, думандатып қайтты. Әкемнің бір досы...
Франц Кафка әкесіне жазған хатында одан өлердей қорқатындығын айтады:
«Қымбатты әке.
Таяуда сен «неге менен қорқасың» деп сұрадың. Әрине сенің алдыңа барғанда пайда болатын үрейден және мұның себебін түсіндіру үшін, әңгіме барысында көптеген жайттарға тоқталу керектігінен қойған сұрағыңа жауап бере алмадым. Мен бұл сұраққа хат арқылы жауап бергенімде де қойған сауалыңа толық жауап алмас едің, өйткені осы хатты жазу барысында да сенің алдыңда бәрін ақтарып айтып салуға әлі де үрейленіп, пікірімді толық жеткізуге күш-қуатым мен ой-түйсігімнің жетпейтіндігін сезінемін» деп, жазды жазушы. (Франц Кафка «Өсиет» (Завещание) Петербор қаласы, Азбука классика, баспа үйі, 244-ші бет)
Әкемнің кейбір достары туралы ойланғанымда Кафка секілді менің бойымды да қорқыныш, сана-сезімімді үрей билейді. Бірақ менікі отбасы мәселесіне байланысты емес, басқа себептен туған қорқыныш, басқа жағдайдан туған үрей. Мен әкелерімнің қарнының қамын тойдырудан басқа ештеңені ойламайтын тоғышар, қоғамдағы әділетсіздіктерге еш қарсылық білдірмейтін дәрменсіз, байыған үстіне баюдан басқаға бас қатырғысы келмейтін тойымсыз… болып бара жатқанынан қауіптенемін. Қашан көрсем де әкелерімнің нәйім-нәйім бауырсақ пен мән-мағынасы жоқ бос күлкіге тойып, мына өмірге риза болып ыржалақтап жүргендері. Құдайым-ау, неге олардың бойында жаныңды түршіктіретін, төбе шашыңды тік тұрғызатын қоғамда жасалып жатқан жауыздықтарға деген қарсылық жоқ? Неге олардың жүрегінде өз ұлтына деген кіршіксіз адал махаббат жоқ?
Қалың елім қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың
Бірі қан, бір май боп енді екі ұртың
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың,
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ.
Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың,
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сыйқын (Абай) – деп, ұлтының қамын ойлап, қабырғасы қайысатын, ардың құйындысындай данышпан әкелеріміз қайда кеткен? Бар болса, қайда олар? Құдай үшін айтыңызшы, қайда?
(Жалғасы бар),,,
Оқи отырыңыз: Кафканың үйі