Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:20

Қалам ұшындағы иірім (Жақсылық Сәмитұлы шығармашылығы туралы)

Жақсылық Сәмитұлы
Фото: ашық дереккөз

Ол әдебиетке енді әуестене бастаған өскін кезінде бұлақ заманға тап болды, бұғанасы бекімей жатып тұтас Қытайды шарпыған «Мәдени революцияның» қара құйынына ілікті. Жиырма жылға жуық өмірін түрлі жаза лагерьлерінде өткізді.

 Тірідей тозақ отына түсті, қызыл белсенділердің мазағына айналды. Бірақ сынбады, жасымады. Оны жазуға деген үміті мен қаламға деген серті талайдың жанын жалмаған зұлматтан аман алып шыққандай. Ол әбден жігіт ағасы болған қырық жасында толық ақталып, қаламын қолына алды. Туған топырағында он шақты жыл өнімді, тынымсыз еңбек етті. Кейін атажұрты Қазақстанға түпкілікті қоныс аударды. Жазуы да жаңаша өріс тапты. Осыдан кейінгі 15 жылға жуық өмірін қамсыз, еркін, ешқандай шектеусіз жазуға арнады.

Соңғы демі үзілгенше қаламға қарысып отырып, Тәңірі аманат­таған жазуды таңбалауға тырысты. Биыл көрнекті жазушы Жақсылық Сәмитұлының туғанына 85 жыл толып отыр.
Ж.Сәмитұлының қаламынан туған ұлттық пішіндегі «Қаһарлы Алтай» трилогиясы, «Алтын қазық», «Қаріптер» секілді повестері шеттегі қазақтардың тағдырын жоқтаған, тарихын түгендеген, империя қарамағындағы қазақтардың күресін, ерлігін, жан күйзелісін терең сипаттаған шығармалар. Сондай-ақ Ж.Сәмитұлы әңгіме жанрының да шебері. Оның әңгімелеріндегі кейіпкер тағдырынан тұтас заманның болмысы білініп тұрады. Әсіресе «Мәдени революция» секілді дойыр саясаттың адам жанына салған жарасы түрлі кейіпкерлердің іс-әрекеті, кешкен тағдыры арқылы терең пайымдалады.


Ж.Сәмитұлының шығармаларының көбі бірінші жақпен баян­далады. Бұл, әрине, әлем әдебиетінде орныққан тәсіл, сондай-ақ жазушының қолайына жағатын, ыңғайлы әдіс болса керек. Себебі өзі куә болған, көңіліне түйген, басынан кешкен жағдайларды, жүрегін сыздатқан, жанын ауыртқан алас-күлес көңіл күйді бірінші жақпен жазғанда тынысы кеңіп, қолтығы жазылып, ширата түсетін болса керек. Сондай әңгімелердің бірі «Қамашпен қайта кездесу» деп аталады.

 
Әңгіме кейіпкері Ақан, Үрімжіде, тергеу мекемесінде жұмыс істейтін қызметкер. «Мәдени революцияның» дауылы басылған соң, нақақ жала жабылған азаматтардың ісін қайта қарайтын бөлімде жұмыс істейді. Бірде ол шаң басқан, жертөледе көміліп қалған қалың істердің арасында университетте бірге оқыған Қамаш есімді қыздың ісін тауып алады. Сөйтіп Ақан бұл жұмысты қолға алып, Қамашты толық ақтау үшін онымен жолығу мақсатында жолға шығады.
Қамашпен қайта жолығатынын ойлағанда Ақанның көңілі аспандай түседі, жастық кезі, қамсыз, мұңсыз, білімге бас қойған студенттік шағы бірге өткен Қамашты көруге асығады. Бозбала шағында көңіліне орнап қалған оның сұлу келбетін қайыра есіне алады. «Қамаш талдырмаш, қыпша бел, келіскен қыз еді. Қыз емес-ау, тіпті жұлдыз еді. Үлкен қара көздері төңкеріле, жанарынан жай оғы ұшып түскенде ұзын кірпіктері жүрегіңе қанжарша қадалатын. Үңіле қарасаң, көз аясында мәңгі орнап қалған күн сәулесінің жап-жарқын бір үзік бөлшегі бардай сезілетін. Ал күлкісі қандай тәтті еді десеңші! Оның табиғатында өзіне ғана тән, жарасымды бір наз күлкісі болушы еді».

