Каллиграфияңа қара да, өзіңді таны

Мектеп-интернаттың 7-сыныбында оқып жүргенімізде қазақ әдебиеті пәнінен Еркін Төремұратов деген ағай сабақ берді.
Бет-бейнесі Бейімбет Майлиннен аумай қалған, аса сабырлы, мінезі жұмсақ, жылы жүзді кісіні бәріміз жақсы көруші едік. Ол ұстазымыздың көзі әлі тірі, профессор. Сол ағай бірде мені бүкіл оқушылардың көзінше мақтады-ай келіп. «Өте әдемі, сұлу, сауатты, ұқыпты жазады, грамматикалық қателерге жол бермесе келешекте үлкен жазушы болады», – деп айтып салды. Жылы сөзден жаным семіріп, бір сәт төбеммен көк тіреп тұра қалдым. Балалық көңіл-ай десеңізші, сол мақтау сөздің инерциясымен ертеңгі сабақ үстінде қол көтеріп: «Ағай, айтыңызшы, дүниежүзінде ең әдемі жазатын кісі кім?» – деп сұрақ қойдым. Орынсыз сұрақ екенін ол кезде мен қайдан білейін. Ағай аз-кем ойланып тұрып: «Жазушы Ғабит Мүсірепов», – деді де, сабақты әрі қарай жалғастырып ала жөнелді. Біз, оқушылар, Ғабит Мүсіреповті білетінімізді айтып шулап қалдық. Өйткені «Қазақ солдаты» романын жата-жастана оқып, Қайрош, Шеген т.б. кейіпкерлерімен жақсы таныс едік.
Мектепті бітіріп, Алматыға оқуға түскен 1969 жылы үш дос әкемтеатрға барғанбыз. Анадай жерде бір топ кісі қораланып әңгімелесіп тұр екен. Байқап қарасам, суреттерін газет-журнал, кітаптардан көріп жүрген жүзі таныс адамдар көзіме оттай басылды. Сәбит Мұқановтың қасында бір әйел адам, Тұманбай Молдағалиев, мен танымайтын төрт-бес кісі және орта тұсында көзілдірігін қолымен әлсін-әлсін көтеріп, басын шалқайтыңқырап ұстап тұрған Ғабит Мүсіреповті жазбай таныдым. Жетім өскен адам жігерсіз, жасқаншақ бола ма қайдам, қастарына жақындауға батылым жетпеді. Дүниежүзінде ең әдемі жазатын кісіні екі қадам жерден көріп тұрдым. Қол беріп амандаспады демесеңіз, балалық шақтағы бір көрсем деген арманыма жеткендей болдым. Біздің айтайын дегеніміз бұл емес еді.
«Каллиграфия» сөзі грек тілінен қазақшаға қотарғанда – көркем жазу өнері дегенді білдіреді. Өнер болғанда да, өресі биік, өнегесі мол, өмірлік маңызын өлшеуге келмейтін өнер. Бұл өнер адамның ақыл-ойы мен қол еңбегінің жемісі. Бір ерекшелігі – көркем жазу адамның болмыс-бітімін, табиғатын, жан дүниесін, адами қасиеттерін көрсетіп тұрады. Адамның жаратылысынан хабар береді. Былайша айтқанда, «сіз маған жазуыңызды көрсетіңіз, мен сіздің кім екеніңізді айтып беремін» дегенге келіңкірейді. Сіздің адалдығыңыз, еңбекқорлығыңыз, ақкөңіл жомарттығыңыз, батыл әрекеттерге бара білетініңіз, жауапкершілікті терең сезіне алатыныңыз, тазалығыңыз, кісілік келбетіңіз, білімділігіңіз немесе қулық-сұмдыққа бейім, мақтаншақ, өркөкірек, жалқау, талапсыз, қисық-қыңыр мінез т.б. адами қасиеттеріңізді жазу мәнеріңіз жарқыратып көрсетіп тұрады.
Ислам елдерінде каллиграфия сонау Х ғасырдың өзінде жоғары бағаланған болса, грек және латын жазуларының классикалық каллиграфия үлгісі біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде бастау алған. Жазу өнері бастауыш мектепте пән ретінде оқытылып, каллиграфия принциптерін сақтау талап етілген. Бүгінгі күнге дейін. Сәл ертеректе кітап басу ісінің және машинкамен жазудың өрістеуіне байланысты каллиграфияның қолданылу аясы тарылған болса, қазіргі компьютерленген ғасырда мүлдем құрып бітуге айналды. «Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер» деген Абайдың өсиеті аяқ астында қалды. Тірлігіңіздің бәрін компьютер бітіріп береді, сіз тек қол қоюды білсеңіз болды.
