Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:40

Канадалық компания уран дауына байланысты Қазақстанмен қайта соттасуға кірісті

Солтүстік
Фото: ашық дереккөз

Канаданың World Wide Minerals Ltd (WWM) компаниясы Қазақстанға қарсы арбитраждық дауды қайта қарау жөнінде ресми хабарлама жолдады. 

Бұл – Қазақстандағы уран өндірісіне салынған инвестицияларға қатысты арбитраждық істің үшінші кезеңін бастайды. 

Даудың қайта жандануына Англияның Жоғарғы сотының 2025 жылғы 28 ақпандағы шешімі түрткі болған. Ол кезде Лондон соты арбитраждың канадалық компанияға 54,5 млн доллар өтемақы төлеу жөніндегі шешімін жойып, Қазақстанның ұстанымын қолдаған еді. Алайда World Wide Minerals бұл шешім арбитраждың барлық тұжырымдарын емес, тек себеп-салдар байланысы мен залалды есептеу бөлігіне ғана қатысты болғанын алға тартып отыр.

Компанияның мәлімдеуінше, 2019 жылғы қазанда шығарылған алғашқы арбитраж шешімінде Қазақстанның халықаралық құқықты және Канада – КСРО арасындағы екіжақты инвестициялық келісімді бұзғаны туралы тұжырымдар әлі де күшінде қалып отыр.

«2019 жылғы алғашқы арбитраж шешімінде Қазақстанның халықаралық құқықты бұзғаны жөніндегі қорытындылар міндетті сипатқа ие және қайта қарауға жатпайды», – деп атап өтті World Wide Minerals өкілдері.

Компания ұстанымы

World Wide Minerals компаниясының президенті әрі бас директоры Энн Мари Кэрроллдің айтуынша, компания шамамен 30 жылдан кейін арбитражға қайта оралуға мәжбүр болып отыр.

Оның сөзінше, Қазақстан тарапы екі арбитраждық шешімде де заңбұзушылықтар расталғанына қарамастан, істің нәтижелерін даулауды жалғастырып келеді. Ал үшінші арбитраж ісін жаңа құрамдағы трибунал қарайды.

Даудың тарихы

World Wide Minerals пен Қазақстан арасындағы жанжал 1990-жылдардың соңында басталған. Сол кезеңде канадалық инвестор Қазақстанның уран өнеркәсібіне қаржы салып, саланың ең ірі кәсіпорындарының бірін басқарған. Тараптар арасында инвестициялық келісім болған.

Алайда кейін компания лицензиялар мен басқару құқықтарына байланысты Қазақстан билігі халықаралық инвестициялық міндеттемелерді бұзды деп есептеп, істі арбитражға шығарған.

Тегтер: