Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:17

Қанат Тілеухан. Полковник Болатхан (Әңгіме)

Қанат Тілеухан

Біз алғаш сегіз сотық жер алып Көкөзектің іргесіндегі далиған бос далаға үй салғанда бар-жоғы екі-үш түтін едік.

 Қазір Жаңатұрмыс деген өз алдына бір ауыл болып отырмыз. Әр аймақтан Алматы маңына ағылған жұрт қолдарынан келгенше үй-жайларын салып жатыр, салып жатыр. Алатау баурайындағы алып шаһарға дейін елу шақырым. Жол алыс деп жатқан ешкім жоқ. Таң ата Көкөзектің халқымен жаңатұрмыстықтар да жарысып қалаға қарай ағылады. Кеш қарая бала-шағаға бұйырған нәпақаларын тауып кері қайтады. Мен Мazda 626 деген ескі автокөлікпен адам тасимын. Жапонның бұл машинасының жаны сірі. Сүйретіліп жүре береді. Май да талғамайды. Бұзылса құдайы көршіміз Бөкең екеуміз шұқылап-шұқылап, жүргізіп аламыз.

– Рауанжан, енді тағы үш ай бұл сүржекейіңмен Алматы мен Жаңатұрмыстың арасын шаңдатасың, – дейді ол май-май қолын сүртпестен темекі қорабынан бір талын суырып жатып. Сосын: «Шіркін, мәшіннің төресі Уаз ғой. Ульяновтегі автомобильді зауыттан шығады. Біздің полк командирінде болды. Қазіргі джиптер мәшін бе? Немістің ескі аудилерімен соғысса жапырайып қалады. Мынауыңның да сүйегі жұқа», – дейді әңгімесін жалғап. Үнсіз қалғаныма ренжіп қалды дей ме екен: «Менікі де жетісіп тұрған жоқ. Атына заты сай. 99 десе, тоқсан тоғыз. Жигулидің аты жигули ғой. Бір бұзылса, бір айға тоқтайды. Майды жей береді. Алды-арты түтіндейді де жүреді. Содан кеп өз түтініне өзі шашалды. Ескі болса да жапонның мәшіндері әйбет-ей», – дейді ыржалақтап.

Бөкең екеуміз Жаңатұрмыстың байырғы тұрғындарымыз. Арамызда үй жоқ. Бір күнде үйіміздің іргетасын бірге құйдық. Бір-бірімізден ананы-мынаны сұрап, өлгенде үйімізді салып алған жайымыз бар. Ол кезде қазір самсап тұрған үйлер жоқ. Менікі қамыстан, ол қызыл кірпіштен құжырасын көтерді. Сонысын мақтан көреді. Жалпы Бөкең табиғатынан ашық-жарқын, әңгімешіл адам. Сұңғақ бойлы, балуан денелі. Бірақ бойын ыза қысқанда маңайын қырып жіберетіні бар. Бір жақсысы, қанша ашуланса да әйеліне қол көтермейді. «Қатынды еркектің сорлысы ғана ұрады. Әйелдің қырық жаны бар деген. Ұрып-соғып жеңе алмайсың. Қатын деген таяққа үйреніп алады», – дейді жас үлкендігін алдыға тартып ақыл айтқан кезде.

Көршім Ауған соғысының ардагері. «Мен 1982-1984 жылдары Ауғанстанның Герат деген қаласында болдым. Баяғы Жібек жолының бойында жатқан қала ғой. Сен маған біздің Шымкент ыстық-ыстық деп қоймайсың. Шымкенттің ыстығы не ол? Сенің Шымкентің Гераттың қасында қоңыр салқын жайлау ғой. Ауғанстанның күні батпайды ғой. Батса да батқан жерінде жатып алып жер жаһанды күйдіре беретін құдіреті бар. Соғыс 1988-1989-шы жылдары басылды ғой. Біз лапылдап тұрған отқа барып түстік. Бірақ жаман соғыспадық», – дейді үстінен тастамайтын тельняшкасының етегіне маңдайын сүртіп.