Ақан Көкжүректегі Қамаштың үйіне жеткенше небір қиялға ерік береді. Студент кезінде жігіт біткеннің жүрегіне от тастаған, көңілін ынтықтырған Қамаштың қандай келіншек болғанын ойша межелеп: «өңі таймаған қараторы қазақы келіншек, алдымнан шығып атымды ұстайтын шығар» деп желпінеді. Сөйтіп алып-ұшып Көкжүрекке де жетеді. «Қамаштікі мынау» деп нұсқаған үйге кіріп келгенімде, менің бірінші рет амандасқаным кәнтиген, арық қара кемпір болды. Жуан жолды, өңі түскен барқыт мешпетінің жеңін шынтағынан жоғары түріп алып, ұн илеп жатыр екен». Қара кемпір жұмысын тоқтатпаған күйі жеті-сегіз жасар қызына қонаққа арнап төрге сырмақ салуды бұйырады, қыз бұрышта сүйеулі тұрған сырмақты сүйреп әкеліп, ортаға тастай салады. Шаң бұрқ ете түседі. Мына бір жүдеу адамдардың сылбыр тірлігі, күңгірт үй іші, шаң басқан кішкентай терезеден сыздықтап төгілген болымсыз жарық Ақанның көңіліне қаяу түсіргенімен, артық ештеңе ойламайды. Содан «бейтаныс үйге кіріп кеткен жоқпын ба» деп күдіктенген Ақан «Абдолланың үйі осы ма?» деп нақтылап сұрайды. Кемпір «осы» деп қысқа қайырады. Енді Ақан «бұл әлде Қамаштың енесінің үйі ме екен? Өз отауы бөлек болды ғой» деп өзін жұбатады. Бұдан соң да Ақан сөйлегенде «түбірі ғана қалған екі мұжық тісінің арасынан қып-қызыл тілі жылтың-жылтың ететін», «түріне кісі қараса, көлденең шимайлаған көп әжімдері қабағын шытыған сайын маңдайын бейне бір күйіп, бырысып қалған теріге ұқсайтын, еті босаған жақ сүйегі шодырайыпты да, иегін онан ары үшкірейте түскендей. Азу тістерінің жоқтығын дәлелдегендей, екі ұрты да ішіне кіріп, шұп-шұңқыр болып тұрған» үй иесімен жарытып әңгімелесе қоймайды. Арагідік «шүңіректеу көз ұясынан жып-жылы бір мейірбан нұр төккен қара көздері ғана әлсін-әлі көп кідіріп қарап барып, тез тайқап жасқанып кеткенде» өн бойынан ілікке татитын осы екен-ау, деген ойға шомады. Бейтаныс кемпірмен арбасып, Қамашты күте-күте жалыға бастаған Ақан бір кезде одан: «Шешей, балаларыңыз түскі шайға үйге қайтушы ма еді?» деп сұрайды, алайда сұрағына еш жауап болмайды. Сөйтіп не істерін білмей дағдарып отырғанда сырттан қырықтар шамасындағы қырма сақал қара жігіт кіреді. Осыдан соң дастарқан жайылып, шай құйылады, жөн сұраса келе сырттан келген кісінің Қамаштың күйеуі Абдолла екені белгілі болады. Ақан өзінің Үрімжіден арнайы келгенін, ұзақ жылдың алдында нақақ жала жабылған ­Қамаштың ісін қайта қарайтынын, мүмкін болса оны ақтайтынын айтады. Сөйте отырып, сөз арасында Қамашты ұзақ күткенін, үйдегі кемпірмен әңгімесі онша жараспағанын да жеткізеді. 

Дәл сол кезде Абдолла сәл сазарып отырады да, аяқасты қарқылдап күле жөнеледі, бұған балалары мен қызыл иегін тістеніп алған кемпір де қосылады. Ақан мұның байыбына бара алмай бастабында аң-таң болады, кейіннен шытынап кетуге қамданады. Осы кезде ғана Абдолла күлкісін тиып, Ақанның манадан бері «шеше, шеше» деп отырған кісінің өзі іздеп келген Қамаш екенін айтады. Ақан сілейіп отырып қалады, енді сөзге Қамаш араласып: «Ана бір жылы шпиондығыңды мойындамадың деп қасқа тісімнің төртеуін қағып алған еді. Оны азсынғандай, артынан азу тістерімді де бірақ саудыратып түсірді... Сенде айып жоқ, танымадың деп саған қайтып кінә артармын... Кешегі бірге ойнап, бірге күлген құрбыма да «шешелетіп» қойды ғой...» дейді көзінен жас парлап. Әңгіме осылай аяқталады. Шағын ғана сюжетте «Мәдени революция» кезінде аяусыз тепкіге алынған, жан төзгісіз азапқа түскен сан мыңдаған адам тағдыры, заман зұлымдығы айпарадай ашылып тұр. Қамаштың «Кешегі бірге ойнап, бірге күлген құрбыма да «шешелетіп» қойды ғой...» деген сөзінің астарында тұтас заманға, ұрда-жық дөкір, жендет пиғылды саясатқа деген реніші, өкініші, қайғы-мұңы сыйып тұрған жоқ па?! Бұл жалғыз Қамаштың басындағы аянышты тағдыр емес, тұтас ұлттың басына түскен зұлмат еді. Университет бітірген, білімді, білікті, көрікті, ибалы уыздай қызды ит тартқан тулақша кергілеп, ақыр соңында кісі танымастай кейіпке түсірген заманға күйінесің, іштей ашынасың. Ал «Мәдени революция» кезіндегі қызыл белсенділердің кісі баласын аямайтын қанқұйлылығын Қамаштың тағдыры арқылы ашып көрсеткен жазушыға сүйсінесің. Шығарма артық ауыс сөз сөйлемнен, баттастырыла жағылған бояудан, көлденеңнен, «қолмен иіп» қосқан оқиғадан ада. Шынайы, таза қалпын сақтаған. Ешқандай әсіресіз, бәрі де жанды, тірі.

Ж.Сәмитұлы әңгіме жанрында өнімді еңбек еткен қаламгер. Әсіресе өмірінің соңғы жылдары жазылған әңгі­мелері ішкі иірі­мі­мен, мазмұндық көркемдік айрықша сипатымен ерекшеленеді. Жақаң «Қаһарлы Алтай» тарихи трилогиясын жазған 14 жылдық үзіліссіз, тынымсыз еңбектен соң, аз тыныстап алып әңгіме жанрына қайтадан бет бұрды. Тіпті бұл тарапта тың тынысы ашылды деуге негіз бар. Жазушының «Екі метр жер», «Өліп қалған тірі адам», «Сарыала қаз», «Гәкку», «Көк иірім» әңгімелері заман, уақыт бедерін бойына сіңірген, әлеуметтік, қоғамдық мәселелерге терең бойлаған, адам жанының нәзік болмысын аша білген туындылар. Сондай әңгімелердің бірі «Көк иірім».

Намысты, жігерлі пенде баласы арына дақ түссе, намысы жойдақсыз тапталса, тұщы етіне ащы таяқ тисе, туған топырағын, өскен елін теріс пиғылды әлдекімдер былғағысы келсе оған төзе алмайды. Мейлі алдында мызғымайтын қара жараттай кедергі тұрса да, мейлі асу бермес асау өзен жолын көлденең кессе де, тіпті жолындағының бәрін жалмап, тілсіз от тілін жалаңдатып келе жатса да бәрін қасқайып күтіп алуға әзір. Тіпті ажалдың өзін де. Әрине, мұндай көзсіз ерлікке екінің бірі батылы жетіп бара бермейді. Жүрексінеді, тайқиды. Мұндай ерлікке кіндігі туған топырағына байланған, жан жүрегі ұлтының күре тамырымен жалғасқан, елін, жерін қалтқысыз сүйетін намысты жандар ғана бара алады. Бұл сондай сирек адамдардың қолынан келетін іс. «Көк иірім» әңгімесіне, міне, осындай шетін оқиға арқау болады. Әңгімеге «Мәдени революцияның» қызып тұрған шағы, жұрттың бәрі қызылтанау болып «төңкеріспен әуреленіп жатқан» сарсаң кез арқау болады. Бірде Алтай аймақтың әкімдігіне: «Компартия орталық комитетінің орналастыруы бойынша ішкі Қытайдағы зиялы жастар Шыңжаңға көмекке келгелі жатыр. 

