Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:19, 04 Сәуір 2022

Кафканың үйі

None
None

 (Жалғасы. Басы төменде көрсетілген сілтемелерде)

                          Алтын тақты хандардың

                           Хандығынан не пайда,

                           Қаріп пенен қасірге

                           Туралық ісі болмаса?

                           Алаштың байлығынан не пайда,

                           Құланнан басқа ел таппай,

                           Қонарына жер таппай,

                           Маңқиған сары даладан

                           Екіндіде құлаған

                           Тарығып келген ерлерге

                            Қайыры оның болмаса?

                            Ақ жұмыртқа, сары уыз,

                            Әлпештеп қолда өсірген

                            Туған ұлдан не пайда,

                             Қолына найза алмаса,

                             Атаның жолын қумаса?!  (Махамбет) – деп, ешкімнен тайсақтамай, қайрауықтың ащы күйіндей шындықты тура айтатын, алмастай өткір мінезі бар әкелеріміздің бәрін жер жұтқан ба? Әлде шынымен де біздің елімізде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады ма? Әлде шынымен де біздің қоғамда шымбайға батырып айтатын шындық қалмады ма?  Әлде Құран-Кәрімде айтылғандай олардың бәрі де көздері жоқ соқыр, құлақтары естімейтін саңырау, тілдері кесілген мылқау, бейшара жандар ма?

      Егер олардың санасын сайтан тұмандандырмаса ұлтымыздың жер асты, жер үсті байлығының талан-таражға түсіп жатқанын, шыққыр көздері неге көрмейді?  Егер құлақтарын құлық баспаса, баспаналары бульдозермен талқандалып жатқан апа-қарындастарының, әке-шешелерінің зарлы дауыстарын неге естімейді? Егер әкелеріміздің тілдері күрмеліп қалмаса, неге олар айдың күннің аманында Заманбек пен Алтынбек секілді азаматтарымызды ит секілді атып кеткенде бір ауыз сөз айтып, қарсылық білдіруге жарамады? Қайта олар сол екі азаматтың қабірінің басында тұрып, беттері шімірікпестен биліктің сөзін сөйлеген жоқ па? Егер біздің әкелерімізде рух пен жүрек болса, ата-бабаларымыз жанын беріп қорғап, ұрпаққа аманат етіп кеткен қазақтың жері неге сатылып кетті? Әрі-беріден соң сатылып кеткен жердің үстінде отырып махаббат, ізгілік, тазалық, адамгершілік туралы жазған біздің шығармаларымыздың кімге керегі бар? Кімге?

      Әділетсіздіктер көбейіп, адамшылықты ұмытсақ, Гоголь, Достоевский, Кафкалалар әулиелікпен айтқан адамзат баласының қанын судай ағызған, көз жасын нөсер қылып төккізген қасіретті заманның қайта орнап, қанды тарихтың қайталануы мүмкін екендігін әкелеріміз шынымен де сезбей ме? 

    Тіпті қылышынан қан тамып тұрған уақытта та Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Әлихан, Мағжан, Жүсіпбек сынды әкелеріміз ұлт үшін жанын беріп, шындықты айтып кетті емес пе! Солардың ізін жалғастыратын рухани мұрагерлері, ақылман әкелеріміз қайда?! Жиырмасыншы ғасырдың басында ақын Мағжанның: 

                            Арыстандай айбатты,

                            Жолбарыстай қайратты.

                            Қырандай күшті қанатты,

                            Мен жастарға сенемін! – деп, үміт артқан келешегі мына сіздер едіңіздер ғой. Заманға не болған? Дүние неге азып-тозған? Ұлттың рухы қалай күйреген? Дүниенің кері кетіп бара жатқанына ең алдымен жауапты мына сіздер емессіздер ме? Сіздер. Олай болса сіздер қожалық етіп отырған қоғам ақылынан адасып, қайда барады? Қайда? Неге сіздердің көздеріңізде от, сөздеріңізде жалын жоқ? Құдайшылықтарыңызды айтыңыздаршы, неге?   