Еее, жаман соғыспағандарың сол ма, сексен тоғызда тырағайлап қаштыңдар ғой, – дейді қыжыртқысы келетіндер.

Қашқан бұлар ма? «Приказ» солай болды, – дейді енді біреулер.

Америкадан жеңілді біздікілер, – деп білгіштердің бірі қойып қалады.

Ауғанстанды жер жүзінде ешкім жаулап ала алмаған. Тіпті заманында Ескендір Зұлқарнайын да, – дейді ең соңынан Бөкең ауыр күрсіне, сұқ саусағын жоғары көтеріп. Сосын орнына кетуге ыңғайлана бастайды. Сол кезде біздің көшенің төмен жағында тұратын құрдасы Қайрекең: Құрдас, осы сен неге үстіңнен тельняшкаңды тастамайсың? – дейді.

Бұл менің ауғаннан киіп келген тельняшкам. Қан мен терім сіңген.

Сен келгелі қай заман. Не деген мықты мәйкі. Біздің киімді қатын екі рет жуса өңі кетіп қалады-ей. Бұның оқ та өткізбеген шығар.

Басқа-басқа, тельняшка туралы сен айтпай-ақ қойшы, тақтай Қайрат. Базарда тақтайыңды сатып жүре берсеңші. Сен Ауғанстан түгілі, жай әскерге бармағансың ғой. Әскерге барсаң, асханада картоп аршудан қолың босамайтын еді, – деп ашулана түседі.

Ондай кезде бәріміз жабылып тақтай Қайратты Бөкеңе жығып береміз. Болатхан ашуланса жаман. Ашуланбай-ақ қойсын. Ауған жайлы әңгіме осымен аяқталды. Ол аяғын жылдам басып, үйіне қарай бет алды. Соңынан ілесіп келем. Мені байқаған Бөкең сәл аялдап, маған қарады да: «Шешем болмағанда қазір полковник болар ем» деп жерге бір түкірді де жүріп кетті.

Жеңгей дастарқанын жайып қойғанымен тамақ әлі дайын емес екен. Дүкеннің бөлке нанын кесіп жатыр. Бізді көре сала: – Болатхан, үстіңдегіні шеш. Кірлеп кетіпті ғой. Өткенде базардан басқа тельняшка алып келіп ем. Құдай-ау, қайда қойдым. Қазір тауып алып келейінші, – деп жатын бөлмеге қарай кетті. Бөкең тіл қатқан жоқ. Тамақ уақытылы дайын болмаса шытыр ете қалатыны бар. Қарны ашса сабыры кетіп, адамды басынғыш боп кетеді. Менен ұялды ма, бұл жолы әйтеуір әйеліне ләм деп ауыз ашпады.

Бұл үйге алғаш кіргенде көзіме түскені қабырғада ілулі тұрған әскери киім. Десанттың киімі. Мұнтаздай тап-таза. Кеше ғана осы үйдің баласы әскерден келген бе дерсіз. Пагондағы үлкен СА деген әріпті көргенде ғана совет армиясының жәдігері екенін түсінесіз. Тамақ дайын болғанша Бөкең әдеттегідей Ауғанстаннан киіп келген формасының тарихын баяндап шықты. Бұрын да айтқан. Мен бұл жолы да алғаш тыңдап отырғандай бар зейініммен құлақ астым. «Әттең старшинаға екі бөтелке арақ беріп алған «дембельский» етікті ғана сақтай алмадым. Хром етік еді. Ауылдан көшерде малшы жездем білдірмей алып қалыпты. Қатын да ие болмаған», – деп әңгімесін күйіне тәмамдады. Сосын «Әй тамағың не болды? Сала берші. Қалғаны қарынға барып пысады» деді гүрілдеп.

Ішіне ел қонған Болатхан мені ертіп төргі бөлмеге келді. Интернет арқылы «9-шы рота» деген ресейлік киноны қойды. Айтуына қарағанда ауған соғысы жайлы ең жөнді фильм осы. «Тоқ басып ал. Қазір қала көшелері кептеліс. Кешке жұмысыңа бір-ақ шығарсың. Бірге жатып мына киноны көрейік» деді Бөкең диванға жантайып жатып. Кино басталды. Киномен бірге Бөкеңнің де әңгімесі басталды. Мыналарды Ауғанстанға Ферғанада дайындаған ғой. Біз Шыршықта дайындалдық. Алты ай. Мына прапорщиктің ұрғаны түк емес. Мен радист болдым. Үш күн берді, зілдей төрт бұрышты жәшікті сөйлетуді үйреніп ал деп. Басқа қонбады. Төртінші күні күштілеп тұрып тепкіледі. Жарты сағатта бәрін ұғып алдым. Қазір біреуді ұрсаң полицияға арыз жазып жібереді. Негізі таяқтан қорықпау керек. Адам баласы жалпы сөз ұқпайтын топас қой. Жұдырық бәрін жөнге келтіреді. Соғыста командирден кейін екінші адам радист. Байланыс жоқ па, біттің. Туғаннан қолына автомат ұстап, тау-таста таутекедей орғып өскен маджахеттер сені аямайды. Көршім қыза түсті. Телевизордың дауысын басып тастап, Ауғанстан жайлы әңгімесіне молынан кірісті. Біздің қасымызға кеп тізе бүккен жеңгей күйеуін жақтырмай отыр. Рауан, есіңде болсын, соғыстың тактикасы әртүрлі. Далада, орманда, тауда соғысудың өз тактикалары болады. Мысалы, қазіргі соғыстар қалаларда жүріп жатыр. Біздің қорғаныс министрлігі қала соғыстарына сарбаздарды бейімдеу керек деп барып тоқтады.

Бір байқағаным, Болатхан соғыс жайлы кинодан басқа кино көрмейді. Қайталап көруден де жалықпайды. Американың фильмдерін ұнатпайды. «Олардың түсіргендері өтірік. Бір адам жалғыз өзі бір ротаны қырып тастайды. Соғысқа бармағандар түсірген, ертегі», – деп күйінеді. Бөкең телевизордың дауысын тағы бәсеңдетіп, маған қайырылды.

– Рауан, міне, көрдің ғой. Полк командирі «кім Ауғанстанға барғысы келмейді бір адым алға шықсын» деп тұр. Ол жаққа әркім өз еркімен барды. Қазір бір білгіштер күштеп апарыпты, жасырып апарыпты деп пыш-пыштап жүр. Бәрі өтірік. Бізден де сұрады. Біздің полктан бір-екі қорқақ шықты. Оларды бірден құрылыс батальонына жіберді. Казармаға заттарын алуға кіргенде сүмірейіп жүрді. Жігіттер бір-екі шапалақ берейік деген. Мен тоқтаттым. Қайтеміз дедім қол былғап. Онсыз да екі жыл қолдарына күрек ұстап өтетін байғұстар дедім.

Әй, сенің әңгімеңді тыңдай ма, әлде кино көре ме? – деді Әйгерім шыдай алмай. Болатхан әйелінің сөзін елеген жоқ.

Рауан, негізі десантқа түспеген соң әскерге бардым деудің қажеті жоқ, – деді назарын әйеліне бұрмастан.

Пультті маған берші, – деді әйел елеусіз қалғанына ашуланып.

Әйгерім, саған не болды?

Не болғаны несі? Киноның қадірін кетірдің ғой. Айтатын әңгімеңді сыртқа барып айт. Мен дұрыстап көрейін.

Сен бұл киноны көрдің ғой.

