Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:02

Қақпағы кеткен қазан немесе қақпақылға түскен қария

Сарыкемер
Фото: ашық дереккөз

Арыз арқалаған қария

– Шырағым, шындық іздеп жүрген адаммын, – деді Байзақ ауданы Мәдімар ауылынан ат арытып, арнайы іздеп келген Кеңесбек қария. – Іздеп жүрген жоғым туралы облыс әкіміне, облыс прокурорына, аудан әкіміне, әйтеуір, «шындықты табуыма, әділдіктің салтанат құруына ықпал жасап, көмектесер-ау» дегендердің бәріне жаздым. Ешқайсысынан қанағаттанарлықтай, көңіл көншітерліктей жауап болмады. Барлығы да бір-біріне сілтеу. Жазғандарыңды оқып жүрмін.

Қарт көңілін қимай, арызымен таныстым. Арыз иесі К.Нұридинов кеңестік кезеңдегі Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы Қазанның 40 жылдығы атындағы колхозда өткен ғасырдың 70-жылдары пайдалануға берілген 1 200 сауын сиырына арналған тауарлы-сүт фермасының, машина-трактор шеберханасының, қырманның, құрылыс цехының, тағы басқа нысандардың тоз-тозы шығып, жарамсызданғанына, кейбірінің тамтығы да қалмағанына жаны ауырып, солар адамдар игілігіне қызмет етсе ғой деп армандап жүр екен.

Бір жағынан қарияның жанайқайын түсінуге де болады. Бірақ К.Нұридинов заман өзгергенін, қоғам өзгергенін, жүйе социалистіктен капиталистікке айналғанын, шаруашылық жүргізудің әдісі кеңестік жоспарлы экономикадан нарыққа көшкенін, билік қолдан қолға өткенін, қиын кезеңде дүниенің қиюы қашқанын ескергісі келмейтін сияқты.

«Өнбейтін дауды өспейтін адам қуады» деген, сіз жоқтап жүрген дүние-мүлік баяғыда-ақ «әллу» болған. Енді ештеңе де қалпына келе қоюы қиын» деп түсіндіріп те көрдім.

– Мен оны түсінбейтін бала емеспін. Бәле қуған бәле де емеспін, – деді қария. – Еліміздің егемендігін баянды етіп, ұлы көштің ауып бара жатқан жүгін түзетуге тырысудың орнына, өтпелі кезеңдегі қиындықтарды өз қарақан бастарына пайдаланып, халық қазынасын, ел игілігін талан-таражға салғандарына ішім ашиды. Нағыз «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері. Мен ауылдастарымның байлығын жеген жергілікті жемқорлардың лайықты жазаланғандарын қалаймын, – деді.

Колхоздан кооперативке

Қария әңгімесін жалғады.

– Шаруашылықты жекешелендіру, агроқұрылымды қайта құру жиналысы өткен 1997 жылдың ақпанына дейін бұрынғы бастық Сайлау Жаманбаев қанша малды, дүние-мүлікті айырбасқа салғаны бір Құдайға аян. Оны сіз де, біз де, ешкім де білмейді. Осы жиналыстан кейін өзіне жақтас, мүдделес елу шақты отбасын барлық үлестерімен қоса бөліп алып, бөлек отау тігіп шыға келді. «Қазанның 40 жылдығы атындағы колхоз» деген атауы тарих қойнауына кетіп, «Ынтымақ» өндірістік кооперативі құрылды. Осы ауылдың тумасы Өмірбек Жүсіпбеков төрағасы болды.

Өмірбек Жүсіпбеков кім? Ол – осы шаруашылықта бас инженер, партком хатшысы сияқты лауазымды қызметтер атқарған адам. Шаруашылық басшысы баламалы негізде сайланған жиналыста асығы алшысынан түсті. Жерлестері жаңа агроқұрылымның екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстатқаннан кейін жұмысқа білек сыбана кіріскен Өмірбек Жүсіпбеков алдындағы бастықтан асып кете алған жоқ бірақ. Ол да сол сүрлеуге түскен.

Содан «Ынтымақтың» көсегесін көгертем деп тер төккен Өмірбек Жүсіпбеков өндірістік кооперативті 1997-2004 жылдар аралығында басқарып, тірлікті түзу жолға қоя алмады ма, әлде шаруашылықта «жейтін» түк қалмады ма, әлде шаршады ма, әлде орынтақтан үміттілер түртпектеп шаршатты ма, әйтеуір, 2004 жылы шаруашылық тізгінін Мейірбек Ноғаевқа тапсырады.

Мейірбек те – осы ауылдың тумасы. Жастайынан колхоздың ыстығына күйіп, суығына тоңып ысылған, бұзаушылықтан ферма меңгерушілігіне дейінгі жолдан өткен пысық жігіт.

Өмірбек құрқол кеткен жоқ. Шаруашылыққа сіңірген елеулі еңбегі үшін өндірістік кооперативтен 9,2 гектар суармалы, 17,7 гектар тәлімі, 36 гектар шабындық жерді еншілеп, бір «УАЗ-469» автокөлігін тақымға басып кетті.

Бұл айыптау ауызша еді. Мен Өмірбек Жүсіпбековтің өзіне де хабарласып көрдім.

Өмірбек Жүсіпбеков құжаттарды өртеп жіберген

– Сіздер Қазанның 40 жылдығы атындағы колхозды таратып, «Ынтымақ» өндірістік кооперативінің жұмысын бастап кеткенде шаруашылықтың қанша дүние-мүлкі бар екен? Онда қанша адамның үлесі бар еді?

– «Ынтымақ» ӨК еншісінде 1 300 гектардай суармалы, 3 500 гектардай тәліми жер, 350-370 бастай сиыр, шамалы техника қалған. Тауарлы-сүт фермасы, 1 сүт таситын машина, 1 автобус болды. Сол кездің өзінде-ақ жарамды заттардың біразы сатылып кеткен. Мысалы, сүт салқындататын құрылғы.

Егіншілікте 1 000 гектардай ақ егіс, 250 гектардай қант қызылшасы алқабы, 300 гектардай жоңышқа, 200 гектардай жүгері, 100 гектардай көкөніс болатын. Мал шаруашылығында 5 отар, яғни 2 500 бастай қой, отыз шақты жылқы, 300 бастай (байқайсыз ба, Өмекең бір жерде 350-370, енді бір сөзінде 300 бастай дейді) сиыр бар екен.

– Мақұл делік, сіз біраз цифрларды айттыңыз. Бірақ барлығы да шамамен. Сонда шаруашылықты қабылдап алу-өткізу актісі жасалған жоқ па?

– Ондай құжаттардың біразы болған. Есепсіз дүние жоқ, шаруашылықтың шыққан шығыстары мен кірген кірістері – бәрі-бәрі сонда еді. Мен ол құжаттарды соңғы күндерге дейін сақтап келдім де, осыдан 10 күн бұрын «енді ешкімге керегі бола қоймас» деп өртеп жібердім.

Оның қолда бар құжаттарын өртеп жібергенінің өзі-ақ күмән туғызғандай. «Құжаттар сөйлеп қоя берсе, құпиям ашылып қала ма?» деп сақтанғаны ма, қалай? Әйтеуір, Өмірбектің осы әрекетінде бір сыр бар. Өртегіш болса, журналист хабарласқанға дейін қайда қалған?

Ойда осындай күмәнді сұрақ көп. Өйткені Өмірбек қана емес, одан кейін бастық болған Мейірбек Ноғаев іскерлігімен көзге түсіп, ауылдық округ әкімі қызметіне тағайындалып кеткеннен кейін шаруашылық тізгінін қолға алған Еркін Сандыбаев та басшылық ауысқан кезде түзілуге тиіс қабылдап алу-өткізу актісі туралы сұрағанымызда ондай құжат туралы білмейтін болып шықты.

Айтпақшы, соңғы мұрагер Еркін Сандыбаевтан «Ондай құжат болса, болған шығар. Қазір қайда екенін білмеймін» деген екіұшты жауап алғанбыз. Іздеуге ерінетін сияқты ма, қалай өзі?

Ал Мейірбек Ноғаев болса: «Мен сізге қолымдағы құжаттарды түгел апарып бергенмін. Неменеге қазбалап сұрай бересіз?! Жиырма жылдан кейін ойда не қалды дейсіз?!» деген ренішін білдірген соң, қайта сұрауға батпай қалдық. Тіпті кірпияз әкімнен кешірім сұрадық, осы әрекетімізге. Біз бұл жерде Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сүйеніп қойған едік сұрақты. Осы Заңның 20-бабында: «Журналистің ақпаратты іздестіруді жүзеге асыруға, сұрауға және таратуға құқығы бар» делінген.

Олар жалпы жиналыста бастық болып сайланып алған соң, тиісті қабылдау-өткізу актісінің жоқтығына қарамастан, биліктің бишігі қолға тигенін қанағат тұтып, жұмысты әрі қарай жалғастыра берген болып шығады ғой әйтеуір, біз ондай құжатқа қол жеткізе алмадық. Міне, нағыз сұраусыз дүние!

Жалғыз сұраушысы ардагер Кеңесбек Нұридинов қана. Соншама індетіп іздейтіндей, барлық сатыдағы басшылыққа шағымданатындай кімнің жоғын жоқтап, кімнің жыртысын жыртып жүр екен ақсақал!

Биліктен келген жауаптар

– Кеңесбек Нуридиновтің бұл туралы аудан әкімінен бастап жазбаған жері жоқ. Облыстың прокуроры, облыс әкімі – бәрі-бәріне жазған. Солардан тиісті жауаптар алған да. Егер мен кінәлі болсам, олар менің басымнан сипамас еді ғой. Тек, сіз ғана К.Нуридиновтің айтуымен артымызға түсіп алған! – деп қатқылдау жауап қайырды М.Ноғаев мырза телефон арқылы соңғы хабарласқанымызда.

Біз екінші тараптың бекер күйіп кетпеуін ескеріп, тиісті орындардан арызданушыға қайтарылған жауаптардың қолда барын саралап көргенбіз.

Бірінші ресми жауап 2016 жылдың 15 қарашасында Байзақ ауданының сол кездегі әкімі М.Шүкеевтен келген.

Жауапты толық талдап жатпай-ақ қояйық, әңгіме «бәрі ойдағыдайға» сайып келіп, «Сондықтан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабының тармақтарында көрсетілген теріс қылықтардың орын алмауына байланысты Ынтымақ ауылдық округінің әкімі М.Ноғаевты қызметінен босатуға негіз жоқ екенін хабарлаймын» деген сөйлеммен аяқтапты жауапты. Біз үтір, нүктесіне дейін тура көшіріп беріп отырмыз.

Біздің қолымыздағы келесі жауап хатқа облыс прокурорының орынбасары Н.Ұласбекұлы 2023 жылдың 14 тамызында қол қойыпты.

Бірінші данасы Жамбыл облысы әкімдігіне, көшірмесі К.Нуридиновке жолданған. Хатта:

«Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 65-бабы 1-бөлігінің сәйкес, мәні бойынша қарау үшін К.Нуридиновтің жолданымы жіберіледі.

Қарау нәтижелері туралы жолданым иесіне заңмен белгіленген мерзімде хабарлауды сұраймын», – депті. Бұл сөйлемдер де жауап хаттан сөзбе-сөз көшіріп алынған.

Артынша, 2023 жылдың 18 тамызында Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Б.Сағынбековтен келген жауап хат арыз иесінің өзін кінәлағандай сипатта. Оқып көрейік.

«Сіздің 16.08.2023 жылы берген тіркеу нөмірі №ЖТ-2023-01557039 жолданымыңыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 63-бабының 2-бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейді.

