Камчыбек Ташиевтің сыныптасы министрлік жанындағы қызметінен босатылды
Қырғызстанда Экономика және коммерция министрлігі жанындағы Монополияға қарсы реттеу қызметінің төрағасы ауысты. Бұған дейін бұл қызметті Женалы Орозбаев атқарған. Ол – бұрынғы ҰҚК төрағасы Камчыбек Ташиевтің сыныптасы.
Бұл туралы Kaktus.media хабарлады.
Қызметтің жаңа төрағасы болып Айбек Мамыралиев тағайындалды. Ол ведомство ұжымына таныстырылған.
Ташиевтің жақтасы ұсталды
БАҚ мәліметінше, Камчыбек Ташиевтің жақтасы Нургазы Анаркулов та ұсталған. Ол Қазақстанмен шекарада Қырғызстанға кіріп келе жатқан кезде қолға түскен.
Кей деректерге қарағанда, Анаркулов Қырғызстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге қолдау көрсетуге шақырған.
Басылымның жазуынша, оның үйінде тінту жүргізіліп, кейін Бішкек қалалық ІІБ-нің уақытша ұстау изоляторына қамалған.
10 ақпанда Камчыбек Ташиев Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы қызметінен босатылғаны белгілі болды. Тиісті жарлыққа президент Садыр Жапаров қол қойған.
Жапаровтың баспасөз хатшысы Ташиевтің жақын ортасындағы адамдар депутаттарға хабарласып, оларды «генерал жағына өтуге» және «жаңа президент сайлауын бастамалауға» үгіттегенін мәлімдеген.
Ташиевтің отставкасынан кейін күштік құрылымдарда қайта құру басталды:
оның орынбасарлары қызметтерінен айырылды;
Шекара қызметі ҰҚМК құрылымынан шығарылды;
Президентке тікелей бағынатын жаңа Мемлекеттік күзет қызметі құрылды;
жергілікті парламент спикері Нурланбек Тургунбек уулу өкілеттігін тоқтатты;
Ташиевтің жиені Нургазы Матисаков көлік прокуратурасы басшысы қызметінен босатылды;
Көлік және коммуникациялар министрі Абсаттар Сыргабаев та қызметінен кетті. Жергілікті БАҚ оны Ташиевтің «өкіл баласы» деп атайды.
Сондай-ақ Бішкек қаласы бойынша ҰҚМК басқармасының бұрынғы басшысы Эльдар Жакыпбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның артынан Жакыпбековке жақын саналған, Чу облысы бойынша ҰҚМК тергеушісі, «Вазелин» лақап атымен белгілі қызметкер де ұсталған.