Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:14, 29 Ақпан 2024

Қандастар Қытайға қайта бара ма?

азаматтық
Фото: ашық дереккөз

Отыз жыл бойы кедергіден көз ашпаған қазақ көші тағы бір шиырға бет алған сияқты. Кейінгі кезде ел билігі Қытайдан қоныс аударған қандастардан құжаттың түпнұсқалығын дәлелдейтін апостиль таңбасын талап ете бастады. Ал оны алу үшін құжат берілген елге қайта бару керек. «Жазған құлда шаршау жоқ» деп, барғандардың мөр бастыра алмай жүргені туралы ақпарат бар.

Гаага конвенциясының жаңа мүшесі

Қазақстан азаматы атанғысы келетін қандастардың түрлі құжат жинаудан қолы босамай келеді. Мысалы, «сотталмағаны туралы куәлік» пен «бұрынғы елдегі тіркеуден шыққаны туралы анықтама» қазақ көшін қаңтарып тастаған кездер болды. Халықаралық келісімдерге мойын бұрмай, өз бетінше әрекет ететін Қытай, бұл құжаттарды бермей, жұртты әуреге салған.

Осы жолғы дауға да Бейжің себеп болып отыр. Қытай 2023 жылы 7 қарашада халықаралық Гаага конвенциясына қосылды. Конвенция талабына сай, бір елде жасалған құжат осы келісімге мүше мемлекеттерде жарамды болу үшін апостиль деп аталатын мөртаңба басу керек. Құжатта апостиль болса, конвенцияға мүше кез келген ел оның шын-жалған екенін дәлелдейтін анықтама сұрамайды.

Қазақстан Гаага конвенциясына ғасыр басында қосылған. Келісімге енді Қытай да кірген соң, екі ел арасындағы құжатқа апостиль қою міндетті болды. Көші-қонға жауапты мекемелер осыған сүйеніп, Қытайдан келген қандастардың Қазақстан азаматтығын алуға өткізген құжаттарын кері қайтарып жатыр. Әрине, халықаралық талап орындалуға тиіс. Бірақ бұл жерде бір түйткіл бар.

Жаңа ереже ескі құжатты қайтаруға себеп болды

27 ақпан Алматыда бір топ қандас жиналып, осы мәселені талқылады. Жиналған жұрт тосын талап тығырыққа тіреп тұрғанын айтады. Мысалы, олар Қазақстанға көшіп келу үшін арнайы көші-қон визасын аштырған. Бұл визаны алу өте қиын, бірнеше ай жүгіріп жүріп, әрең қол жеткізеді. Елге келген соң алдымен «қандас куәлігін» алу қажет, онсыз азаматтық берілмейді. Ал біздің билік бұл құжатты беру тәртібін қиындатып, солтүстік пен шығыстағы 8 облыстан ғана алуды талап еткен. Басқа өңірге тұрақтау үшін тегі бір туысың немесе ресми жұмысың болуы қажет.

Мың машақатпен «қандас куәлігін» алғанша айлар аунап, күндер сырғып өте шығады. Одан кейін де көк паспорт дайын тұрған жоқ. Тағы бір бума қағаз жинап, бірнеше ай жұмсап, азаматтыққа құжат өткізеді. Оны 2-3 ай күтеді. Көптен күткен көк паспортым әне-міне қолға тиеді деп жүргенде ІІМ көші-қон қызметі комитеті шақырып алып, құжаттарын қайтарып берген. Қытайға барып, апостиль қойдырып келу керек. Пресс-конференцияға келген жұрттың көбі осы сценарийді айтып отыр. Яғни сұраған құжаттың бәрін дайындап, енді Қазақстан азаматы атанғалы отырғанда жаңа ереже пайда болған.

«Былтыр 3 балам және жұбайыммен бірге Шынжаңның Іле өңірінен көшіп келдім. Виза алу оңай болған жоқ, оны Бейжіңге барып аштырдық. Елге келген соң қандас мәртебесін алуға 2 ай уақытым кетті. Одан кейін де түрлі мәселелер болып, биыл 15 қаңтарда азаматтыққа құжат өткіздім. 15 ақпанда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы көші-қон қызметіне барғанымда ондағылар қазір көк паспорт тез шығып жатқанын айтып қуантқан. Бірақ осыдан 2-3 күн бұрын қайта барып, құжатымның кері қайтқанын білдім. Құжат қабылдайтындар қандас куәлігім шыққанын, енді балаларымның туу туралы куәлігі мен неке куәлігін Қытайға барып растатып келуімді сұрады. Әйтпесе, азаматтық бермейді екен. Визамыздың мерзімі мамырда бітеді. Қытайға барып келуге үлгермейтін сияқтымын», – дейді Қуандық Нұртай есімді азамат.

Қуандық Нұртай
Фото: видеодан скриншот

Апостиль алу оңай ма?

Қазір Қазақстанда «Қандас куәлігін» алған 16 мыңнан аса адам бар, оның 3 мыңнан астамы Қытайдан келген. Олардың көбі «Қазақстанға кеттім» деп, Қытайдағы мал-мүлкін сатып, чемоданын арқалап, біржола келгендер. Олар енді апостиль қажет деп қайта шекара асса, қытайлар құшақ жая қарсы алып, қағазына таңба басып береді дегенге сену қиын. Тіпті «неге Қазақстанда қандас куәлігін аласың» деп әлек салуы да ғажап емес. 2017 жылдан бері жалын шашып тұрған лагерьге жауып тастаса, кім жауап береді?!

Екіншіден, Қытай апостильді тегін қойып бермейді. Бағасы да удай. Екі-үш баласы бар отбасы құжаттарына мөр бастыру үшін кемі миллион теңге санап береді. Бұған Қытайға барып-келген жол шығыны, жатар орын мен тамақ ақысын қосыңыз. Қысқасы, Қазақстанда жылға жуық құжат жинап, қалтасы жұқарған қазақ Қытай асып, тағы шығындалғалы отыр.

Үшіншіден, елге келіп мың түрлі құжат жинап жүргенде көбінің виза мерзімі аяқталуға таяған. Ал виза мерзімі бітсе, азаматтық ала алмайды. Демек, шекара асып, апостиль қойдырып келуге көп адамда уақыт тапшы. Ермек Сағымбек есімді қандас Қытайға барғандардың құжатына апостиль қойдыра алмай жүргенін айтты. Оның айтуынша, жергілікті биліктің өзі мұның не екенін әлі түсінбеген.

Жиналғандар осы 3 жағдайды ескере отырып, бұған дейін құжат өткізген қандастарға бұрынғы тәртіппен Қазақстан азаматтығын берсе деген уәж айтты. Біздің ойымызша, бұл талап ақылға сияды. Өйткені Қытай Гаага конвенциясына 7 қарашада қосылды, оған дейін құжат өткізгендер мұндай таңба қажет екенін білген жоқ. Демек, оларға жеңілдік жасауға себеп бар. Ал Қытайдан енді келетін қандастар барлық құжатына апостиль бастырып, дайын келсе болғаны. «Отандастар қорының» Алматы қалалық фронт кеңсесінің сарапшысы Омарәлі Әділбекұлы бұл ұсынысты қолдайтынын, бірақ мұндай жеңілдікті тек көшіп келген қандастарға қолдану керек екенін айтты. Оның айтуынша, жұмыс жүйеге түсіп, бәрі ретке келгенше, осындай дау-дамай бір жылдай болады.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай: 

«Біз жақында қараған заңда бұл мәселеге қатысты түзету енгізген жоқпыз. Апостиль қойдыру және басқа да талаптардың күшейіп жатқаны Қазақстан мен Қытай арасында ғана емес. Елге келетін жалпы қандастарға қойылатын талап қатаңдап жатыр. Өйткені елге көшіп келетін қандастардың географиясы кеңейді, Ауғанстан, Иран елдерінен келіп жатыр. Геосаяси жағдайға байланысты әлемнің түкпір-түкпірінен Қазақстанға бет алған қандастарымыз көбейді. Олардың этникалық қазақ екенін, қылмысқа қатысы бар-жоғын және некесінің заңды екенін анықтау үшін, сондай-ақ әкелген құжаттарының шын екеніне көз жеткізу үшін анықтама алу қажет болып тұр. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Ал азаматтыққа бұған дейін құжат өткізген қандастарға бұрынғы тәртіппен құжат беру жөнінде кесіп ештеңе айта алмаймын. Бұл жауапты органдардың заңды құжаттарымен реттелетін мәселе. Сондықтан бұл туралы жауапты органдардан анықтап сұрап алып, жауап бергенім дұрыс болатын шығар».  

Жарқынбек Амантай
Фото: из открытых источников

Қытай Гаага конвенциясына неге кірді?