Тағы көргім кеп тұр. Тағы, тағы, тағы. Бұл жолы Әйгерімнің дауысы қатты шығып кетті. Болатхан «мынаған не көрінді» дегендей, әйеліне бажырая бір қарады да, түк түсінбедім дегендей маған қарады. Есін әрең жиған адамдай сәлден соң барып:

Саған не болды? Түсіндірші, – деді әйеліне.

Бұл киноны мың қайтара көрдің ғой. Қойсаңшы болды. Рауанға ауғаның туралы талай айттың. Сенен ұялғаннан отыр. Жарайды, мәшінін жасауға көмектестің. Енді жіберсеңші. Жұмысын істесін.

Қатын, сені жын ұрған ба? Мен бұны байлап ұстап отырмын ба? Өзіне де қызық қой.

Несі қызық?

Ауған соғысы жайлы. Өмір бақи осы Жаңатұрмыста жүрмейді ғой. Ертең басқа жаққа шыққанда Ауғанстан туралы айтып отырса өзіне жақсы ғой. Әйгерім күйіп кетті.

Несі жақсы? Әй ауған соғысын езіп іше ме? Еркек жұмыс істеу керек.

Мен не істеп жүрмін? Бөкеңнің шекесі тырыса бастады. Мен екі оттың ортасында қалдым. Не істерімді білмей далмын. Шығып кетейін десем тағы ыңғайсыз. Мелшиіп тұрдым да қалдым.

Сенікі жұмыс па? Бір күн барып ұйықтап-ұйықтап келесің де тағы бір күн ұйықтайсың. Сосын бір күн соғыс жайлы киноңды көресің. Тағы бір жұмысқа шықсаң болады ғой.

Қойшы. Баяғы сол бір әңгіме.

Енді не қыл дейсің? Басымызда бір емес, үш несие. Тым болмаса таксовкаға шықсаңшы. Күзеттен басқа да жұмыс көп қой. Болатхан бұл жолы жауап қайтармады. Өзара дауларын бөгде кісінің естігеніне ыңғайсызданып тұр. Мен тіптен қысыла түстім.

Жеңгең кейде осылай артық кетіп жатады. Жүр бір жаққа барып қайтайық, – деді Бөкең иығымнан түртіп. Қайда деп сұрайтын жағдай емес, соңынан ере түстім. Әйгерім де бізбен ілесіп тысқа шықты.

Болатхан, охранаңды тасташы. Әйел бұл жолы өтіне тіл қатты. Анау өзіңдей тақтай Қайрат дей беріп еді. Сөзін күйеуі шорт үзді.

Айта бермеші сол біреуді. Жүрейін енді сол сияқты. Біз үн қатпадық. Аздаған үзілістен соң барып Бөкең:

Бәріне марқұм мамашкі кінәлі. Ауғанда қалмақшы болғам. Қазір полковник болар едім, – деді шылымын тұтатып жатып. Жеңгей бұдан ары сөз қозғамады. Қолын бір сілтеді де, ішке кіріп кетті.

***

Бөлме іші алакөлеңке. Электр жарығы деген аты болғанымен, сығырайған шамнан отырғандардың жүзін анық көрмейсің. Еден төсенішсіз, қабырғаға да түкте ілінбеген жап-жалаңаш екен. Үстелде бір-екі бөтелке арақ пен тіскебасар көктат қана тұр. Шай ішіп отырған ешкім жоқ. Бірақ дастарқанға тостаған толтыра қант салып қойған. Оның бетіне қаптап шыбындар кеп қонады. Әрнені айтып отырып қара шыбындарды кезек-кезек қақпалайды. – Тағы да алып қояйықшы, шурави*. Мұндай сәт күнде туа бермейді! Рауан, – деді сосын ол маған, есікті сәл ашып қойшы. Мына жер қапырық болып кетті. Тер ағып кетті ғой.

Топсасы түскелі тұрған ескі есікті аштым да, орныма қайта кеп жайғастым. Шашы май-май кір басқан тельняшкасына сілекейі аққан полковниктің досы алдындағысын әлі алмапты. – Толик, тартсаңшы. Не болды-ей саған? Қатын қанды ішіп жіберді. Жұмыс істемейсің деп миды жеп бітті. Ал сен мені білесің. Мен қатынмен қатын болып ұрыса алмаймын. Қол да көтермеймін. Сосын саған келдім, досым. «Әйгерім мықты әйел!» Осы сөзді ғана айтуға шамасы келмеген Толик үстелге бетімен түсіп қылжиып ұйықтап кетті. Болатхан досына мағынасыз бір қарады да, «эх» деп оның стақанын көтере салды. Менің жүзімнен мазасыздықты аңғарса керек, «саспа, бәрі дұрыс. Мааааааас емеспін. Қазір қайтамыз. Ішетін де ешкім жоқ» деді ыржиып. Кенет «мен бармын» деген дауыс шықты. Отырыс барысында тез масайып ұйықтап қалған Толиктің танысы қайта тіріліпті.

Жігіттер, реніш болмасын. Реніш болмасын.

...

Мен өзім бір ұйықтап алып қайта ішетін әдетім бар.

Онда қайта танысайық!

Менің атым Ықылас. Ықа дей берсеңдер болады.

Болатхан. Полковник Болатхан!

Ооо полковник! Ықаң сол қолын әрең шекесіне қойды.

Мынауың әскерде болмаған ғой, – деді Бөкең маған көзінің қиығын тастап мырс етіп.

Иә, болғам жоқ, – деді Ықаң денесін тіктеп.

Жарайды ештеңе етпейді. Сендейлермен бір жүз грамм тартуға болады.

Мен әскерде болғам жоқ. Соғыста болдым! Қан майданда! Ықылас өз кеудесін өзі соққылап, сосын үстелді бір соқты да, жартыдан төмен бөтелкені аузынан ішіп тастады. Бөкеңнің шашынан иіскеп- иіскеп жіберді де «ВДВ» деп айғай салды. Бөкең атып тұрып, бос қалған бөтелкені басына сындыра салып, Ықаңды бас салды. Екеуі айырылысатын емес. Бір-бірін әрең босатты. Ықаң тағы да «ВДВ» деді. Дауысы үйдің ішіне сыймай сыртқа шығып кетті.

Воздушно-десантные войска, – деді Бөкең де қалыспай айғайлап.

Иә, ВДВ немесе врял ли домой вернешься!

Тура, тура! Ең нақтысы, войска дяди Васи!

Десантшылардың батясы генерал Маргелов үшін тартайық онда.

Маргелов үшін деген бір ауыз сөз мағынасыз кештің мазмұнын ашып жібергендей болды. Бөкең Ықыластың бұл сөзін жерге тастамай тартып жіберді. Ол да қалыспады. Мен тағы да өз жайыма қалдым. Бұлар менің бар-жоғымды ұмытты. Бір заматта екеуі сөз таластыра бастады.

Тұра тұр, Бөке. Тұра тұр. Сен маған полковникпін деп едің ғой.

Иә, полковникпін.

Жооооқ, жооооқ. Сен жаңа ефрейторды алмай кеттім дедің ғой.

Дұрыс!

Бөке, дұрыстап түсіндірші. Сен сонда ауғаннан кейін офицерлік шенді алдың ба?

Мен ауғанда қалмақшы болғанмын. Марқұм мамашка ғой. Қайт-қайттың астына алып. Сол кезде әскерде қалсам, қазір полковник болар ем. Енді түсіндің бе?

Ей, не айтып кеттің? Өзің не айтқаныңды түсінесің бе?

Мынауың сөз ұқпайды екен ғой. Бөкең маған бұрылып басын шайқады.

Ал сен ұқтыр.

Мамашкамды айтамын. Сол кісі болмағанда полковник болар ем. Енді қазір, әрине, отставкада болар ем.

Немене? Ықаңның көзі алайып кетті.

Мені бәрі полковник дейді.

Қойсаңшы. Қайда мамашка? Мамашка бүйтпегенде, сөйтпегенде. Не сөз? Баланың әңгімесін айтып. Сен ешқандай полковник емес екенсің ғой. Бұл жолы Ықаң кекете сөйледі.

Мен полковникпін! Болатхан тістене жауап қатты.

Қатардағы жауынгер Болатхан тік тұр! Фамиляң қалай? Айтшы, айтшы. Ықыластың кекете сөйлегеніне Бөкең жауап қайырмады.

Полковник Болатхан! Білдей бір полковниксың ба не? Полк басқардың ба, әлде дивизия басқардың ба? Сұрағы тағы да жауапсыз қалды. Ықылас қарқылдап күле бастады. Арасында менің иығымнан соққылап қояды. Бір мезетте түнеріп отырып қалған Бөкең серігіне:

Сендер Ауғанстанға қай жақтан кірдіңдер? – деді көзіне тік қарап. Ықылас күмілжіп бірден жауап бере алмады. Білмеймін, – деді иығын қиқаң еткізіп. Сосын:

– Түн іші болған. Әйтеуір пойызбен барғанымыз есімде. Біздің вагонда десанттар. Қалған вагонда танкистер мен жаяу әскер бөлімінің балалары болған.

Осы кезде не болғанын түсінбей кеттім. Жүрегім ойнақшып, өне бойым дірілдеп, басым айналып барады. Бәрі соншалықты жылдам болды. Дағдарып қалғаным содан. Болатхан күтпеген жерден Ықыласқа қарай атылды. Кеудесінен көтере жерге атып ұрды да, тепкілей ала жөнелді. Өлтіріп қоя ма деп қорыққаным сонша, қалшылдап кеттім. Ықаңның мастығы ма, әлде таяққа әбден еті үйренген бе, қыңқ деген жоқ. Бет-аузын қан қылып, шашынан сүйреп, орындыққа қайта отырғызғанда сұп-сұр боп сазарды да қалды. Бөкең төбесінен төніп тұрып: – Мені жынды қылдың ғой. Өтірік айтқанды саған көрсетейін, – деп жуан жұдырығын көтере беріп еді:

– Тоқта! – деді төбелестен оянып кеткен Толик. – Не болды соншама, полковник емессің дегенге өлтіресің бе? Толик тәлтіректеп кеп Болатханның жағасына жармасты. Бірақ жарытып қайрат көрсете алмады. Бір соққыны көтере алмай аяқ астында құлап жатыр. Іштен тағы да бір тепті. Толик ыңырсып орнынан тұра алмады.

Жаңатұрмысқа қарай қайтып бара жатырмыз. Мен рөлдемін. Түнгі жол ұзақ. Бітіп таусылар емес. Менде үн жоқ. Көршімнің жасы елуден асқан. Соған қарамастан артық еті жоқ. Үнемі денесін шынықтырып жүреді. Адам өзінің бойында жоқ дүниеге әуес, ынтазар болады ғой. Содан болар, оны әрдайым көргім, қасына жуықтағым кеп жүретін. Көрші әрі ағалы-інілі боп жүрген соң оны сес көретінім бар. Бірақ бұл жолы қорқайын дедім. «Әлгі екеуі тірі ме екен?» Менің шошып келе жатқанымды сезетін сияқты. Қабағын ашатын емес.

Қорықпа саған тимеймін, – деді сәлден соң.

...

Менің бір төбелесімді көрдің ғой, ә, – деп желкемді қысып-қысып жіберді. Ойнаған болып.

Аға, Ықаңды неге ұрып тастадыңыз?

Не үшін деп ойлайсың?

Соны түсінбей қалдық қой. Ол да Ауған соғысында болды ғой.

Өтірік! Сол үшін таяқ жеді.

Қалай?

Не естімедің бе? Не дегенін. Ауғанстанға қай жерден кірдіңдер деп ем. Пойызбен деп қояды. Ауғанға теміржол тартылмаған.

Толик енді таза «афганец» қой. Ол бар-жоғы ажыратпақ болды.

Иә, ол да Ауғанда болған. Бірақ ол «пехота». Олар ұрысқа кірген жоқ. Біз қару-жарақ тасыған дұшпанның керуендерімен соғысқан. Олар казармадан шықпайтын.

Әңгімеміз осы жерден тұйықталды. Полковник ішіп алғандағы әдетіне басты. Жан-жаққа қоңырау шала бастады. Таныстары оның ішкенде ғана мазалайтынын білсе керек, ешқайсы жауап қатпады. Бұл оның ашуына тиді. – «Гражданскийлердің» тірлігі осы. Шетінен қашып жүреді. Терезені ашып түкірді де, темекісін іздей бастады. Табар емес. Мен қалтамнан бір тал шылым беріп ұсындым.

Сен ғана дұрыс жігітсің, – деді полковник темекі түтінін будақтатып.

Ағамсыз ғой.

Саған менен сыйлық деді қолыма су құюға арналған әскери торсықты ұстатып.

Рақмет, – дедім ризашылық білдіргендей боп.

Бұны жоғалтпа. Бұл фляшканың мен үшін орны бөлек. Екі жыл Ауғанстанда белімде жүрді. Анау-мынау «фляшка» емес, «боевой фляшка». Саған қидым.

Рақмет, рақмет, – дедім тағы да.

Таксовкада су құйып алып жүресің. Ішіп көрші, бұған құйған судың дәмі бөлек болады, – деді торсықтың аузын ашып беріп. Бөкеңнің қолын қайтара алмадым. Шөлден қаталаған адамдай қомағайлана ұрттап жібердім. Ешқандайда бөлек дәмді байқамадым. Күннен су ысып кеткен. Алюминийдің дәмі шығып тұр. Керісінше, жүрегім айнып кетті.

Қалай екен?

Бөлек екен, бөлек екен дей бердім.

Әкелші, – деп өзі де ұрттап жіберді.

Темекі түтіні мен арақ иісінен кейін мына торсықтың суы басымды айналдырып жіберді. Алюминий сым темірін жұтып қойғандаймын. Дем алсам алюминийдің иісі мұрнымнан да шығады. «Мына иістен қалай құтылсам етті?» Өз тереземді жартылай ашып тастап шылым шеге бастадым. Жаңатұрмыс жеткізетін емес. Талғар екеуінің арасы соншалықты қашық емес еді. Тезірек үйге жетуге асығып келем. Бөкең тағы да жан-жаққа қоңырау шалуға кірісті. Бұл жолы әйтеуір біреу телефонын көтерді. Оған өзі де қуанып кетті. – Құрдас, жатып қалмадың ба? Бағана Талғар жақта ауғандық жігіттермен жүздетіп едік. Сен бір жарты құйсаңшы. Қасымда өзіміздің інішек Рауан. Штурвалды соған бердік қой. Полковниктің төбелестен кейін шекесі жазылып, дауысы жарқын-жарқын шыққаны осы болды. – Ей, тақтай Қайрат, – деді бір кезде телефонның ішіне кіріп кете жаздап. Ақша жоқ деп жылама. Не болды? Қазір не көп? Бәрі үй салып жатыр? Тақтайларың өтіп жатыр. Әлде бір төбелесімді көрсетейін бе? Тақтай Қайрат көнген сияқты. Полковник «иә, иә» деп басын изеп, жүзі жыли бастады. Мобильді телефонның дауыс зорайтқышын қосып, маған тыңда дегендей ымдады.

Бөке, қанша уақытта келесіңдер? Жолдан өздерің ала салсаңдаршы. Мен ақшасын жібере салайын.

