Қаламгерлік қарым. Дерек пен дәйек
Мағира Дәулетбекқызы жанрын өзі «Деректі сыр мен мұң» деп атаған «Мұхтасиб Қожахмет Хазірет» (Алматы: «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясы. 2017. – 2016 б.) жинағында жазады: «Аннотацияда атап өткендей, осы еңбектің жазылуына себепкер – Күләш (Күлайым) екеуміз Көкшетаудан, Зерендіге қарайтын Қарашілік ауылынан едік.
Менің анам көп балалы Бәтима жеті атадан таратып беретін зерделі жан еді. Білім алуға Алматыға аттанғанымда, таңғажайыптың бәрі ауылымыздан алыста деп ойлайтын едім. Кең-байтақ еліміздің көп жерлерін көріп, білім де, байлық та, тарих та өзімнің кіндік қаным тамған Зерендім екенін кеш сездім. Анама «Сенің тағдырыңды қайталамаймын» деп, керемет атаулыға дереу тап болатындай беймәлім сапарға асыққандағы арман-тілектерімнің жер-көкте жоқты іздеумен тең екенін енді ғана түсіндім.
Қазақтан басқаның бәрін аспандатып әдеттенген туған аудан, облысымның, ұлттық құндылықтарды тәрк еткен өткен шағының еншісімен өшіп үлгергеніне көзім жеткендей. Әке-шешелеріміздің салт-дәстүрі, хабарсыз кеткен, аштықтан қырылған, атылған, айдалған, соғыстан оралмаған... ата-ағаларымыз туралы күңірене, күрсіне жеткізген сөз үзіктері екен бізді мәңгүрттіктен сақтап қалған».
«Лениншіл жаста» Мағира Қожахметова он жылдан астам қызмет жасады. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов мектептерінен өтті. Сол шығармашылық орта, жастықтың жалыны – М.Қожахметованың таусылмайтын сағынышы, ұдайы мерекесі.
«С.Бердіқұловтың бас редакторлық келбеті, журналистік шеберлігі, қиыннан қиыстырар тапқырлығы, азаматтық позициясы, ұлтжанды мінезі, талғампаздығы, жан-жақты қабілеті өзі қол қойған газет беттерінде айқындалып, ізі сайрап жатыр. Қазақ баспасөзінде алтын әріппен жазылып, мәңгілік өшпейтін із. Бас редактор ретінде Сейдахмет Бердіқұлов патшадай елестейді, шынында, өз ісінің, журналистика әлемінің сұлтаны еді ғой! Оның қасында қарымды тілші, дарынды жастар өздерін де тұлғадай сезінетін, кім-кімнің де қабілеті шыңдалып, жолы ашылатын» («Ұзақ жолдың бойында», 100-б.).
Тұла бой мінез бітімін, таза болмысын бағалаған, шығармашылық еркіндікте қалыптастырған ардақты ағалары, замандас-қаламдас ортасы.
Қазақтың «мен» деген айтулы адамдарының барлығымен доспейіл қалпында келеді.
Осыдан отыз жыл бұрын шыққан «Әсемдікке ұмтылыс» атты мақала бар. Белгілі романшы жазушы Сара Мыңжасарова жазған.
Қазақ сөз өнеріндегі тұлғалық мәртебесінде әдеби шығарма, оның авторы туралы қай кезде де зәру, сұранысты өзектілігінде кесіп-пішіп, кең айтқан, дөп айтқан.
«Мағираның «Жантәсілім» романының үзіндісін «Қазақ әдебиеті» газетінен осыдан төрт-бес жыл бұрын оқып едім. Онда талқаны шығып егін астында қалған ата-бабасының бейітін таба алмай жүрген қазақтар әңгімеленетін. Сондағы ауыз ләмінен-ақ қазақты тілі мен дінінен айырған тың көтеру дабыры сөз болатыны аңғарылып қалған-ды. Сұрастырып қарасам, ол роман әлі жарық көрмеген екен.
– «Жазушы» баспасына тапсырып едім, сонда әлі жатыр, – дейді Мағира» («ҚӘ», №4. 1996).