Гаага конвенциясы 1961 жылдың 5 қазанында мақұлданған. Ол әлемдегі көлемі ең үлкен, мүше мемлекеттер саны ең көп келісім. Оған әлем елдерінің бестен үші мүше (124 мемлекет) болып отыр. Сол конвенцияға Қытай енді ғана қосылды. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деп, үнемі сыңарезулеп жүретін Бейжіңнің халықаралық кеңеске қосылғанына таңғалып жүрген жұрт көп. Бәрінің ойында 60 жыл есігін қақпаған конвенцияға неге кірді деген сұрақ бар.

Қытай баспасөзі елдің экономикасы артып, шет мемлекеттермен байланыс жиілей түскендіктен, өзара құжат алмасуда жеңілдік жасау мақсатында конвенцияға кірдік деп жазып жатыр. «10 ірі сауда серіктесіміздің сегізі Гаага конвенциясына мүше, енді экспортқа шығатын өнімдеріміздің 82%-ы коммерциялық құжатты куәландырудан босатылады» деп жазды Қытай билігінің ресми сайттары.

Бірақ сарапшылар Қытайдың Гаага конвенциясына қосылуына Бейжіңнің сыртқы саясатта сәл «жұмсақ мінез» таныта бастауы себеп болды деп санайды. Күн сайын ушығып бара жатқан геосаяси жағдай Си Цзиньпинді де аздап ойландырған сияқты. Жұмыр жерде жеке шауып, бәйге ала алмайтынын қызыл коммунистер түсіне бастады деген болжам бар.

«Гаага конвенциясына Азияның 22 мемлекеті мүше. Оның ішінде Иран мен Ауғанстан жоқ. Қытай енді кірді. Кеңеске кез келген мемлекет кіре алмайды. Оның өз талаптары бар. Талапқа сай келмейтін елдерді кіргізбейді. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстағы одақтас елдерді негіз етіп құрылған ұйым. Оған КСРО да кіре алмаған. Ресей 1991 жылы одақ тараған сәтте кіріп кетті. Кеңес тізіміне қарасаңыз, көбі Еуропа елдері, Азия мен Африка елдері аз. Осыған қарап, конвенция әу баста Қытайды қабылдамағанын аңғаруға болады.

Екінші жағынан бұған дейін Бейжің өзі де кеңеске қосылуға дайын болған жоқ. Кейінгі кезде Қытай халықаралық ұйымдарға жақындай бастады деуге болады. Бұрын олар «біз ірі елміз, әлемдік тәртіпті біз де қадағалаймыз» дейтін, қазір бұл ойынан айныды. Жақында партия комитетінің бір басшысы АҚШ-қа барған сапарында «бұрыннан қалыптасқан тәртіп өзгермейді, бұрын қалай болса, солай қалады» деп мәлімдеді. Бұл Қытайдың АҚШ-тан сәл сескеніп, аяқ тартып отырғанын білдіреді. Мысалы, әлемдегі микрочиптің 70%-ы Тайванда шығады, жақында сондағы ең ірі зауытты АҚШ көшіріп әкетті. Егер Америка жалғасты қысым жасаса, осы мәселенің өзі Қытайға ауыр тиюі мүмкін. АҚШ және басқа батыс елдері жасаған осындай қысымдар Қытайдың сыртқы саясатын өзгертуге әсер етіп жатыр», – дейді саясаттанушы О. Әділбекұлы.

Омарәлі Әділбекұлы
Фото: из открытых источников

Шетелден келген қандастардың Қазақстан азаматтығын алуға өткізген құжатын қайтарып жатқаны туралы ішкі істер министрлігінің ресми сайтында да, әлеуметтік желідегі парақшасында да ешбір ақпарат жоқ. Азаматтық мәселесіне жауапты басқарма басшысына сан мәрте қоңырау шалып, байланысқа шыға алмадық. Ал ІІМ баспасөз қызметі әдеттегідей ресми сауал жіберуді сұраған. Жіберген сауалымызға газет беттелгенше жауап келген жоқ. Ресми органдар бұл мәселені қалай шешкелі отырғаны әзірге белгісіз.

Былтыр Қытайға азаматтарымыз жайлы ақпарат беретін келісімді жасауға белсене кіріскен Ержан Сәденов бұл жолы үнсіз отыр. Сол келісімшартта екі ел бір-біріне азаматтыққа қабылданған адамдар туралы ақпарат беретіні айтылған. Ендеше, Қытай билігі Қазақстанға келіп, «қандас мәртебесін» алған 3 мың адамның құжатына апостиль бастырмағанын біліп отырған болар. Сәденов үшін Қытайға қазақтар жайлы ақпарат беру оңай болғанымен, қандастарға азаматтық беру қиын болып тұр.

Қуаныш Қаппас