Енді каллиграфияның қыры-сырына көңіл аударып, жазу мәнерінің табиғатына қысқаша экскурсия жасап көрейік. Айталық, майда жазатын адам қызғаншақ, сараң, күншіл келеді; ірі әріптер жомарт, ақкөңіл, адал, қанағатшыл, кеңпейіл кісілерге тән; тұрақсыз, айнығыш, немкетті, уәдешіл адамның жазу мәнері ірі-майда әріптер айқұш-ұйқұш араласып жатады; жазу бір сызықтың бойынан жоғары қарай өрлеп кетсе – мақтаншақ, жеңілтек, ұқыпсыз, өзін асқақ ұстайтын адам; жазу төмен қарай құлдырай жөнелсе – жасық, өзіне сенімсіз, қорқақ, білімі таяз адам болғаны; шиырып, өрнектеп, әріптерге әлдебір детальдарды қосақтап жазатын адам тәкаппар, өркөкірек, шалт мінезді адам т.б. Жазу мәнерінде әріптер сұлу, алыстан көрінетін маржан тістей тізіліп, бір сызықтың бойынан ауытқымай, әріп арасы үзілмей тұратын болса, аса ақылды, салмақты, табиғаты таза адамды көреді екенбіз. Әдемі каллиграфия жаны ізгі, сұлулықты сүйетін, байсалды, құлық-сұмдығы жоқ, батыл қадам жасаудан тайсалмайтын, жан-жақты дамыған адамдарға тән. Жер бетінде қанша адам болса, сонша жазу мәнері бар. Әрине, каллиграфиясы әдемі, сұлу, көркем адамдардың қатары қашанда қалың болмайды.
Бала жазу-сызуды балабақшада үйреніп, жазу мәнері мектеп қабырғасында жүргенде толық қалыптасады. Тарыдай болып кірген күннен кекілінен сипап, көркем жазуға баулып, таудай болып шыққанша көз жазбай қадағалап отыру керек. Көркем жазу баланы өз бетінше еңбектенуге тәрбиелейді, ұқыпты болуға, таза жүруге баулып қана қоймайды, жауапкершілікке де үйретеді. Компьютер білім көкжиегін кеңейткенімен, көркем жазу тәрбиесінің түбіне жетіп тыңды. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап қалыптасатын баланың жазу мәнері өмір бойы өзгермей қалады. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдеріне үлкен жауапкершілік артылатыны айтпаса да түсінікті. Ұзақ жылдар бойы ой еңбегінен қажып, қайраты қашқан «апайларды» жалынды жас толқынмен ротациялап отырса, қанеки. Әл-әзірше бұл мәселенің басы ашық күйінде қалып отыр. Баланың сұлу, көркем, әдемі жазу мәнеріне дағдыландыру мен қалыптастыру тәрбиесі талбесіктен бір елі де кем емес. Каллиграфия – адамның жаратылысына әсер ететін тылсым күші бар саңлақ өнер, ғибраты мол ғылым десек жаңылыспаймыз.
Қазіргі заман талабы бойынша қызметке тұру үшін талапкерлер түрлі тест тапсырып тыраштанып жатады. Ол да дұрыс шығар. Дегенмен жазу мәнеріне баға берсе, таңдау толыққанды іске асар еді. Өйткені каллиграфия адамның кім екенін көрсетіп тұратын айна сияқты. Еш жаңылыспай, дөп басып айтып береді. Бұл тәжірибе шетелдік ірі компанияларда әлдеқашан қалыптасып қалған.
Өзім ізденіп жүріп ғұлама жазушы Ғабит Мүсіреповтің қолжазбаларын көріп, автографтарымен таныстым. Қандай әдемі, сиқыры мол сұлу каллиграфия десеңізші! Жазушының көркем жазу мәнері әлемдегі ең әдемі жазатын кісі екеніне көзімді жеткізіп қана қоймай, ұлы суреткердің сұлулыққа тұнып тұрған таза табиғатын толық ашып тұрғандай көрінді. Әдемі каллиграфия – адам әлемінің айнасы екеніне еш күмәнім қалмады.