   Әрине, адам-пенде. Бірақ пендешілікті хайуанша жүріп жан бағумен шатастыру – опасыздық. Ұлтқа, ар-ұятыңа жасаған кешірілмейтін күнә. Артта келе жатқан ұрпақтың адамшылық қасиеттен айырылып қалмауы –сіздерге байланысты екенін қалай ұмыттыңыздар? Әрі-беріден соң ақын мен жазушының қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінбеуі – қылмыс. Ұлт сенім артқан халықтың рухани «көсемдері» мына сіздер осындай ынжық болсаңыздар, басқалар туралы ауыз ашып, бірдеңе деуіміздің өзі асылық шығар.

     Немене, келер ұрпақ сіздердің осы істеріңізге өз бағасын бермейді деп ойлайсыздар ма? Әлде сіздер ұлттың алдында қарабет болып, ұсақ-түйек тірліктеріңіз арқылы келер ұрпақтың жігерін тоздырып, рухын аздырып, оларды да азғыншылық жолға түсіргендеріңізді сезбейсіздер ме? Жо, жо, жоқ.  Әкелеріміздің өкшесін басып келе жатқан мына бізді былай қойғанда, сіздер, тіпті өздеріңізді де сыйламайсыздар. Қашан көрсем де көздеріңше бір-біріңді өтірік мақтап, сыртқа шыға салысымен жамандап, күндеп жүргендерің. Атаққа, сыйлыққа тоймайсыздар. Аты шулы үлкен сыйлыққа қол жеткізу үшін кез келген опасыздыққа барудан тайынбайсыздар, бір-біріңді өлтіріп жіберуге де даярсыздар. Өтірік пе? «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит ұстап жүр ырылдатып» деп, Абай атам айтпақшы сіздер қоғамның алдында иілгісі келмейтін, мінезі бар шын таланттарға емес,  сөздеріңізді сөйлеп, сойылдарыңызды соғатын екіжүзді алаяқтарға ғана көмектесесіздер. Соларға сыйлық, үй әпересіздер, жағдай жасайсыздар, қызметін жоғарылатасыздар. Ең ақырында сіздер қолында кішкентай билігі бар түкке тұрғысыз ақындарды жер-көкке сиғызбай мақтап, олардың есімдерін Мұқағали, Жұмекендердің қатарына қойып, әдебиетті де саттыңыздар. Жасырып қайтейін, кей кездері мен «егер әкем марқұм тірі болып, заман ығына бейімделіп ар-ұятын жоғалтса, оны да жек көріп кетер едім» деген, қорқынышты ойға батамын.

     Сіздерге ұқсағым келмей, Патша-Құдайға айналған бітім-болмыстарыңыздан жиіркеніп, ақыр соңында мен де Кафка секілді жалғыздыққа ұшырадым. Сіздердің басы байлы құлдарыңызға айналған замандастарыма да қолымды бір-ақ сілтедім. Өмірге, келешекке деген сенімімді жоғалттым. Сіздерге сеніп жүріп, ақыр соңында сүттей әппақ жүрегімді кірлеттім. Қалай өмір сүрем, енді?!

                                                                ХХХ

      Кафканың үйіне келіп, оның қолжазбалары мен хаттарын, суреттерін көріп, жазушымен сырласқандаймын, әйгілі қаламгердің рухын сезінгендеймін. Егер Прагаға жолым түсіп, жазушының мұражайына бас сұқпағанымда мұндай ойға батпас па едім. Кім біліпті? Бірақ Кафка туралы мақала жазуды біраз уақыттан бері жоспарлап, оның шығармашылығын зерттеп жүрген жағдайым бар-тын. 

       Кафканың шығармаларымен ең алғаш рет мен сексенінші жылдардың орта шенінде таныстым. Мектепте оқитын бала кезім. Ол кездері бүгінгі уақыттағыдай қалтаңда ақшаң болса қалаған кітабыңды дүкеннен сатып алатын мүмкіндік жоқ. Шет елдің классик жазушыларының шығармаларын көбіне-көп Алматының сыртындағы қара базардан, саудаласып жүріп, удай қымбат бағаға аламыз. Бір күні қара базарды аралап жүріп, Кафканың таңдамалы шығармалар жинағын қолыма түсірдім.

      Оқыдым. Шындығымды айтсам, алғашқы уақытта жазушының жеткізгісі келген ойын түсінбей, кітапты сатып алғаныма қатты өкіндім. Тіпті Кафканың әкесіне жазған хатын оқығанымда, оның сөздерін буржуазиялық тәлім-тәрбиенің жемісі деп ойладым. Өйткені мен үшін ол уақытта әкелерімізден абзал, әкелерімізден ардақты жандар жоқ-тұғын.  Мен жарық дүниеге әкелерімнің көзімен қарайтынмын. Олардың айтқандарына имандай сеніп, қалтқысыз орындауға тырысатынмын.

       Алайда 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан соң, бізге ақыл үйретіп, имандылыққа баулып жүрген әкелеріміздің шынайы бет-бейнесін танығанымда, жан-дүниемнің астаң-кестеңі шығып, өмірден түңіліп, жүрегімдегі сұлу шырақтарым күрсініп, өшкендей болды. Әкелеріміздің зұлымдығы мен қайырымсыздығын көзіммен көргенімде, олардың таным-түсінігі мен орнатып жатқан тәртібінің қоғамға әлі талай қасірет шеккізіп, әлі талай у ішкізетінін түсіндім. Қолдарындағы шексіз биліктің арқасында олар жауқазындай өсіп келе жатқан жастардың ар-намысын аяққа таптады. Он екіде бір гүлі ашылмаған сұлу қыздардың бұрымдарынан сүйреп, иттерге талатты. Өрімдей жастарды аяусыз қырған, билікте мәңгі қалу үшін ештеңеден тайынбайтын әкелеріміздің жауыздығын көргенімде Кафканың «Еңбекпен түзеу мекемесінде» (В исправительной колоний) атты әңгімесіндегі суреттелген қаны сорғалаған зұлымдықтың әлі өлмегендігін түсіндім. Осы уақыттан бастап қайтадан менде Кафканы оқуға деген құлшыныс пайда болды. Кейіннен Кеңес Одағы құлап, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізді. Бірақ биліктің басында бәрібір сол әкелеріміз қалып қойды емес пе.

    Кеңестер Одағы ыдырамай тұрған кезде Кафканың шығармалары ең тұңғыш рет 1965 жылы басылып шығыпты. Дейтұрсақ та, шетел жазушыларының ішінде Кафка, Джойс және Прустың туындылары    алпысыншы жылдардан соңғы жылымықтан кейін де кеңестік цензураның қырағы бақылауында болды. Кеңестер Одағы күйрегенге шейін, біздің елімізде Кафканың шығармашылығы туралы аса көп әңгіме айтыла қойған жоқ. 1962 жылы жарық көрген «Әдеби энциклопедияда» жазушы Франц Кафкаға экспрессионистік ағымның өкілі деген баға беріледі. Дегенмен сол уақыттың өзінде де Кафканың шығармашылығын зерттеп, мақала жазған Дмитрий Затонский деген украиналық әдебиеттанушы болды. Кафканың  шығармашылығы туралы жазған Дмитрий Затонскийдің мақаласы тұңғыш рет «Иностранная литература» журналында 1959 жылы басылып шықты. Алпысыншы, жетпісінші жылдары ол Кафканың шығармашылығын зерттеп,  кітап та жазады. (Дмитрий Затонскийдің әкесінің өмірі Кафканың «Процесс» романының кейіпкері Иозеф К тағдырына ұқсайды. Украинаның халық комиссары болған Затонскийдің әкесі, репрессияға ұшырап, 1937 жылы қаза тауып, оның отбасындағылардың бәрі жер аударылады).