Осы роман, Мағира Қожахметова шығармашылығы тұрғысында «Көлікті көштің иесі» («Жас Алаш», 13 қазан, 2011 жыл) атты мақалада Қалампыр Кенжеғалиқызы сыйымды тоқтамдарда кең толғап жазды.
«М.Қожахметова шығармаларын оқығанда мен жазушы апайымның өз басы Қазақ деген үлкен бір шаңырақтың болашаққа бет алған ұлы көшінің түгендеушісі бейнесіндегі шығармашылық иесі екенін түсіндім».
Мағира Дәулетбекқызының бала болып ойлап, бала болып «ойнап», «Балбұлақ» балалар журналын шығарғандағы көкейінде жатқан көп арманы Қалампыр Кенжеғалиқызы айтқандай – түтіні түзу елдіктің мұраты. Сонау бір жылдарда «Солдат» газетіне (1999, қазан айы) берген сұхбатында өзінің «ұйқы беріп, қайғы алған» ізгілік миссиясында: «Енді он жылдан кейін балаларымыз қолына «Әліппе» емес, басқа дүбара бірдеңе ұстайтын болады», – дейді. Рас екен. Дүбара бірдеңеден ендігінің үлкен-кішісі жабысып айырылмайтын болдық.
Ол Фариза Оңғарсынова поэзиясын өлең бесігінде рахаттанып тербеліп отырып талдапты. Мұндай поэтикалық түйсінудің тылсымына әдебиет теоретиктері тұрғысынан көз салу қажет. Философияда суверендік логикасы деген бар.
«... Ерекше жағдай қалыпты жағдайға қарағанда анағұрлым қызықты. Соңғысы ештеңені дәлелдемейді, біріншісі бәрін дәлелдейді. Ерекшелік ережені растап қана қоймайды; ереженің өзі ерекшелік есебінен өмір сүреді. Ойдың қандай күшке ие екенін ХІХ ғасырдың өзінде көрсеткен протестанттық теолог былай деген: «Ерекшелік жалпыны және өзін түсіндіреді. Егер біз жалпыны тиісінше зерттегіміз келсе, біз шын мәніндегі ерекшелікті ғана зерттеуге тырысуымыз керек. Ол жалпыны барынша айқындайды. Ерте ме, кеш пе, жалпы нәрселер туралы өмірі бітпейтін әңгімелер жиренішімізді тудырады: бұл ережеге бағынбайтын ерекше жағдайлар да болады. Егер олар түсіндірілмейтіндей болса, онда жалпыны да түсіндіру мүмкін емес. Әдетте біз бұл қиындықты байқамаймыз, себебі біз жалпылық жайлы ықыласты, құштар көңілмен емес, ықылассыз, салғырт пейілмен ерін ұшынан ғана айта саламыз. Ерекше жағдай, керісінше, жалпы жағдайға қатысты айрықша ойларға қозғау салады» («Саяси теология», 19-22)» (Әдебиет теориясы: Антология. 3-том / Джули Ривкин мен Майкл Райанның редакциясымен. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қоры, 2019. – 440 бет. 135-б)).
ХХІ ғасыр көп қымбатыңа, қастерліңе қарайлауға мұрша бермейтін, уақыт жеткізбейтін біртүрлі екпінді, жедел мінезбен тосырқата келді.
Мәриям Хакімжанова туралы ағыл-тегіл жазылған естеліктерінде Мағира Дәулетбекқызы тұтас ғұмырбаяндық роман кеңістігін ашады.
Кейіпкерінің бастан кешкенін дәп бір жанында жүріп, бейнебаян түсіріп алғандай қызу-қуат, сәуле-шуақ, қадір-қастерімен жалықтырмай, жалықпай сабақтастырады.
«Ұзақ жолдың бойында» (2023) «Менің шашылған энциклопедиям» (2021) кітабының форматында жарық көріпті. Кейіпкер тұлғасын ашуда қонымды.
Кітап бетін Ғабит Мүсіреповпен сұхбат ашыпты. Классик қаламгер қазақ әйеліне қатысты әңгіме қозғайды. «Орыс чиновниктері «Қазақ әйелді малға сатады» дейді. Зерттей келе мынадай қорытынды жасадым» (аталған жинақ, 7-б.).
Сұхбатта ел өмірінің, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, өткен тарихтың бар күйі тұла бойында тұнған Ғабит Мүсірепов қазақтың этникалық, дәстүрлі ментальдік айрықшалығын қадап айтады.
Барлығы болып-толып тұр деген заманда аға буынның көкірек шері сіресіп жатты. Бер жағымыздан «жетісіп» желпеңдегенмен, неден айырылып, неден қағылғаны, есесі кеткен тұстары, ата жүректе жатқан жанартау еді.
Халық әдебиеті үлгілерінде қызын малға сатып байлыққа кенелген деген ұғым мүлде жоқ дейді Ғабит аға.
«Әр елдің басында біресе күрделі, біресе қорлық заман өтеді. Біздің ел әркімнің қоластында болған ел. Ақтабан шұбырынды заманында әйелін де, еркегін де сатуға мәжбүр болған бабаларымыз. Ашыққан ел ұл-қыздарын да құлдыққа сатқан. Малға сату дәстүрі арғы замандарда болуға керек қой. Қазақ қызын малға сатпаған. Күйеу жағы «қалың мал» деп береді, қыздың ата-анасы «жасау» деп қайтарады. Екі жақтың бірігіп жаңа отау көтеріп берудің қамы. Жоқ деген кісі қызын ұзатып жатып, «мынау ішігі, кілемі, отауы...» деп тізіп береді де, «сенен алғанымнан бір теңге кем берген екенмін» деп, бір теңге ортаға қойыпты» (сонда, 7-б.).
Ғ.Мүсірепов әркімнің қол астында болған тарихтың күні кешегі аштығын, Күлпәш пен Мақтымды, бөтен билеген замандардың салдар, зардабын қосып отыр.
Мағира Қожахметованың мақала, сұхбаттары ұдайы бір жоқ түгендеп отыратын өзектілігінде мәнді.
Тұтас ХХ ғасырдың көзкөргені Мәриям анадан жазушы сіңлісі көп дүниені естіп-біліп қалды.
Ілгергі замандардың айналымға шықпаған деректері қағазға түсті.
«Гүлбаһрам қайнысының үйіне кештете келген, ешкімнің назарына шалынбауға тырысып, – не бетіңмен жүрсің, – деді жарыса қайнысы мен келіні. – Екі үйдің бірі, – деп келгенім ғой. – Гүлбаһрам мейлінше күбіжүктеуге тырысып жалбақтап жатыр. Жалын ата күрсінгенін де аңғармады, мыналардың жүрегін қалай жібітпек? – Документтерімді алып қойды, әйелдерін де қамайды деген сыбыс бар. Лайым өтірік боп шықсын. Ал, рас болса, мынау Аян – Сәкеннің жалғыз көзі ғой, сенің балаларыңның арасында жүрсін» (сонда, 24-б.).
Аяулы қазақ әйелінің бар сапасы бір бойына дарыған Мәриям Хакімжанова туралы толғаныстар біртұтас ғұмырбаяндық зерттеу мәнінде Мағира Қожахметова шығармашылығының бір арнасы болып қалыптасты.
Қожахметовалық таңбалар оның алғашқы әңгімелерінен бастап байқалатын. Жаратылысынан кең мінез Мағира кісі мінін көргіш еді. Онысын және бетке айтатын батылдығы бар. Осы кемшілік тергіштігінен алғашқы прозалық шығармаларындағы өзіне «ұнамайтын» кейіпкерлерін «жерден алып, жерге салғандай» ететін кейде.
Біртіндеп, байсал тапқан прозасы қазақ әдебиетінің қазіргі дәуіріндегі тарихи-әлеуметтік мазмұн-маңызға бет бұрды.