Ей, – деді Бөкең тыржиып. Не менде ақша жоқ дейсің бе? Ішем десем, өзім-ақ аламын. Сен өзің құрдасыңа өз қолыңмен бір жарты алып құймайсың ба?

Болды, болды. Біздегі дүкен жабылып қала ма дегенім ғой.

Жабылмайды! – деді полковник үлкен сеніммен.

Онда болды. Мен жатып қалып ем. Қазір киініп барайын, – деді Тақтай Қайрат қоштасуға оқталып.

Тұра тұр. Айтпақшы, бір дұрыс жұмыс керек еді. Ана қатын да аз табасың деп қанды ішті. Қатындарға қанша тапсаң да аз. Бөкең сөз соңында боқтап жіберді.

Жұмыс жетеді. Бізге күзетке кел.

Қой-ей, – деді Бөкең жақтырмай.

Несі қой, құрдас. Мен де сол ағаш базарында күзетші боп бастадым. Сосын саудаға өтіп кеттім. Сен де сөйтсең болады.

Тақтай Қайрат, сосын мен тақтай Болатхан болам ба? Сарт сияқты жүрейін сауда жасап. Дұрыстау вариант айтсаңшы. Дұрыстау.

Енді, енді. Бізге күзетке кір. Айлық жаман емес. Түнгі кезекте ақша жасауға болады дегендей. Тақтай Қайраттың дауысы жалынғандай шықты.

Болмайды.

....

Бір тыныштау жер дұрыс қой. Жасымыз кеп қалды. Қонаев қаласында казиноға да жігіттер шақырып жатыр. Бірақ ол жақта мазасыз. Төбелес болады. Жүрем бе енді әркіммен бір төбелесіп. Қаланың шетінде бір бос қоймалар болады ғой. Сондай объектілер болса дұрыс болар еді. Тақтай Қайрат не айтарын білмей дағдарды ма екен. Үндемей қалды. – Жақсы, – деді полковник құрдасын одан ары қинағысы келмей. Келген соң жүзбе-жүз сөйлесеміз, – деді де байланысты үзе салды.

Менің мазам кетті. Алда тағы да мағынасыз, мәнсіз отырыс күтіп тұр. Енді Жаңатұрмыстың жолы ұзарғанның үстіне ұзара берсін деп тіледім. Алдымнан бірінен соң бірі шамдарын жарқыратқан өңкейген джиптер шыға бастады. Қанша белгі берсең де мән бермейді. Көзімді қайта-қайта тұмшалай берді. Автокөліктің газын баса түстім. Алдымнан ауыр жүк көтерген камаздар керуені шықты. Оларды басып оза алмай тағы әуреге түстім. Кенет ту сыртымнан дарылдаған бір дауыс шықты. Әйнектен көріп келемін, бір көзді мото. Оның дауысы тіптен жынымды келтірді. Не қалмайды, не ілгері озып кетпейді. Тереземді жауып алғаныммен дарылдақтың үні өшетін емес. Өзіме-өзім жыным келді. «Қайдан ғана бұған ұрындым екен?» Шөлдегендей болдым. Ашу үстінде байқамай торсықтағы суды ұрттап жіберіппін. Жүрегім лобып, құсып жіберуге шақ қалдым. Сонымен қойшы, ақыры Жаңатұрмыстың шетіне іліктім. Камаздар айналма жолда жылдамдығы қарқынды ақылы тасжолға шығып кетті. Тек қана дарылдақ мото дауысы түн тыныштығын бұзып қояр емес. Автокөліктің үш айнасы арқылы да жан-жағыма көз тастадым. Үні өшкір мото жоқ. Үні құлағымда қалып қойып, полковниктің қорылы мотоның дауысындай естіліп тұр екен. Бөкеңнің ұйықтап кеткеніне қуанып кеттім. Оянып кетпесе екен.