  1962 жылы хрущевтық жылымықтан кейін Мәскеуге Герман Федеративтік Республикасынан Генрих Белль, Рудольф Хагельштанг, Рихард Герлах деген немістің атақты жазушылары келеді. Кітапханаларда, мектептерде, мәдени мекемелерде кездесулер өткізіледі. Әңгіме барысында олар Кеңес Одағындағы оқырмандардың Франц Кафка сынды жазушының шығармашылығымен таныс емес екендіктерін естіп, ауыздарын ашып, таңғалады. 1963 жылы Чехославакияда Кафканың шығармашылығына арналған халықаралық конференция ұйымдастырылады. Арнайы шақыру алғанымен, бұл конференцияға Кеңес Одағынан бірде-бір адам бармайды.  Сол жылы Ленинград қаласында қазіргі заманғы роман тақырыбына байланысты әлемнің үлкен жазушыларының басқосуы өтеді. Оған Роже Кайюа, Жан Поль Сартр, Натали Саррот, Ален Роб-Грий сынды француз, Ганс Магнус Энценсбергер,  Ганс Вернер Рихтер сынды неміс, Джанкарло Вигорелли секілді италияндық жазушылар қатысады. Олардың бәрі де Джойс, Кафка, Пруст сынды әлемдік әдебиетте үлкен төңкеріс жасаған әйгілі жазушыларға байланысты Кеңес Одағында қалыптасқан біржақты көзқарасты қатты сынға алады. Өз сөзінде әйгілі жазушы Жан Поль Сартр «Бұл жазушыларды декаденттердің қатарына жатқызғандармен әңгімелескенімде, олардың шығармаларын оқымағандығына көз жеткіздім» деген болатын. Алайда Әлем әдебиеті институтының директоры Иван Анисимов: «Кафка мен Джойстың қалыптастырған дәстүрін біз қабылдай алмаймыз» деп, олардың шығармаларының Кеңес Одағында басылып шығуына үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Оның пікірін сол кездегі Жазушылар Одағының хатшысы Константин Федин де қолдайды.

  Кеңестік идеология мойындағысы келмегенімен, Батыстың жазушылары Кафканың туындыларынан алтын ойдың кенішін тауып, оның шығармашылығын зерделеу арқылы жаңаша жазудың үлгісін қалыптастырған прозаиктер дүниеге келді.

Солардың бірі, экзистенциалист жазушы Альбер Камюдың айтуынша, Кафка өнерінің басты ерекшелігі шығарманы қайта-қайта оқуға мәжбүр қылатын құдіреттілігінде жатыр. «Кейде бір мәселені екі түрлі қырынан түсінуге болатындықтан, шығарманы қайта оқуға тура келеді. Автордың шығарма жазудағы көздеген мақсаттарының бірі де осы» дейді, ол. (Альбер Камю «Көтерілісшіл адам» (Бунтующий человек) 90-бет. Мәскеу, «Республика» баспасы)

Жазушы Хорхе Луис Борхес те Кафканың туындыларында екі түрлі ой ағысының бар екенін атап өтеді. «Олардың біреуі – бағыныштылық, екіншісі – шексіздік. Жазушы шығармаларының бәрінде де иерархия суреттеледі және ылғи да оның билігі шексіз келеді». (Хорхе Луис Борхес, төрт томдық шығармалар жинағы, 3-том, 406-бет. Петербор, «Амфора» баспасы)  

  Батыстың жазушылары мен әдебиеттанушылары Кафканың шығармашылық ерекшелігін түсіндіруге бар күшін салса да, Кеңес Одағының идеологтары оның туындыларына әзірейіл көргендей үрке қарады.  Кафканың шығармашылығын зерттеу барысында, өз бетімше ізденіп, мұның себебі неліктен деген сауалдың жауабын табуға тырысып көрдім. Расында да  Кафканың шығармаларындағы айтқан ойлары кеңестік жүйеге қауіп туғызды ма екен? Туғызғанда қандай! 

Біріншіден – социалистік реализм деген жасанды концепцияны ойлап тауып, жалған моральға арқа сүйеген кеңес жазушылары Кафканы қабылдай алмады. Екіншіден – Кафканың шығармаларымен танысқан оқырманға бұрын-соңды түсінікті болып келген кеңестік өлшем қалыптастырған дүниелерді жаңаша пайымдап, қайтадан ой елегінен өткізуіне тура келер еді.  Үшіншіден – расында да жазушының шығармаларындағы айтқан ойлары Кеңестік идеологияны жоққа шығаратын. Кафка ащы шындық арқылы жалған моральдың сайқал табиғатын әшкереледі.

Міне, сондықтан да 1982 жылы Кафканың «Әкеме хат» атты шығармасы бойынша Мәскеудің көркем театры әзірлеген қойылымы кеңестік цензураның сүзгісінен өтпей, оның көрсетілуіне тыйым салынған-тын.  

  «Әкеме хатты» қайта-қайта оқығаннан кейін барып қана мен жазушының әңгімелері мен романдарындағы айтылатын ойларының негізгі дәнегінің осы бір хаттың астарында бұғып жатқанын түсінгендей болдым. Егер бұл хатпен таныс болмасаңыз, Кафканың ғажайып туындыларын білемін деп, мақтанбай-ақ қойыңыз. Бәрібір сіз ештеңе түсінген жоқсыз. Ой-түйсігіңіз бірдеңені сезген күннің өзінде де, айсбергтің бергі жағын ғана көріп қайтты.

  Кафка сталинизм дәуіріндегі миллиондаған адамдардың тағдырын тәлкек қылған репрессияны да, қоғамның санасын тоқыратқан тоталитаризмді де көрген жоқ. Бірақ Кафка осылардың бәрін де өз шығармаларында көрегендікпен жазды. Жазушы өмірден өткеннен кейін ондаған жылдардан соң Кафканың туындыларындағы суреттелген зұлымдықтар тарихта айна-қатесіз қайталанды. Дегенмен, келешекте әлемнің қанын судай ағызатын осындай сұмдықтардың болатындығын сезінуіне жазушыға қандай жағдайлар әсер етті екен? Қандай? 

Келісу немесе келіспеу шарт емес. Бірақ біздің пайымдауымызша,  дүниенің санасын сайтан билеп бара жатқанын түсініп, келер ұрпақтың көзқарасымен санасқысы келмейтін әкелердің қолындағы шексіз биліктің қоғамды қасіретке малшындырып, айықпас дертке душар ететінін жан-тәнімен сезінуі Кафкаға осындай шығармалар жазғызды. Әкесіне жазған хатында осы шындық Кафканың кіршіксіз таза жүрегінен ащы запыран болып ақтарылады: 

«Сен өзіңнің шектен шыққан билігің туралы ойланған емессің. Әрине менің сөздерім де кейде сенің намысыңа тиетін, алайда мұндай жағдайда мен қатты қайғыратынмын, өзімді-өзім ұстай алмай, қапелімде аузымнан шығып кеткен сөздерім үшін өкінетінмін. Сен болсаң өз сөзіңмен ешкімді аямай ұратынсың, сол кезде де, кейін де сенің алдыңда  мен өзімді дәрменсіз сезінетінмін.

   Айғаймен ғана шектелмей сен ылғи да мені қорқытуға тырысатынсың. «Мен сенің быт-шытыңды шығарамын» деп, зекіген кезіңде ештеңе болмайтынын біле тұрсам да күндердің-күнінде айтқаныңды істейсің бе деп ойлап, сенен қатты үрейленетінмін.  Сен емес, ылғи тек мен ғана бәріне кінәлі болып шығатынмын.» (Франц Кафка «Өсиет» (Завещание) Петербор қаласы,  Азбука классика, баспа үйі, 264-бет)

Әкелер қалыптастырған жалған мораль салтанат құруы үшін ақиқаттан аттап кетуге болмайтынын Кафка мейлінше терең түсінді. Жұрттың бәрі қаймығып жүрген шындықтың бетіне жазушы тура қарады. Жалған моральдың шексіз үстемдігі зұлымдықты туғызады екен. Ылғи тек әкелереміздің айтқанымен жүріп, солар секілді ғана ойлаудың, әлемнің санасын тоқыратып, қасіретке әкеле жатқанын  алғаш сезінген жазушы да Кафка болды.

Жалғасы бар... 

Оқи отырыңыз: 

1. Кафканың үйі

2. Кафканың үйі

Тегтер: