Қамауда отырған Алмас Садырбай Тоқаевқа үндеу жасады
Ассоциация мал шаруашылығы өкілдерінің төрағасы, қамауда отырған Алмасбек Садырбай өз ісіне байланысты президент Тоқаевқа үндеу жасады.
«Мен қамауда отырғаныма бір жыл болды. Осы уақытқа дейін үмітімді үзбей, үнсіз шыдадым. Бір жыл ішінде мені 10 рет этаппен басқа жерге ауыстырды. Тергеудің соңғы күні, қамау мерзімі аяқталар сәтте, ведомствоаралық тергеу тобы ісіме жаңа баптар қосты — «ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу» және «мүлікті заңдастыру» деген айыптар. Осы арқылы менің қамау мерзімін тағы ұзартты», - делінген әлеуметтік желілерде тараған, жасанды интеллект көмегімен жасалған Алмасбек Садырбайдың видеоүндеуінде.Үндеумен бірге жарияланған мәтінде Садырбай өз кінәсін дәлелдейтін ешқандай айғақтың жоқ екенін айтады. Оның пікірінше, істің саяси астары бар және барлығы оның қоғамдық белсенділігімен байланысты.
Еске салайық, Алмасбек Садырбай өткен жылдың қарашасында ұсталған. Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі ол «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде 1,2 миллиард теңге көлемінде субсидияны жымқырды және алаяқтық жасады деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Кейін тергеу соты оның қамауда ұстау мерзімін осы жылдың 5 қарашасына дейін ұзартқан.