Онда мынадай деректер көрсетілмеген немесе дұрыс көрсетілмеген:

1) жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған жағдайда), пошталық мекенжайы;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік ресми-процестік кодексінің 64-бабының 6-бөлігіне сәйкес сізге аталған кемшіліктерді жою және 24.08.2023 жылы сағат 09.00-ге дейінгі мерзімде пысықталған жолдамаңызды әкімшілік органға қайтару қажет.

Кемшіліктер жойылмаған жағдайда, өтініш Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 64-бабының 7-бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсім тоқтатыла отырып, қайтарылатын болады».

Сіздердің не түсінгендеріңізді қайдам, біздің түсінгеніміз – «арызыңды дұрыстап жаз» деген ақыл айту. Ал К.Нуридиновтің негізгі шағымы туралы ләм-мим сөз жоқ.

Ендігі сөз соңғы хат алмасулар хақында. К.Нуридиновтің соңғы хаты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке 2024 жылдың 9 қаңтарында жазылыпты. Онда да сол баяғы ескі жыр.

«Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары пайдалануға берілген 1 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының ғимараттары қаңырап бос тұр. Оны 2009 жылға дейін М.Ноғаев жеке бас пайдасына жаратты.

Осы кешенді жөндеп іске қосса, 150-200 сауын сиыр ұстап, қажетті сүт қорын жасауға болар еді, біршама жұмыс орны ашылар еді, ауыл аумағында бұрыннан бар 5-6 артезиан құдық пайдалануға берілсе, тұрғындардың аула шаруашылығын дамытуға болар еді» деген сияқты мәселелер.

Әлбетте, облыс әкімдігі ол шағымды аудандық әкімдікке, аудан әкімінің орынбасары Б.Сағынбеков Ынтымақ ауылдық округінің әкімі М.Ноғаевқа жолдаған. Бұл – 2024 жылдың 11 қаңтары.

Әлқисса, 2024 жылдың 22 қаңтарында өткізілген «Ынтымақ ауылдық округі әкімі аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тыңдау (жиналыс дегені болуы керек) хаттамасында» былай деп жазылған:

«Ынтымақ-2004» шаруа қожалығының төрағасы Е.Сандыбаев Мәдімар ауылындағы тауарлы-сүт фермасының жай-күйі туралы жазбаша түсінік берді. Ауылдағы иесіз тұрған 7 ұңғыма қазіргі уақытта сот шешімімен ауылдық округ әкімшілігінің теңгеріміне берілді. Мемлекеттік актісі мен техникалық құжат жасалынды. Алдағы уақытта бюджеттен қаржы қарастырып, іске қосу жоспарланып отыр».

Енді К.Нуридиновтің өтінішіне негізгі арқау болған тауарлы-сүт фермасының жайына келейік. Ол туралы «Ынтымақ-2004» ШҚ жетекшісі Е.Сандыбаевтың төмендегі мәтінде түсініктемесі бар.

«9.01.2024 жылғы К.Нуридиновтің Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеевке жазған өтініші бойынша

1. «Ынтымақ-2004» шаруа қожалығының иелігінде тұрған тауарлы-сүт фермасы, техника жөндеу шеберханасы және қырман. Сүт фермасына 23 сәуір 2012 жылы №165 аудан әкімінің қаулысымен 49 жылға 11,0161 гектар жер учаскесіне пайдалану құқығы берілді. Барлық құжаттары рәсімделген. «Ынтымақ-2004» ШҚ меншігінде.

2. Трактор жөндеу шеберханасы да аудан әкімдігі жанындағы жер мәселесі жөніндегі комиссияның 2012 жылғы 20 сәуірдегі №08-599 қорытындысына сәйкес 1,6056 гектар жер учаскесін 49 жылға пайдалануға құқық берілді. Барлық құжаттары рәсімделген. «Ынтымақ-2004» шаруа қожалығы меншігінде. Тауарлы-сүт фермасы – 1970 жылдары пайдалануға берілген ескі ғимарат. 2012 жылы құжаттарын рәсімдегенде ферманың техпаспортында табиғи тозу (износ) 60% деп берді. Трактор жөндеу шеберханасының жағдайы да сондай болатын. Тауарлы-сүт фермасына және гаражға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, алдағы уақытта қаржы қарастырып, іске қосу жоспарымызда бар.

Осы тауарлы-сүт фермасындағы 1 баз мал бордақылауға 2017-2018 жылдары 1 жыл жеке тұлға И.Қуанышев деген азаматқа берілді. Қазіргі уақытта 2018 жылдан бері бос тұр. Ауыл тұрғыны Д.Омарқұлов нысанға қарауыл болып, өзінің аздаған жеке малын ұстап отыр және шаруа қожалығының қыстық шөбі жиналуда. Бұл нысанға ауылдық округ әкімі М.Ноғаев иелік ете алмайды. Мал бордақылауға пайдаланып отырған жоқ және өтініш те жазбаған. Контора, ұрықтандыру үйі орнында тұр, тозығы жетіп, істен шыққан. Кейбір құрылыс нысандары 2009 жылға дейін бұзылып кеткен».

Сайда саны, құмда ізі жоқ мекеме

Бұл жауаптарға К.Нұридинов қанағаттанбай, маған өтініш айтты. Біз де өзімізге мәлім болған жайларды осы мақаланың өн бойында баяндадық. Осы журналистік зерттеудің әр жер, әр жерінде «сұраусыз дүние» деуіміздің мынадай себебі бар.

Біз Қазанның 40 жылдығы атындағы колхоз туралы мұрағаттардан сұранысымызға жауап беретіндей құжаттар таппағанымызды айтқан едік қой. Ол бер жағы екен. «Тәшкенде бір әпкем бар, менен өткен сорақы» дегендей, Қазанның 40 жылдығы атындағы колхоздың да, оның заңды мұрагерлері – «Ынтымақ» өндірістік кооперативінің де, «Ынтымақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де, «Ынтымақ-2004» шаруа қожалығының да тіркелуі туралы құжат (куәлік) таппай тағы да таңғалдық.

Бұл туралы облыстық әділет департаментіне қайырылғанбыз. Осы мекеме басшысының орынбасары Д.Дайрабаевтан: «...Коммерциялық заңды тұлғаларды тіркеу функциялары әділет органдарынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілгенін хабарлаймыз. Осыған байланысты, коммерциялық заңды тұлғаларға қатысты сұрақтармен «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалына жүгіну қажет» деген мәтінде жауап алған соң, ол сілтеген мекемеге барғанбыз. Д.Дайрабаевтың бізге жіберген жауап-хаты онда да жеткен екен, мекеменің бөлім басшысы Р.Оман тиісті жауапты дайындап та қойыпты. «Октябрьдің 40 жылдығы колхозының агроқұрылымы, «Ынтымақ-2004» өндірістік кооперативі «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер қорының бизнес сәйкестендіру нөмірінің Ұлттық реестрінде тіркелмегендігін хабарлайды», – деп, тайға таңба басқандай жазылған. Мәссаған, біз бір ферманы жоқтап жүрсек, бүтін бір шаруашылықтардың сайда саны, құмда ізі жоқ болып шыққанына таңданбақ түгілі – талып түседі ғой адам.

«Өнбейтін дауды өспейтін адам қуады», бұл өзі баяғыда болары болып, бояуы сіңіп кеткен дүние ғой» деп жауырды жаба тоқи салуға да болар.

Бірақ біз судың да сұрауы бар екенін айтып, Жаңа Қазақстанды жасау жолында жасампаздықпен жұмыс істеп жатқан жас толқын өткеннің қателігін қайталамаса екен деген тілектеміз.

Әңгіме талай ғасыр өткен тарих туралы емес, ары кеткенде 30-40 жыл бұрын болған оқиғалар туралы ғой.

Болат ЖАППАРҰЛЫ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жамбыл облысы

Тегтер: