Қандастың қолындағы қауқарсыз көк паспорт немесе «Әкеңді өзің тауып ал»

Жақында, дәлірек айтқанда, 23 шілде күні Әлімнұр Тұрғанбай есімді ҚР азаматы Қытайға жүк көлігін жүргізіп барып, Қытай шекарасынан өткен соң із-дерексіз жоғалған. Бұл жөнінде Әлімнұрдың жары Гүлдәрия Шерзат пен қызы Риза Әлімнұр «Жас Алашқа» хабарласып, араша сұрады.
Оның айтуынша, күйеуін Қытай шекарашылары ұстаған, содан бері еш хабар жоқ.
Әлімнұр Тұрғанбай – Алматы облысы Ұзынағаш ауылының тұрғыны. Үйдің жалғыз асыраушысы. 2016 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. Риза, Ұлжалғас, Пейіл есімді үш қыздың әкесі. 2017 жылдан бері Қазақстан азаматы. Әлімнұр осы уақытқа дейін отбасын асырау үшін әртүрлі жұмыс істеген. Жақында өзгенің жүк көлігін жүргізіп бастаған. Алайда Қытайға жүк тасымалдап бара жатқан бойда оны Қытай шекарашылары ұстаған, не себепті тұтқындалғаны да әзірге белгісіз. Бұл Әлімнұрдың Қазақстан азаматтығын алған соң бірінші рет Қытайға өтуі. Гүлдәрия күйеуінің ұсталғанын Әлімнұрмен шекарадан бірге өткен жүргізушілерден естіген.
«23 шілде күні сағат 17:00-де Әлімнұрмен WeChat әлеуметтік желісі арқылы соңғы рет тілдестім. Ол «Қазақстан шекарасынан өтіп, енді Қытай шекарасына қарай бара жатырмын» деді. Осыдан соң хабарсыз қалдық. Содан мен Әлімнұрдың қасындағы жүргізуші жігіттің WeChat-ына бірнеше рет хабарластым, бірақ жауап болмады. Сөйтіп ертесі таңертең әлгі жүргізуші «біз аман-есен өттік, күйеуіңді шекара қызметкерлері алып қалды» деп, қысқа жауап берді».
Әкесінің Қытай шекарасында белгісіз жағдайда жоғалғанын естіген соң Риза Әлімнұр өзінің тұрғылықты жері Талдықорған қаласынан арыз жазған, жергілікті көші-қон полициясы «арызды тіркедік, өзіміз хабарын айтамыз» деп шығарып салған, бірақ осы уақытқа дейін ол жақтан ешқандай хабар болмаған. Осыдан кейін Риза Ұзынағаш ауылына келіп әкесінің тұрғылықты мекенжайы бойынша жергілікті полицияға өтініш айтқан. Бірақ жергілікті полиция қызметкерлері: «Әкеңізді іздеп таба алмаймыз. Өзіңіз Қытайды жақсы білесіз ғой, өзіңіз іздеп тауып алыңыз» деп, келемеждегендей қылып шығарып салыпты. Онан соң Риза арыз айтып Алматыдағы Қытай консулдығының да есігін қаққан, бірақ олар «Әлімнұр Қазақстан азаматы, оның жағдайын ҚР сыртқы істер министрлігі біледі» деген. Амалы таусылған Гүлдәрия мен Риза egov.kz қосымшасы арқылы сыртқы істер министрлігіне арыз жазған. Министрлік әзірше арызды қабылдағанын, Бейжіңдегі елшілік арқылы істі тексеріп жатқанын ғана айтқан.
Әлімнұрдың жары мен үш қызы оның өміріне алаңдайды. Құзырлы органдар бұл іске баса мән беріп, асыраушыларының аман-есен үйге оралуын асыға күтетінін жеткізді. Қызы Риза «әкеме физикалық күш қолданып, дене жарақатын сала ма деп уайымдаймын» дейді.
Қорғасқа барып, қақпанға түскен...
«Қытай үкіметі шекарадан ұстап алып кетіп, із-дерексіз жоғалды» делінген Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбай ғана емес, мұндай оқиға бұған дейін де қайталанған. Мысалы, 2024 жылы, ақпанда бір топ азамат Алматыдағы Қытай консулдығы алдында жиналып, туыстарын Қытай билігі жазықсыз қудалап жатқанын айтып, наразылық білдірген болатын. Оқиға орнына «Жас Алаш» тілшілері де барып, арнайы материал дайындаған еді. Сонда наразылық білдірушілердің бірі Гауһар Құрманәлиева Қытайда туып өскен, кейіннен атажұртына қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған інісі Асқар Азатбекті іздеп жүргенін айтқан. Гауһардың сөзінше, 2017 жылы інісі Асқарды «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына барған жерінен заңсыз, күштеп алып кеткен. Кейіннен Асқарды Қытай билігі «тыңшысың» деп айыптаған. Гауһар інісі із-дерексіз жоғалған соң төрт жыл бойы ешқандай хабар ала алмаған. Тек «2021 жылы ғана інімнің Қазақстан азаматы екенін, паспортын көрсетіп жүріп әрең дәлелдедім» дейді. 2023 жылы Қазақстанның Қытайдағы елшісі Диас Айменов Асқармен жолығып, қолхат алып шыққан, онда Асқардың арықтап, жүдегені айтылған.

Біз бүгін Гауһар Құрманәлиевамен қайта тілдесіп, інісі Асқардың жағдайын сұрадық. Оның айтуынша, 2018 жылдың көктемінде Асқардың үстінен сот үкімі шыққан, «Іле өзені туралы Қазақстанға ақпарат таратты» деп айыптап, оны 20 жылға бас бостандығынан айырған.
«Асқар 2017 жылы желтоқсан айында Қытай тарабынан заңсыз ұсталды. Осыдан соң 4 жыл бойы Қытай консулының алдына келіп наразылық білдірдім, ақыры 2023 жылы Қазақстанның Қытайдағы елшілігі арқылы Асқардың түрмеден хабарын алдық. Содан бері елшілік арқылы амандық, саулығын біліп тұрамыз. Елшілік «келіссөздер жүріп жатыр, Асқарды қалған жаза мерзімін Қазақстанда өтейтін етіп ауыстырамыз» деумен келеді, бірақ одан бері де екі жыл өтті, ешқандай жаңалық жоқ. Асқар – Қазақстан азаматы, Қытайдағы тұрақты тіркеуден де шыққан, Қытай паспортын Алматыдағы Қытай консулдығына апарып қидыртқан, яғни Қытай азаматынан бас тартқан, сондықтан оны Қорғастағы базардан күштеп алып кеткенін заңсыздық деп есептеймін. Жапқан жаласымен де келіспеймін», – дейді Гауһар.
Асқар қазір Қытайдың Ганьсу провинциясының, Ланьчжоу қаласына қарасты түрмеде жазасын өтеп жатыр. Елшілік оның жақындарына «келіп, кездессеңіздер болады» депті, алайда Гауһар «бізді де ұстап ала ма деп Асқарды іздеп баруға қорқамыз» дейді.

15 жыл бұрынғы өткізген Қытай паспортын іздеу
Негізі ертеректе Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған ұлты қазақ азаматтар ҚР азаматтығын алған соң қолындағы қытай паспорты мен жеке куәлігін ішкі істер министрлігіне тапсырып беретін. Сәйкесінше, қандастар «Қытай азаматынан бас тарту туралы» деген өтінішке қол қойып, ҚР паспорты мен жеке куәлігін алатын. Осыдан соң ол заңды түрде ҚР азаматы болып саналады. Тек Қытайдағы тұрақты тіркеуден шықса болды. Ол үшін Қытайда бұрын тұрған тұрғылықты мекенжайына барып ҚР паспортын көрсетсе оны тұрақты тіркеуден шығарып, қолына «тіркеуі өшірілді» деген бір парақ қағаз беретін. Алайда 2017 жылдан соң бұл үрдіс өзгерді. Енді ҚР азаматтығын алған қандастар Астанадағы, Алматыдағы Қытай консулдығына келіп Қытай паспорты мен жеке куәлігін өткізіп, «Қытай азаматтығынан бас тартуын» сұрап өтінішін жазатын болды. Сосын бұл өтінішті Қытай тарабы асықпай қарайды, оның нақты межелі уақыты жоқ, бірінікін үш айда, енді біреуінікін жарты жылда аяқтайды. Ақырында «Қытай азаматынан бас тартты» деген тілдей қағаз береді. Ал кейбіреулердікін жыл бойы созып, жауап бермей сарсаңға салады. Сонда «тұрақты тіркеуді өшіру» немесе «Қытай азаматтығынан бас тарту» не үшін керек дейсіз бе? Қытайға бару үшін қажет. Қандастар шекарадан өткенде олардан осы екі құжатты сұрайды. Жоқ болса кері қайтарады. Тіпті қаласа «сен әлі де Қытай азаматысың, тұрақты тіркеуден шыққан жоқсың, Қытай азаматтығынан бас тартпадың» деп ұстап алып кетуге де құқылы. Мұндайда қандастардың қолындағы ҚР паспорты дәрменсіздік танытады.
Енді осы тұста мынадай бір мәселе қандастардың алдынан тағы көлденеңдей қалды. 2017 жылға дейін қандастар Қытай паспортын Қазақстанның ішкі істер министрлігіне өткізіп, «Қытай азаматтығынан бас тарту» өтінішін ішкі істер министрлігіне жазып келгенін жоғарыда айттық. Қазір Қытай консулдығы «ішкі істер министрлігіне өткізген паспорт пен жеке куәліктің көшірмесін алып келіп, Қытай азаматтығынан бас тартуың керек» деп қыңырайып отыр. Қандас қай жылы ҚР азаматтығын алса да мұны істеуге міндетті. Олай етпеген қандасты Қытай үкіметі ҚР азаматы деп мойындамайды. Сол себепті 2017 жылдан ілгері ҚР азаматтығын алған қандастар 10–15 жылдың алдында ішкі істер министрлігіне тапсырған Қытай паспортының көшірмесін сұрастырып, өтінішін жазып, әуреге түсіп жүр.
Бұрындары Қытай жағы қандастарды шекарада тергесе, бөгесе, жоғарыдағы екі құжатты сылтау ететін. Қазір оған да қарамайтын сыңайлы. Себебі Әлімнұр Тұрғанбай да, Асқар Азатбек те «тіркеуден шыққан», Алматыдағы Қытай консулдығы арқылы «Қытай азаматтығынан бас тартқан», сөйте тұра біреуі хабарсыз жоғалып отыр, енді біреуі күмәнді жағдайда 20 жылға сотталып кетті.
Қытай мен Қазақстан ұзақ уақыттан бері дос, тату ел есептелінеді. Екі ел ақпарат құралдары да саяси, экономикалық тұрғыдан арамыздан қыл өтпейтін көрші екенімізді жиі айтады. 2023 жылдан бері екі ел азаматтары визасыз режимде 30 күн мөлшерінде кіріп-шыға алады. Содан бері Қытайдан келушілердің саны да артқан, мұны ресми билік «туризм дамыды» деп түсіндіреді. Алайда дәл осы Әлімнұр Тұрғанбай, Асқар Азатбек секілі Қытай билігі тарабынан ұсталған Қазақстан азаматтарының ісіне келгенде әлгі көп айтылатын «татулық, достықтың» жолы кесіледі. Қазақстан азаматтары Қытай шекарасында хабар-ошарсыз жоғалып, күмәнді жағдайда ұзақ мерзімге сотталып жатқанда біздің билік неге араша сұрамайды? Неге екенін қайдам, айдың-күннің аманында арыстай азаматтарымыз Қытай шекарасында ұсталып, хабарсыз жоғалып жатқанда сыртқы істер министрлігі де «қарастырып жатырмыздан» ары аспайды. Ресми сауал жолдадық, жауабын күтейік.
Әлихан ЖАНҰЗАҚ