Алдыңғы бір тобы Үрімжі қаласына келіп те жетті. Әр аймаққа таратып жатырмыз. Тез мәшине жіберіңдер» деген бұйрық түседі. Әкімшілік бұл жұмысқа ұзақ жыл әкімдікте жүргізуші болып жұмыс істеген, қазір ұзақ жолға автобус жүргізетін ­Қарақызды лайық көреді. Осылайша Қарақыз Үрімжіге барып «сыйлы қонақтарды» күтіп алады. Сонымен қоса Үрімжіге дәрігерге қаралып барып, Алтайға қайтатын көлік тап­пай қиналып жүрген төрт қазақты да алып кетпекші болады. Олардың екеуі ауру еркек, екеуі әйел. Алтайға қайта алмай, он бес күндей Үрімжіде табанынан тозып жүріп қалған бейбақтар. Қарақыз қанша асыққанымен «Шыңжаңға көмекке келген зиялылар» асыға қоймайды, бірер күн Үрімжіні армансыз аралайды, сосын жол бойы көзіне көрінген бекетке тоқтап то­йына тамақтанып, арақ ішіп, карта ойнайды. «Жүріңдер, тездетіңдер» деген Қарақыздың сөзін құлақтарына да қыстырмайды. Тіпті оны адам санатында көзге ілмейді, шекірейе қарайды, кеуделеріне нан піскен, пиғылдары пасық. Шын мәнісінде бұлар ешқандай да зиялы жастар емес, коммунистік партияның тәрбиесін көрген, тұтас елді өрттей шарпыған «Мәдени революция­ның» майданында шыныққан, енді қиырдағы қазақ сахарасына «коммунизм» орнатқалы (анығында, қиратқалы, бүлдіргелі, айрандай ұйып отырған қазақ даласын ойрандағалы) келе жатқан қызыл белсенділер, жойғыш жендеттер. Сондықтан да Қарақызды адам санатына қоспайды. Қит ете қалса «Партия орталығы жіберген қызыл белсенділерге қарсы келетін бұл бандиттердің саза­йын тартқызып қою керек!» деп шабынып шыға келеді. Түптеп келгенде қызыл белсенділердің өздері мүлде көрмеген, табаны бірінші рет тиіп тұрған қазақ даласына деген өштік пен қазақтарға деген ыза, кек коммунистік партияның қазақтарға, жалпы Шыңжаңдағы азшылық ұлттарға қарата ұстанған жымысқы, жойғыш саясатымен байланысып жатыр. Сосын да олар Қарақызға мұрнын шүйіре қарайды. Өздерінің сұрқы да бөтен. «Ұстындары да бөлек. Ылғи жалбырбас. Мінез-құлықтары да өзгеше. Қалада өскендіктен бе, жоқ, әлде арнаулы жолдамамен келе жатқандықтан ба, әйтеуір, түстері суық. Шетінен кеуделі, есерсоқ». Сондықтан жол бойы білгенін істейді, қалағанынша әрекет етеді. «Ендігі бұл даланың қожасы бізбіз» деген астам көңілдері білініп тұрады. ­Қарақыз жол бойы қызыл белсенділермен қырқысады, жаға жыртысуға дейін барады. Ақыр бір қоналқыда адам айтса сенгісіз оқиға туындайды. Түн жарымында тынығып жатқан Қарақыз «өлтірді ағай» деген дауыс естиді, іле-шала әлгі ауру жігіттің қарындасы жан ұшырып жүгіріп келеді: «Жалаң аяқ, жалаң бас. Көйлегінің бір жеңі жоқ. Иінішінен екі жаққа бөлініп, кеуде тұсы жыртылып қалыпты. Балғын төсі аппақ болып көрініп тұр. Қыз қымсынғандай болып, омырау тұсын қапсырып жаба берді де, Қарақыздың аяғын құшақтап, еңкейіп отырып, жылап жібереді». Сөйтсе дем алып жатқан қазақтардың үстіне қызыл белсенділер еш қымсынбастан баса көктеп кіріп, қыз-келіншектерге «неге көйлек киесіңдер, шалбар неге кимейсіңдер, сендердің бұларың ескілікті аңсау, партияның жүргізіп отырған саясатына қайшы» деп шүйлігеді, «сендерге саясатты үйретеміз» деп қыздың көйлегін шештіруге тырысады. Жеңгесі Гүлзипаны да сыртқа сүйреп шығып, қараңғы тасаға алып кетеді. Қыз әзер қашып құтылады. Ауру екі жігітті де таяқтың астына алады. Мұны естіп тұра ұмтылған Қарақыз мынадай көрініске тап болады: «Бір қабатты, ұзын корпус үй еді. Соның арт жағынан «баж» еткен дауысты естіді. Жүгіріп солай барды. Маңай түгел тақыр, жазық болатын. Ай жарығында анадай жерде қарбаңдаған бірдеңелерді анық көрді. Қастарына жетіп барып еді, келіншекті төрт жігіт қамалап тұр екен. Біреуі сыртынан құшақтай келіп, аузын басып алыпты. Екеуі екі қолынан керіп, қозғалтар емес. Енді біреуі оның киімдерін шеше бастапты. Пенжегін сыпырып лақтырып жіберген. Енді ішкікиімдерін жұлмалап жатыр». Қызыл белсенділердің айуанға тән жауыздығынан жаны түршіккен Қарақыз «әй, бұларың не?» деп араша сұрайды. Сондағы қызыл белсенділердің айтқан уәжі мынадай: «Кигенінің бәрі – ескі заманның киімдері. Біз төңкеріс жасау­шылармыз. Жаңаша, пролетариаттың киімдерін кигізбекпіз». Арам пиғылын, бөтен ниетін, сұрқайлығын жең ұшына жасырған қызыл белсенділер, өздерінің теріс ниетін қай кезде де «біз төңкеріс жасаушы­лармыз» деген саяси ұранмен бүркемелейді. Әңгімеде осындай аярлық пен аяусыздық ашына айтылады. «Төңкеріс жасаушылармыз» дегендердің бетпердесі сыпырылады. Оқиға мұнымен бітпейді. Әбден асқынған қызыл белсенділер түнде қазақ қызына араша түскені үшін Қарақызды өлімші етіп сабайды. Өмірі дәл бұлай таяқ жеп көрмеген ол бұған қатты қорланады. Бірақ қызыл белсенділердің айтқанын істейді, олардың айдағанына көніп, жүні жығылып жуасиды. Тіпті ертесі жолға шығарда автобустағы төрт қазақты: «өңшең бандит» деп қуып шығып, жолға тастап кетеді. 

