Канадада 18 жастағы қыз 8 адамды атып өлтіріп, өзіне қол салды
10 ақпан күні Канаданың Британдық Колумбия провинциясындағы Тамблер-Ридж қаласында ел тарихындағы ең жаппай қанды оқиғалардың бірі тіркелді. 18 жастағы қыз алдымен өз үйінде, кейін мектепте атыс жасап, сегіз адамды өлтіріп, соңынан өз-өзіне қол жұмсады.
Полиция мәліметінше, шабуыл түстен кейін басталған. Алдымен күдікті өз үйінде 39 жастағы анасын және 11 жастағы інісін атып өлтірген. Кейін ол төрт жыл бұрын оқудан шыққан бұрынғы мектебіне барған.
Мектепте 39 жастағы мұғалім мен 12-13 жастағы бес оқушы (үш қыз, екі ұл) оққа ұшты.
Тағы 20-дан астам адам түрлі деңгейде жарақат алған. Бірнешеуі ауыр халде ауруханада жатыр.
Шабуыл жасаған кім?
Күдікті – 18 жастағы Джесси Ван Рутселаар. Ол оқиға орнында өз-өзіне қол салған. Шабуыл кезінде ұзын ұңғылы мылтық пен тапанша пайдаланылған.
Полиция оның жалғыз әрекет еткенін хабарлады. Тергеу барысында өлім алдындағы хат немесе нақты себеп анықталмаған. Құқық қорғау органдары шабуылдың нақты бір адамға бағытталмағанын айтады.
Белгілі болғандай, күдіктінің психикалық денсаулығына байланысты бұған дейін полицияға бірнеше рет хабар түскен. Ол психиатриялық тексеруден өткен. Бұрын қару ұстауға лицензиясы болғанымен, оның мерзімі 2024 жылы аяқталған.
Шағын Тамблер-Ридж қаласында шамамен 2400 адам тұрады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай қасірет бұл өңір үшін бұрын-соңды болмаған жағдай.
Канада премьер-министрі Марк Карни қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, парламент бір минут үнсіздік жариялады.
Бұл оқиға Канада тарихындағы ең жаппай кісі өлтірулердің бірі ретінде бағалануда. Тергеу жалғасып жатыр.