Камчаткада 7,2 балдық жер сілкінісі тіркелді

Камчатка түбегінде қуатты жер сілкінісі болды. Ресей Ғылым академиясының геофизика қызметі оның магнитудасы 7,2 екенін хабарлады.
Жер сілкінісінен кейін өңір губернаторы Владимир Солодов барлық қызметтерді жоғары дайындық режиміне көшіруді тапсырды.
Сілкініс Камчатканың шығыс жағалауындағы теңіз аймағында тіркелген. АҚШ Геологиялық қызметі дүмпуді 7,8 балға бағалады. Алғашқыда цунами қаупі туралы ескерту жасалғанымен, кейін бұл дабылдың күші жойылды.
Әзірге қираған ғимараттар немесе адам шығыны туралы ақпарат жоқ. Мамандардың айтуынша, дүмпудің теңіз түбінде орын алуы салдардың жеңілдеу болуына ықпал етуі мүмкін. Дегенмен тұрғындарға сақтық шараларын сақтап, жағалаудан алыс жүруге кеңес берілді.
Губернатор Солодов барлық төтенше жағдай қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейтінін мәлімдеді. Жергілікті билік мектептер мен әлеуметтік нысандарды тексеріп жатыр.
Еске сала кетейік, бұл — Камчаткада биыл болған алғашқы ірі жер сілкінісі емес. 30 шілдеде өңірде 8,8 балдық жер сілкінісі тіркеліп, цунами қаупі жарияланған еді. Ол кезде де тұрғындар эвакуацияға дайындалып, барлық қызметтер төтенше жағдайға көшкен болатын.