Сөйтсек, Қарақыздың да бір түйгені, іштей байламы бар екен. Жолға шыққан бойда көлікті бар жылдамдығымен айдайды, ұшқан құстай зымырап келіп Бурылтоғай өзенінің Қылы деп аталатын жеріндегі тар көпірден асау толқын өзенге бір-ақ ытқиды. Соңғы айт­қан сөзі – «қырыққа бір!». 

Сөйтіп Қарақыз қырық қызыл белсендіні өзімен бірге Бурылтоғай өзенінің көк иіріміне ала кетеді. «Көк иірімде» Ж.Сәмитұлы «Мәдени революция­ның» шын кеспірін, Шыңжаңға жаңа заман орнатамыз деп келген қызыл белсенділердің түпкі мақсатын, коммунистік жүйенің кейпін көрсетеді әрі дүлей күштің, тілсіз жаудың алдында да қасқайып қарсы тұра алатын адам рухының қаншалық биік екенін жырлайды. «Қырыққа бір!» деген Қарақыздың ақтық сөзі ерліктің, батылдықтың ұранындай. Үстіне жапалақ, кептер саңғығанда өзін-өзі жартасқа ұрып мерт ететін тұйғын құстың көзсіз ерлігі іспетті. Әрине, Қарақыз жанын пида етіп су түбіне ала кеткен 40 қызыл белсендінің өлімі «Мәдени революцияға», екпініне, арынына ешқандай да әсер ете қоймағаны анық. Алайда оның рухы, әділетсіздікке, жолсыздыққа қарсы шыққан ерлігі Бурылтоғай өзенінің ақ бурыл толқынындай есті ұрпақ жанында шымырлап ағып жатары сөзсіз. 
Қамаш пен Қарақыз – алып империялардың арасында қалып, тағдыры талапайға, жері талуға түскен, небір зұлмат өткелектерден өткен, ақырында жаны азып-тозып, жырым-жырым болған қазақтың бейнесі. Қамаштың «Кешегі бірге ойнап, бірге күлген құрбыма да «шешелетіп» қойды ғой...» деген күйініші мен Қарқыздың: «қырыққа бір!» деген көзсіз ерлігі де қазақтың күйініші, қазақтың ерлігі.