Сексенінші жылдардың орта тұсында жазылған «Жантәсілімде» Мағира Қожахметованың жазушылық мұраты тұтасымен жаңа бағытқа беттеді. Кемелденген коммунизм елес болып шыққандығын тайсалмай жазуға батылы да, қаламгерлік қарымы да жетті.
«Ұлтсызданудың отбасынан басталатынын автор романдағы Көпжасардың шаңырағындағы қиюы кеткен берекесіздік, адами қасиетін жоғалтқан ұрпақтар тағдыры арқылы ашады. Бұғылы ауылындағы әрбір отбасының күйреуі бейне бір қазақ жұртының «жантәсілімін» елестететіндей» (Г. Пірәлі, «Алматы ақшамы», 26.02.2016 жыл).
Оны «сөзді зерттеуге деген махаббат», «Кітап, музыка, Құрманғазының күйлері, халық әндері...» ештеңеден қаймықтырмады. Күйретпеді. Ілгері бастырды.
Халқының келешек зор үмітін, өнерін құштарлықпен құлай сүйіп жазған жарқын дүниелері, очерк пе, портрет-эссе ме, нендей бағытта да ол қанық көркем бейне деңгейіндегі образдар сомдады.
Бәсі жоғары портрет-эсселерінде Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы,
М.Хәкімжанова, С.Мыңжасарова, Н.Жантөрин, Ә.Дінішев, т.б. халықтың жақсысы мен жайсаңының ғұмыр сәулесі шуақтанды.
Адамзаттың бәрін сүйген бауырмал жүрек Мағираның суретші
В.В.Верещагин туралы ыстық ілтипатпен жазған керемет очеркі бар.
«Бір мақала бір кітап жазғандай» дегені – рас. Ненің жайында да әбден ішіне түсіп, бүге-шігесін түгендеп барып жазар еді.
Әр тұлға – бір тарих. Оның эсселері бірде көзге жас алдырады, енді бір сәт жасампаз қуат ілгері жетелеп, қунатып, қуантады.
Кейінгі 40 жылдай уақытта әсіресе дерек пен дәйекке айрықша ден қойды.
«Мұхтасиб Қожахмет Хазірет» кітабы – сана сілкінтетін еңбек. Құрылымдық тұрғыда кездескен қайталаулар кемістік емес. Бас-аяғы бүтін, тұтас бір халықтың тарихи тағдыры маңызданған, көркемдігі де осал түспейтін деректік туынды. Шығармада бірнеше кейіпкер бар. Кер заманның кешуінде кеткен зор дін ағартушысы Қожахмет Хазірет туралы жинақ жазушы Қуаныш Ахметовтің «Омбыдағы ойран» мақаласына тоқталудан басталады. Көрмегені жоқ қайран жұрт кеңестік кезеңде әсіресе жасыды, жабықты, зардабынан жатбауырланды. Шығарманың жазылуына атасы туралы бар мәліметті Есләмбек қайын ағасы аманатқа тапсырған Күләш Асхабқызы, Мағира шығармаларында зор тұлғалық айрықшалығында және бір бой көтерген қазақ әйелі себепші болған.
Көп тарих, көп тағдыр айналып келіп ел басынан өткен аяусыз, қайтусыз сұмдықты тек баяндап қоюымен емес, осы өктемдіктің тұтас халық тартқандағы зардапты тауқыметін көзге шұқып көрсетуімен, келер күннің қайда барарынан сескенген секемшіл, болжал қаупімен алаңдатады.
Жаһанданудың небірі ұлан-ғайыр ен Дала тұрғындарының басынан бағзы замандардан бері өтіп келе жатты ғой. Сонда сынын бұзбаған озық өркениет Даласының тұрғындарын кім сындырды? Қалай тізе бүктірді? Белгілі гәп. Жадтағы жарақат Күләйымның асыл жары Шайдолланы (Қожахмет Хазіреттің немересі) көп нәрседен ірікті. Екі жасар бала атасын халық жауы деп ұстап әкеткенде сырт жайлап, жер ауып кетуге мәжбүр болған, үй-ішімен кейінде, арада көп жыл кетіп, елге келгендерінде жұрт шетқақпайлағанындай, «сібкірәйде» жүріп есейді. Осы бір асылдың соңғы тұяғы өз жеріне «кірме» болып қайтып оралған қалпында өзін бұл ортаның ауанына сіңістіре алмай ғұмыр кешкені туралы ойланасың.
