Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Қаламның киесі мен ардың салмағы

Жұмабай Шаштайұлы
Фото: из открытых источников

Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті жазушы және публицист Жұмабай Шаштайұлының туғанына 75 жыл толып отыр.

 Осыған орай Ұлттық кітапханада қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған еске алу кеші өтіп, жазушының өмірлік ұстанымдары мен жазушы туралы естеліктерді қамтыған «Өзгермеген адам» атты жаңа кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды.

Жаңа кітапта жазушының өмір жолына, шығармашылық ізденістеріне, азаматтық көзқарасына және ел игілігі жолындағы қызметіне қатысты тың деректер мен архив материалдары топтастырылған. Сондай-ақ еңбекте замандастарының, әріптестерінің, шәкірттерінің жүрекжарды естеліктері қамтылған. Шараға еліміздің белгілі ақын-жазушылары, әдебиеттанушылар мен журналистика саласының майталмандары, қаламгердің шәкірттері мен туыстары қатысты. Қонақтар Жұмабай Шаштайұлының қазақ руханиятына сіңірген еңбегін еске алып, оның шығармашылық және азаматтық тұлғасы туралы естеліктерімен бөлісті. Жұмабай Шаштайұлы өзінің еңбек жолын баспасөз саласында бастап, журналистиканың ыстық-суығын қатар көрді. Ол «Заман-Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, сондай-ақ Қазақ радиосында бас редакторлық қызмет атқарып, ұлттық ақпарат кеңістігінің дамуына зор үлес қосты. Әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрген қаламгер сөз өнерінің шынайы құдіретін түсінді, ал әділдік пен ар-ождан оның шығармашылық темірқазығына айналды. Жазушы Бекен Ыбырайымның айтуынша, жазушы қаламынан туған көркем туындылар қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған іргелі шығармалар. Бұл еңбектерде жазушы қоғамдағы рухани дағдарыс, адам болмысының өзгерісі, әділет пен шындықтың тартысы сияқты мәңгілік тақырыптарды қозғады.

«Қай шығармасында болсын, ең алдымен ел өміріндегі айтулы өзгерістерді, адамның тағдырын, табиғатын, қарапайым тіршілігін өз шығармаларының өзегі етті. Жұмабайды танитын, білетін адамдардың барлығының да бірауыздан айтатыны – соншалықты қарапайымдылығы. Осындай тұлғаның біздің қазақ әдебиетінің тарихында, қазақ журналистикасының тарихында өзіндік орны ешқашан өшпейді», – деді қаламгер.

Сондай-ақ Жұмабай Шаштайұлы ұстаздық, ағалық ақылымен талай жастың жолын ашқан. Оның тәрбиесін көрген көптеген журналистер мен жазушылар бүгінде өз саласында табысты еңбек етіп жүр. Жұмабай Шаштайұлы шәкірттеріне тек жазу шеберлігін ғана емес, азаматтық ар мен рухани тазалықты да үйретті. Шәкірттері ұйымдастырған бұл еске алу кеші – қазақ руханиятының, ұлттық әдебиет пен публицистиканың алтын қорын толықтырған тұлғаның есімін ұлықтаудың жарқын көрінісі. Кітаптың «Өзгермеген адам» аталуы да тегін емес. Жазушының өмірлік болмысын дәл бейнелейді. Бұл атау – уақыт пен қоғам өзгерсе де, өз ұстанымына берік, ар мен намыс жолынан айнымаған тұлғаның рухани келбеті. Жұмабай Шаштайұлының шығармашылығы мен рухы – қазақ әдебиетінің мәңгілік шырағы болып қала бермек.

С.Бақберген