Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Қанат Бейсекеев аутизм туралы деректі фильм түсірді

Қанат Бейсекеев
Фото: Болат Өтемұратов қоры

2026 жылғы 15 қаңтарда Астанада режиссёр Қанат Бейсекеевтің аутизмі бар балаларға, олардың отбасыларына және күн сайын оларды әлемге бір қадам жақындатуға көмектесіп жүрген жандарға арналған жаңа деректі фильмі – «Аут» картинасын таныстыру рәсімі өтті. Фильм Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен түсірілген.

Аутизм тақырыбы қоғамда жеткілікті деңгейде қозғала бермейді. Бірақ ол мыңдаған отбасы үшін күн сайынғы күрес: әлеммен байланыс орнатуды үйреніп жүрген балалар, әр күні тірек іздейтін ата-аналар және әр баланың қауіпсіз әрі еркін ортада өз әлеуетін аша алуына жағдай жасайтын мамандар.

«Аут» фильмі дәл осы туралы. Ол диагнозды құрғақ терминдер мен статистика арқылы түсіндіруге тырыспайды. Керісінше, әрбір кішкентай жетістік – үлкен еңбек пен маңызды жеңіс саналатын қарапайым өмірді шынайы түрде көрсетеді.

1
Фото: Болат Өтемұратов қоры

Фильмнің оқиғасы Астанадағы балалардың вело-жаттығулары төңірегінде өрбиді. Мұнда спорт тек дене шынықтыру ғана емес, өзара тіл табысудың, байланыс орнатудың, өзін және қозғалысын бақылауды сезінудің, әлемге және айналасындағы адамдарға сенуді үйренудің жолына айналады. Фильм кейіпкерлері – әртүрлі отбасыдан, түрлі әлеуметтік ортадан шыққан балалар, алайда олардың барлығын спорт біріктіреді.

Фильм кейіпкерлерінің бірі – ерекше балалармен жұмыс істейтін велоспорт жаттықтырушысы Қайрат Халдыбек. Оның жолы шыдамдылық, жүйелілік және кәсібилік пен нағыз адамгершілік түйісетін үлгі.

1
Фото: Болат Өтемұратов қоры

«Бала велосипедте алғаш рет тепе-теңдікті сақтаған сәт – бұл тек физика туралы емес. Бұл – сенім, “менің қолымнан келеді” деген сезім туралы. Мұндай сәттер баланың өзіне деген көзқарасын да, айналасындағылардың оған деген қарым-қатынасын да өзгертеді. Қоғамның біздің балаларымыздан шектеуді емес, қабілеттерін көре білуі мен үшін өте маңызды», – дейді Қайрат Халдыбек.

Қанат Бейсекеев үшін «Аут» фильмі мансабындағы ең жеке әрі маңызды жобалардың біріне айналды. Бұл жұмыста режиссёр бақылаушы рөлінен саналы түрде бас тартып, тақырыпқа барынша адалдық пен жауапкершілікпен жақындайды.

«Бұл – адамдар және қолдау туралы фильм. Қасында сенетін жандар болғанда, өмірдің қалайша біртіндеп өзгеретінін көрсетеді. Аутизм жайлы әңгімеден қорықпай, оның ар жағынан тірі адамдарды көруге көмектесетін кино түсіргім келді», – деп бөлісті Қанат Бейсекеев.

Қанат Бейсекеев
Фото: Болат Өтемұратов қоры

Қанат Бейсекеев – Қазақстандағы деректі кино бағытындағы ең танымал режиссёрлердің бірі. Ол өз жобаларында формаға емес, адамға және оның тарихына басымдық беруімен ерекшеленеді. «Аут» фильмінде де режиссёр өзінің авторлық қолтаңбасын – байқағыш, шынайы әрі эмоциялық дәл стилін сақтай отырып, көрерменді бағалауға немесе аяуға емес, түсінуге және қабылдауға шақырады.

Фильмге көрсетілген қолдау Болат Өтемұратов Қорының аутизмі бар балалар мен олардың отбасыларына көмек көрсету бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы болды. Қордың негізгі жобаларының бірі – «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында 2014 жылдан бері Қазақстанның 12 қаласында 13 «Асыл Мирас» орталығы жұмыс істейді. Бағдарлама іске асқан жылдар ішінде 20 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді. Аутизм бағдарламасы туралы толығырақ Қордың ресми сайтынан білуге болады.

«Қоғам қабылдап, қолдай білген кезде ғана күшейе түседі деп сенеміз. “Аут” –балалар мен отбасылар және олардың күнделікті өмірін көруге көмектесетін шынайы әрі адамгершілікке толы фильм. Қор үшін түсіністік, құрмет және көмектесуге дайындық қалыптастыратын жобаларды қолдау аса маңызды», – деді Болат Өтемұратов Қорының Бас директоры Айнұр Кәрібозова.

1
Фото: Болат Өтемұратов қоры

«Аут» – диагноз туралы фильм емес. Бұл – адамдар туралы фильм. Әлем әрдайым ерекшеліктерге дайын бола бермейтін жағдайда, сол әлемді мейірімдірек әрі ұқыпты болуға үйрететін жандар бар екенін еске салады. Фильм қабылдау мен өзгерістер ұрандардан емес, қарапайым әрекеттерден басталатынын еске салады.

Картина Қанат Бейсекеевтің YouTube арнасында қолжетімді болады.