Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:31, 07 Ақпан 2024

Қақтығыстан кейінгі Ресейдің болашағы қалай болмақ – 5 түрлі сценарий айтылды

Ресей болашағы
Фото: из открытых источников

Ресейдің 2022 жылдың ақпанында Украинаға жаппай басып кіруі Батыстың Ресейге қатысты көптеген дәстүрлі жорамалдарына күмән келтірді. Әлем Ресейді қалай жақсырақ түсіне алады? Батыстың алдағы қадамдары қандай болмақ?

2030 жылғы Ресейді елестетіп көріңізші. Ол бүгінгі империялық клептократияға ұқсай ма? Бұл батыстық үлгідегі демократия бола ма? Ресей Федерациясы мүлдем бола ма? Ресейдің Украинаға себепсіз басып кіруі әлі де жалғасып жатқандықтан, алдағы уақытта не болады деген сұрақтар бұрынғыдан да өзекті болып тұр.

Осындай халықаралық мәселелер талқыланатын «Атлантикалық кеңесте» Ресейдің саяси режиміне қатысты бес түрлі болжам айтылған баяндама таныстырылды. Оны зерттеуші, Combating Kleptocracy Program, Human Rights Foundation өкілі Кейси Мишел жазған.  Баяндамада Ресей Украинаға соғыс ашу арқылы әлемдік жүйеге нұқсан келтіргені айтылған. 5 болжам тікелей Путиннің билігі мен биліктен кетуі, жаңа үкіметтің билікке келуі секілді тақырыптар төңірегінде қамтылған.  

Бірінші сценарий бойынша, баяндама авторы жақын аралықта Путин режимі ауыспайды дейді. Ресейдегі қазіргі режим өз жалғасын табады және сыртқы-ішкі саясатта айтарлықтай өзгеріс жасамайды.

Екінші сценарий бойынша, режимді күшпен ауыстырып, Ресей билігінде ұлтшыл диктатура орнауы мүмкін. «Сәл кеңірек қарайтын болсақ, онда Евгений Пригожин бүлігіне ұқсас сценарий қайталануы бек мүмкін. Ұлтшылдар арасында соғыстың әлі нәтиже бермегені, әлеуметтік жағдайдың нашарлауы мен ұрыс даласындағы адам және техника шығынының үздіксіз артуына қатысты наразылық күшеюде. Бұл әдетте революциялық көңіл-күйді туындатады», - дейді баяндама авторы.

Үшінші сценарий, «режимді күшпен құлату мүмкін деп санайды, алайда бұл жолы билікке ұлтшылдар емес, технократтық басқаруды ойластырған азаматтар келеді. «Олар Ресейдің агрессиялық саясатын айыптамайды, алайда Украинадағы сәтсіздікті мойындап, Батыспен келісімге келуге тырысады. Соғысқа дейінгі статус-квоға оралуды қалап, ол үшін санкцияны алып тастауды сұрайды. Мен бұл сценарийден қорқамын, себебі Батыс тағы да Ресей өзгерді деп ойлауы мүмкін. Батыс саясаткерлері тағы да ондаған жылдар бойы жіберген қателік жолына түсіп, Ресеймен әріптестікті құп көруі ықтимал», - дейді Кейси Мишел.

Төртінші сценарий, ол Ресейдің демократиялық бағытқа түсуі. Алайда автор бұл қазіргі таңда мүмкін емес деп санайды және бұл сценарийді болашаққа қалдыру керектігін айтуда. «Ресей империялық арманын ұмытып, әлемдегі жағдайға шынайы қарайтын болса, онда ол демократиялық өзгерістерге ашық болар еді» дейді зерттеуші.

Бесінші сценарий, ол Ресейдегі азамат соғысының болуы, мемлекеттік құрылымның бұзылуы. «Қазіргі сәтте дәл осы сценарий іске асуына не себеп болуы мүмкін дегенді айту қиын. Мүмкін ол Шешенстандағы Қадыровтың өлімі мен үшінші Шешен соғысының басталуы болуы ықтимал. Мүмкін ол Башқұртстан, Татарстан және Сақал еліндегі Путин режиміне қарсы дүмпулерден басталып кетуі ықтимал. Бәлки әлеуметтік жағдай осыған әкелуі ғажап емес», - дейді автор.

Мишелдің 5 сценарийінен ішінен сарапшылар жүзеге асуы мүмкінін таңдады. Олар «қазіргі сәтте бірінші сценарий іске асып, Путин сыртқы саясатта агрессиялық бағытты, ал ішкі саясатта репрессивті бағытты ұстанады» деп топшылады.