Қамауда отырған «Атажұрт» қозғалысының екі белсендісіне қысым көрсетіліп жатқаны хабарланды
Алматыда тергеуге алынған тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының белсенділерінің туыстары жеке үйде баспасөз конференциясын өткізіп, қамауда отырған жақындарына белгісіз адамдар тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Олардың айтуынша, ұсталғандарға қандай да бір құжаттарға қол қойдыруға тырысқан. Бұл туралы Азаттық Азия жазды.
Атап айтқанда, қамауда отырған Бақытнұр Нұрмұқанға екі бейтаныс адамның келіп, белгісіз құжатқа қол қоюды талап еткені хабарланды. Бұл туралы ол 2 сәуір күні әкесіне айтқан. 80 жастағы әкесі науқас ұлына зиян келуі мүмкін деп алаңдап отыр.
"Ұлыма екі бейтаныс адам келіп, қол қоюды талап еткен. Ол не үшін екенін сұрап, бас тартқан. Ұзақ уақыт үгіттеген, бірақ қағазда нақты не жазылғанын айтпаған. Ұлымның құлағы нашар естиді. Оған “кінәлі болсаң да, болмасаң да, бәрібір қол қой” деген", – деді Бақытнұр Нұрмұқанның әкесі Нұрмұқан Арыстан.
Батылбек Байғазының анасы Назира Шаймұрат та сотқа екі күн қалғанда ұлына екі бөгде адамның келіп, күшпен құжатқа қол қойдырғанын айтты.
"Ұлым нақты неге қол қойғанын түсіндірмеді. Мен түрме басшылығына “кім келді?” деп сұрадым, бірақ жауап бермеді. Бізді оған кіргізбейді, жарты жылдан бері ұлымды көре алмай жүрмін. Денсаулығы да әлсіз: көзіне ота жасатпақ болғанбыз, бүйрегі де ауырады", – деді ол.
Белсенділер отырған Талдықорғандағы №71 мекемесінің тергеу изоляторынан пікір алу мүмкін болмады: кезекші бөлім қоңырауларға жауап бермеген.
Тіркелмеген «Атажұрт» ұйымына қатысы бар 19 адам ұлтаралық араздықты қоздыру бабы бойынша айыпталуда. Сот процесі Талдықорғанда жабық режимде өтіп жатыр.
Қылмыстық іске 2025 жылғы 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Қалжат ауылы маңында өткен наразылық акциясы себеп болған. Акция кезінде қатысушылар Қытай туын және Си Цзиньпиннің портретін өртеген.
Наразылық білдірушілер Шыңжаңда қамауда отырған қазақтарды босатуды, сондай-ақ екі ел арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен. Сонымен қатар, олар Қытайға жұмысқа барып, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды талап еткен.
Акциядан кейін белсенділер алдымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейін қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта олардың 13-і қамауда, ал алтауы үйқамақта отыр.