Күләш Асхабқызы айтатын ұзақ-ұзақ әңгімелерде өзіне өзі өгей болып кеткен, жер кезіп кеткен ұйымшыл, рушыл, бірлігі мығым, ауыл-үй болып уды да, суды да бірге ішкен ағайынның, озық ағайындық институттың ыдырау қасіреті жеке басқа табыну әшкерелене сала қалпына келе қалмады. Зардабы да Күләш әпкенің аузымен айтылған. Кітапқа берме дегенін жинақ авторы құқында Мағира жазушы «қолынан келсе, қонышынан» басып, емін-еркін, жаппай, жұмбақтамай шығармаға қосқан.
«Қаламгер ретінде соңғы жылдары мен танымдық зерттеулермен қатар деректі баян, өмірде болған адамның нақты іс-әрекеті әлдеқайда қызықтыратынын жасырмайтын. Атын өзі қойған «Мұхтасиб Қожахмет Хазірет» – соның дәлелі. Басты кейіпкерге автор деп те қарауға болады, Күләйымның ойлары, өкпе-назы, басынан өткендері арқылы тұтастай дәуірдің мән-мазмұнымен тыныстап, жағымды-жағымсыз, қуанышты, ренішті... сырларымен бөлістік. Ағынан жарылып, шындықты айту оңай емес. Кей жәйітті мүлдем қозғамауға да болар еді, бірақ екінің бірінде кездесетін өкініш, түйткіл боп тұр ғой бұл қазір...» (аталған жинақ, 186-б.).
Қожахмет Хазірет немересі Шайдолла аға жан дүниесіндегі арпалысты көптің бойындағы кек деп те, халықтың ата-баба өркениетінен ажырағандағы дағдарысы деп те, жеке тұлғаның тұла бой жаратылыс, иманнан ажырамаған туабітті мығымдығы деп те қабылдауға болар еді.
Тағдыр соншалықты бұралаң дегеннің өзінде отарлық езгінің, өксік өтіп кеткен өмірлердің ауыртпалық, обал-сауабын «Жантәсілім» қостомдығында жазушы Мағира Қожахметова қазақтың төл қасіретінде жеткізе алды.
Шамырқанып, шамданып жазылған «Жантәсілім» – Мағира Қожахметованың көркемдік асуы. Тұғырлы, тағдырлы туындысы.
Ол жадындағы жарақат синдромын кешіп келе жатқан әлденеше буын, ұрпақтың көзкөргені Күләш апайының мұң елесі қыр соңынан қалмаған тағдырына тұтас халық тағдыры мәнінде алаңдап, қарайлайды.
Күләш Асхабқызы: «Тағдырым ауыр, мен де репрессияның адамымын», – дейді әңгімесін сарқып.
Жинақтағы тілдік оралымдар, ана тілдің қолданыстан шеттеп бара жатқан тапқыр, сұлу, табиғи жарасым, сыйымы туралы бір зерттеу жазуға болар еді. «Аспандағы құсты ұятқа қалдырған – жердегі жем» дегендей, аса айтылып жүрмеген афоризмдерден көз сүрінеді.
Кітапта ұлан-байтақ жеріміздің ХІХ, ХХ ғасырлардағы рухани дәрмені, солтүстік өңірлердегі қысталаң саясатта қайтпаған, тамырын үзбеген діни ағартушылық, сол жолда бейнет шеккен тақуа тұлғалар туралы шалқар сыр бар.
Мағира Дәулетбекқызы өткен тарих, жапалы халқының тұтас дәуірдегі жүрек жарақаты, әдебиет теоретиктері отарлық езгінің қайтусыз өктемдіктерінен тарқататын «жарақат синдромын» сұхбат, портрет-эссе, роман-повесть, көркем әңгімелерінде ұдайы, үзбей «жүректен қозғап» негіздеді. Таусылмайтын жарақат «тақырыбы» оның ізгілікті қорғау миссиясының өзек өртер тұғыры, кеселді түп-тамыры сынды.
Батпандап кірген, мысқалдап шығып жатқан, түбі тереңдеп кеткен тарихи кеселден құлан-таза айығу үмітін үзбейді.
Жадыдан өшпей келе жатқан жарақат синдромы Қожахмет Хазірет туралы жинақтағы Хазірет ата халық жауы болып ұсталып бара жатып бетінен бір иіскей алмай кеткен немересі Шайдолла Мұхамедшәріпұлының «жалған» өмірбаяны болып та жан қозғайды.
«Себкірәйда» есейген. Күләйым апа жарының ел қатарлы жоғары білім алмай қалғанын сол «зар заманның зардабы» деп отырады екен.
Мағира Дәулетбекқызы өз шығармаларында ондаған, жүздеген қастерлі, қасиетті мекен, жер-су атауларын; сол құтты байтақтың аты өшпейтін ұл-қыздарын түгендеп, бірін қалдырмай тасқа басылған сөзбен бекітіп, тарихи айналымға тартудан жалыққан емес. Шаршамайды. Шаршағанда да тыным таппайды.
«Лениншіл жастағы» өнер стихиясын, өнерпаз тұлға тылсымын өзгертпей жеткізе алған озық очерк, эссе-портреттерін жұрт тамсанып, тоймай оқиды.
Оның қолынан келмейтіні жоқ сияқты. Фариза Оңғарсынованы өмір ортасымен, өлең сөзімен тұлғалық ізашар даралығында «сіңірді», мінезді болмыспен етбауыр дос болды.
Мағира Дәулетбекқызы қай жанрда жазғанда да кейіпкерін образ ашып, жаныңда құдды бір сөйлесіп, көріп отырғандай кейіпте әспеттейді.
Зәуреш Есбергенқызымен әңгімесіндей жанды, шалт-шұлт оқиғалы, ситуациялы сұхбаттар.
Зәуреш Есбергенқызымен жазушы Оңай Тұрдалиеваның шаңырағында дәмдес болу сәті түскен еді. Дауысын естіп едім. Қазір де жүрегімде тұрады сол дауыс. Әсерімді жеткізіп айта алған емеспін.
Нұрмұхан Жантөриннің Қодар туралы қалыпты бұзып айтқан танымы да бізге Мағира очеркі арқылы жетті.
Болат Аюхановтың «Пенде сорлыны масқаралайтын маубастық, малайлық, арамдық» туралы тоқтамы зілкөтерем...
Нұржұман Ықтымбаев Жантөринді «қазақ өнерінің табантасы» дейді.
Бикен Римова туралы «жүрек тебірентер үнімен шыға келгенде сахна толып жүре беретін» деп жазды өзі. Рас еді.
В.В.Верещагин живописін бағалаған орыс зиялысының «Орта Азияның күні өтіп, орнынан тапжылмай тұрған көне цивилизациясы!» деген ғажап, дөп бағасын келтіріпті бір тұста. Дүр сілкіндіреді.
Мағира Қожахметованың сөз тапқыш талғамы, сөзжасамы өз алдына бір игілік.
Ол тұтас бір тарихқа көшіп кеткен дәуірдің қадау-қадау тұлғаларын төл фактурасында таныта алды.
Бауыржан аға Момышұлы жан еркіндігі кабинетін жайлап кеткен жас Мағираға: «Қазақтың балалары сендей қыздардан туу керек!», – депті. «Ты мне нравишься» деген.
P.S: Бір жерден Рудакидің: «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз» дегенін оқып қалдым.
Осы сөзбен қазақтың Мағирасы туралы мақаламды аяқтадым.
Қанипаш Мәдібаева,
М.О.Әуезов атындағы
ӘӨИ бас ғылыми қызметкері,
ф.ғ.д., профессор