Қандай кедергілер мен қиындықтарға қарамастан, біз тек алға сенімді қадам басуымыз керек — Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесу барысында қандай кедергілер мен қиындықтарға қарамастан, біз тек алға қарай сенімді түрде жылжуымыз қажет екенін айтты.
— Жаңартылған Ата заңымыздың кіріспесінде айтылғандай, біз болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, Халықтық Конституцияны қабылдадық. Бұл – ұзақ жолдың бастамасы ғана.
Қандай кедергілер мен қиындықтар болса да, біз тек алға сенімді қадам басуымыз керек. Халқымыздың тарихи тағдыры – өз қолымызда.
Бізде Қазақстаннан басқа Отан жоқ. Ашық айтқанда, Қазақстанның дамуы мен өркендеуі бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан қазіргі ұрпақ туған елдің жарқын болашағы үшін бар күш-жігерін жұмсауы тиіс.
Қазақ халқының өткен тарихында ауыр әрі қайғылы кезеңдер аз емес. Алайда бүгінде сол тақырыптарға қайта-қайта оралып, қараңғылықты қоюлатып, қайғыға бой алдырудың қажеті жоқ.
Халқымыз болашаққа сеніммен қарап, өз болмысын өзгертіп, өмірін заман талабына сай жаңғыртуы керек. Өткеннің мұңымен өмір сүрген халық ешқашан бақытты да табысты болмайды. Бұл – өмір заңы, бұл – ақиқат.
Жастарды жоғары технологиялар мен техникаға баулу қажет. Себебі дәл осы техника мен озық технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект, қазіргі мемлекеттің дамуының кілті.
Біртұтас ұлт ретінде біріге отырып, біз бұл ұлы тарихи жолда міндетті түрде жеңіске жетеміз. Бұл – біздің ең басты міндетіміз, біздің миссиямыз, — деді Президент.