Қандас жолы кезегі жетпейтін виза, ақшасы жетпейтін қазақ
2017 жылдан бері шекарасын тарс бекіткен іргедегі көршіміз Қытай биыл жыл басынан бастап барыс-келіс, алыс-беріске ақырындап рұқсат ете бастады.
Көп кешікпей, Қытай азаматтарының 14 күн Қазақстанға визасыз кіру режимі іске қосылды. Бұл, әрине, қазақ үшін, әсіресе арадағы алағай-бұлағай кездерде араларын шекара бөлген қандастар үшін қуанарлық жағдай еді.
Соңғы жылдары қазақ, ұйғыр сынды азшылық ұлттар жиі қоныстанған Қытайдың Шынжаң өңірінде саяси қысымның күшейгені белгілі. Бейжің билігі мұны «кәсіпкерлікті үйрету, сауат ашу орталығы» деп жасырып жапқанымен, онда концлагерьлердің бар екені, көптеген адамдардың сонда қамалып, тергеліп, азапталып жатқаны туралы әлемдік ақпарат көздері және адам құқықтарын қорғайтын ұйымдар жиі айтты. Бірақ Қазақстан билігі мұны «Қытайдың ішкі ісі» деп, араласудан бас тартты. Сөйтіп жүргенде Шынжаңдағы саяси дауыл бәсеңсіп, қайтадан жылымық орнай бастады. Осыдан кейін Қазақстандағы ет бауыр жақынын, әке-шеше, аға-бауырын көру үшін Қытайдағы қандастар әлгі «14 күндік визасыз режимді» пайдаланып, Қазақстанға ағылды. Дегенмен бұл визасыз режимнің аты айтып тұрғандай Қытай азаматтары Қазақстанда тек 14 күн ғана тұрады. Паспортын тіркеп, түпкілікті қалып қоя алмайды. Демек, атажұртына бір жола көшіп келгісі келген қандастар үшін визасыз келу тиімсіз. Сондықтан олар виза алудың қамына кірісері анық. Біз қаузағалы отырған түйін дәл осы Қытай азаматтарына, оның ішінде ұлты қазақ қандастарымызға Қазақстанға виза аштырудың қиындағаны, соның мехнаты мен азабы турасында. Себебі қазір Қазақстанға виза аштыру қарапайым қандастарымыз үшін қияметке айналған. Тіпті визаның кезегі сатылып жатқан көрінеді. Мәселені тарқатып айтайық.
Қазақстанға виза аштырудың заңды жолын, ондағы кедергілер мен бөгесіндер туралы Қытайдан келген қандастар айтып берді. Оның қысқаша тарихы, ережесі былай екен:
Негізі бұған дейін Шыңжаңдағы қазақтар Қазақстанға виза аштыру үшін Үрімжі қаласында орналасқан «ҚР СІМ Үрімжі қаласындағы паспорттық-визалық қызметі» деп аталатын мекемеге баратын (ресми тіркелген мекенжайы Үрімжі қаласы Күн Мин көшесі 216). Сонда апталап, айлап, кезекте тұрып, визаларын аштыратын. Кейіннен, яғни 2014 жылы «виза аштыруды жеңілдету үшін» Қытайда ең көп қолданушысы бар WeChat әлеуметтік желісінен Kezek деп аталатын қосымша ашылды. Енді адамдар сонда тіркеліп, визаға кезек алып, кезегі келген күні Үрімжіге барып, визасын аштырып жүрді.
Арадағы біраз үзілістен соң әлгі Kezek қосымшасы Kezek2 болып қайта іске қосылды. Адамдар оған тіркеліп, визаға кезек ала бастады. Мұның жолы өте қарапайым. Қалта телефоныңыз немесе компьютер арқылы WeChat әлеуметтік желісіне кіресіз де Kezek2 қосымшасын ашып, визаның кезегі берілетін уақытты күтесіз, дәл кезек берілетін кезде тиісті орынға паспорт нөміріңізді тіркеп, кезек алуға қам жасайсыз. Ең қызығы жыл басында Үрімжі қаласындағы паспорттық-визалық қызмет мекемесі виза кезегінің нақты қай кезде берілетінін адамдарға хабарламаған көрінеді. Оны кезек алушылар таныс-білістерінен сұрап білген немесе Kezek2 қосымшасына кіріп, сарылып күткен. Кейіннен алдағы аптадағы виза кезегі алдын ала Kezek2 қосымшасында жарияланып отырған. Көбінесе визаға кезек жексенбі күні кешке қарай беріледі екен. Үрімжідегі визалық паспорттық мекеме дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі және жұма күндері виза ашады, соған сәйкес күніне 120 адамға кезек беріледі.
Қытайдан Қазақстанға отбасын алып көшіп келген Есболат Мұрат есімді қандасымыз «жыл басында визаның кезегін алу қазіргідей қиын болмады» дейді. Оның айтуынша, визаға кезектің нақты қашан берілетінін алдын ала ешкім білмеген:
- 2023 жылы, 26 ақпан күні кешке Бейжіңде тұратын танысым «сәлден кейін визаға кезек беріледі» деді, содан Kezek2 қосымшасына кіріп күттік, айтқандай-ақ, Бейжің уақыты 23:30-да (Алматы уақыты 21:30) кезек алу басталды, бізге 16 наурыз күнгі кезек тиді. Сөйтіп, белгіленген уақытта Үрімжіге барып, визамызды аштырдық. Меніңше, бастапқы кезде қазіргідей визаның кезегін сату сияқты заңсыздықтар болмаған секілді, – дейді Е.Мұрат
Уақыт өте келе визаға кезек алу қиындай түскен. Оның басты себебі – Kezek2 қосымшасының баяу жұмыс істеуі. Әу баста бір аптаға жоспарланған 480 адамның кезегі 20-25 минутта үлестірілетін болса, кейінгі кезде 2-3 минутқа жетпей, таусылып кеткен. Міне, дәл осы уақытта WeChat секілді әлеуметтік желілерде «виза ашып береміз» дейтін адамдар көбейген. Келісімді ақшасын төлейсіз, олар сіздің паспорт нөміріңізбен виза аштыруға кезек алып береді. Кезегіңіз келгенде Үрімжіге барып, визаңызды аштырасыз. Осынндай кедергілерден соң екі-үш айлап күтіп, визаға кезек ала алмаған қандастар ақыры алмалсыз әлгі делдалдарды іздей бастапты.
Визаға кезекті делдал арқылы алғандардың бірі – Әділжан Кенжебек. Ол жақында ғана Қытайдан Алматыға көшіп келіпті.
– Екі-үш ай бойы визаға кезек ала алмадық. Кезек беріледі деген уақытта Kezek2 қосымшасына кіріп, өтініш тастаймыз, бірақ бізге бұйырмайды. Тіпті туыс-туғандарымыз да көмектесті, одан да еш нәтиже болмады. Ең соңында делдалдарға хабарласып, бір виза кезекті 3000 юанға (шамамен 180 000 теңге) сатып алдық. Қазір Kezek2 қосымшасына кіріп өз бетіңше визаға кезек алу мүмкін емес. Ал делдалдар оп-оңай алып береді. Мұның сырын біле алмадық, – дейді.
Ә.Кенжебектің айтуынша, «виза аштырып береміз, кезек алып береміз» дегендерге алданғандар да көп екен. Тіпті кейбіреулердің паспортын, ақшасын алып, ізім-қайым жоғалып кеткен алаяқтар да бар дейді.
«Виза ашамыз» деген делдалдарды біз де іздеп көрдік. Көп кешікпей, WeChat әлеуметтік желісінен табыла кетті. Arman-hez деген атпен тіркелген WeChat қолданушы өзінің жеке парақшасында «виза аштыратын сенімді адам таппай жүрсеңіздер мен көмектесіп, ашып беремін» деп жазыпты («жолыңды ашып беремін» дейтін балгерлер еске түседі). Содан Arman-hez-ге хабарластық, ол өзінің Қазақстанда жүргенін айтып, бұл жұмысты қазір ағасы істеп жатқанын жеткізді, әрі ағасының WeChat-ын берді. Arman-hez туған ағам деп таныстырған кісі WeChat-қа Тілек деп тіркеліпті. Біз «виза ашуға көмектесе аласыз ба?» деп сұрап көріп едік:
– Виза аштыруға бір адам 1 800 юань (шамамен 108 000 теңге), ешқандай кезек алмайсыз, Бейжіңнен аштыртамыз. Керек құжаттарды дайындап, Бейжіңдегі біз айтқан мекенжайға жібересіз. Құжат қолға тиген соң бір апта көлемінде виза дайын болады, сосын сіздің мекенжайыңызға салып жібереміз. Ақшасы алдын ала төленеді – деді.
– Сіздер сонда визаны Kezek2 қосымшасына кіріп, кезек алып аштырасыздар ма? – деп сұрап едік:
– Жоқ, кезек алмаймыз, тіке Бейжіңнен аштырамыз – деді. Дауысы соншалық сенімді, нық естілді.
Ал бірнеше жылдан бері Қытайдағы қазақтардың мәселесімен айналысып келе жатқан тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының мүшесі Гүлжан Тоқтасынқызы «Бұл мәселенің тамыры тереңде» дейді, оның пікірінше, тегін болуы тиіс виза сатылып жатыр:
– Қазір визаға кезек Kezek2 қосымшасы арқылы аптасына бір-ақ рет беріледі. Оған компьютердің тілін жақсы білмесең, интернетің жылдам болмаса үлгере алмайсың. Шынын айтқанда, мұның бәрі көзбояушылық, «визаға кезекті міне, былай беріп жатырмыз» деген өтірік әрекет. Анығында кезектің көбін ақшаға сатып жатыр. Мысалы, аптасына 480 кісіге кезек берілуі тиіс болса, соның шамамен 120-сы ғана Kezek2 қосымшасы арқылы беріледі. Оның өзіне бір уақытта бірнеше мың адам таласады. Ал қалған кезекті сатады. Мен мұны ойдан шығарып айтып отырған жоқпын. Қытайдан келген, визасын ақшамен аштырған кісілердің өзінен естідім. Үрімжідегі виза аштыратын мекеменің жанында шағын шайхана және бір ксерокопия бар екен. Сонда істейтін қазақ жігіттер визаның кезегін алып береді дейді. Енді ойланыңызшы, шайхана ашып отырған адамдар қайдан визаға кезек алып береді, демек, олар виза ашатын қызметкерлермен жең ұшынан жалғасып отыр. Шамасы түскен ақшаны бөлісіп алады. Әйтпесе, шайханадағыларда мұндай құқық қайдан болсын?! Сөйтіп, қалтасы қалыңдар визасын кезексіз аштырып, ал атажұртыма жетсем деген қарапайым қандастарымыз визадан қағылып, Үрімжіде қаңғырып жүр. Мөлшермен бір кісіге виза ашу 1500 юань екен (90 000 теңгедей). Енді бір отбасында бес адам десеңіз, қанша қаражат кететінін есептей беріңіз. Негізі кезекті ретімен, күн сайын беріп отырса мұндай дау-дамай болмас еді. Халық та қиналмай, артық шығындалмай, визасын аштырып, атажұртына жетер еді, бірақ бұлар ақша қымқыру үшін осыны әдейі істеп отыр. Қазір Үрімжіде визасын аштыра алмай жүрген қандастарымыз көп, олардың біразы үй-жайын, мал-мүлкін сатып, Қазақстанға келуге дайындалып қойған, тек виза жолдарын кесіп тұр, – дейді ол.
Міне, атажұртына көшіп келейін десе визасын аштыра алмай, виза тұрыпты кезек ала алмай қандастарымыз зар қағып отыр. Қолы ұзын, қалтасы қалыңдары ақшасын төлеп, визасын аштырар, сонда қарапайым халық қайтеді?! Ал «ақшаң болса ашып береміз» деп, делдалдар жүр тайраңдап. Әдетте қылт еткенді қиып түседі, ұрлық жасасаң қолыңды кеседі дейтін Қытайдың заңы да бұған келгенде солқылдақ танытып отырған сыңайлы. Олай дейтініміз – WeChat сияқты ең танымал әлеуметтік желіде тегін берілетін визаның кезегін біреулер қып-қызыл ақшаға сатып жүр. Қалай айтсақ та бұл – заң бұзушылық, сондай-ақ мұны жасап жүргендер де Қытай азаматтары. Оларға тыйым салуға, заңды жауапкершілікке тартуға Қытай билігі неге құлықсыз? Қазақта «өзім жемеген көтен боғымен піссін» деген мәтел бар, Қытайдың істеп отырғаны, әлде соның кебі ме, визаны аштыратын да қазақ, Қазақстанға көшіп баратындар да қазақ, Қытайдың бұған қылшығы қисая ма?!
Біз визаға қатысты сұрақтардың жауабын білмек мақсатпен Қазақстан Сыртқы Істер министріне ресми сауал жолдадық, әлі жауап жоқ.
Жақсылық Қазымұратұлы