Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:42

Каллас: ЕО санкциялары Ресейдің мұнай табысын 30 пайызға қысқартты

Кая Каллас
Фото: ашық дереккөз

Еуропалық одақтың санкциялары Ресей экономикасына, әсіресе мұнай экспортына әсерін тигізіп жатыр. Бірақ бұл қадамдарды АҚШ толық қолдаса, нәтижесі бұдан да айқын болар еді, деді ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас.

Die Welt газетіне берген сұхбатында Каллас Мәскеудің Украинаға басып кіруін жалғастыруына байланысты Ресей «ауыр күндерді» бастан кешіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ЕО енгізген шектеулер салдарынан Ресей әскери-өнеркәсіптік кешенін қаржыландыруға қажет миллиардтаған доллардан айырылып отыр.

«Қара флот» пен табыс жоғалту

Каллас ЕО-ның Ресейге қарсы 19-санкция пакеті бойынша жұмыс жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Ресейдің «қара флоты» арқылы мұнай тасымалына салынған шектеулер Балтық және Қара теңіз бағыттарындағы экспорттан түсетін табысты бір апта ішінде 30 пайызға қысқартқан.

«ЕО санкцияларының арқасында Ресей миллиардтаған доллар жоғалтты. Бұл қаражат енді Ресей әскери машинасын қаржыландыра алмайды», – деді Кая Каллас.

Еуропа одағы кейінгі жылдары Ресейдің энергетикалық экспортына тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдады. Соның ішінде мұнай мен мұнай өнімдерін теңіз арқылы тасымалдауға тыйым салу, «баға шектеуін» енгізу және қара флот арқылы тасымалдарға тосқауыл қою сияқты қадамдар бар.

Сарапшылардың айтуынша, санкциялар Ресей бюджетінің кірісіне тікелей соққы беріп отыр. Бұл жағдай Мәскеудің соғыс шығындарын өтеу мүмкіндігін едәуір шектейді.

Айта кетейік, кейінгі уақытта Ресейдің бірқатар өңірлерінде жанармай тапшылығы бар. Жанармайға кезекке тұрған көліктердің видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр.

Тегтер: