Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 04 Шілде 2024

Каникулға шыққан депутаттар не бітіріп кетті?

1

28 маусымда парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, депутаттар демалысқа кетті. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бірлескен отырыста депутаттар VIII шақырылымдағы екінші сессиясының жұмысын қорытындылады.

«Мемлекет басшысы жариялаған заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты өткен заң шығару маусымындағы басты бағдар болды. Қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті. Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. Нормативтік құжаттардың мәртебесі мен салмағы артуда», – деді мәжіліс спикері.

Жиналыста депутаттар өткен сессияда парламенттің жұмысы толық атқарылып, табысты аяқталғанын айтты. Халық қалаулылары сессия барысында президент жолдауында, сайлауалды бағдарламада, ұлттық құрылтайда алға қойылған мақсаттарды іске асыруға күш салғандарын жеткізді.

Парламент мәжілісінің ресми сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі бойынша палаталардың бес бірлескен отырысы, мәжілістің 39 жалпы отырысы және сенаттың 43 жалпы отырысы өткен. Сессия барысында 179 заң жобасы екі палатаның қарауында болып, оның 102-сі қабылданған.

Кезекті сессия аясында бірнеше заң қабылданды. Атап айтқанда, жылу энергетикасы саласы, мемлекеттік сатып алу туралы, масс-медиа туралы, адам саудасына қарсы іс-қимыл жайлы, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі, халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселесі туралы, лудоманиямен күрес туралы және басқа да заңдар халық қалаулылары тарапынан қолдау тауып, қолданысқа енді.

Мәжіліс спикері қорытынды сөзінде елдегі саяси реформалар туралы да айтты. «Көппартиялы парламент заң шығарушы органның қызметіне тың серпін әкелді. Қоғамның түрлі идеологиялық көзқарастағы әралуан өкілдерінің келуі қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түсті. Мұның бәрі Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңге айналды», – деді Ерлан Қошанов.

Бұл сессияда депутаттар казинолар мен букмекерлік кеңселерге қойылатын талаптарды қатаңдатып, онлайн-казинолардың қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізді. Борышкерлер мен алимент төлеушілердің казино немесе букмекерлік кеңселерде бәс тігуіне тыйым салды. Депутаттар бұл шешім қоғамды әлеуметтік тұрғыдан сауықтыруға септігін тигізеді деп санайды.

Бұдан бөлек, халық қалаулылары еліміздің басты қаржылық құжаты саналатын республикалық бюджетті қабылдады. Сондай-ақ зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жүрген жандарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін шешуге мүмкіндік жасады. Парламент 46 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялағанын да бөлек айта кеткен жөн.

Мәжіліс төрағасы жаңа конституциялық норманың арқасында республикалық бюджеттің дұрыс жұмсалуына парламенттің бақылауы айтарлықтай артқанын айтты. Қазір депутаттар жоғары аудиторлық палатаның есебін бір жылда екі рет тыңдайды. Спикердің айтуынша, сессия барысында су саласы және көлікті дамыту мәселелеріне қатысты есеп тыңдалды. Қазір елді мекендерде су проблемасы өте өзекті тақырып болып тұр. Парламент осыған байланысты қажетті ұсынымдар қабылдап, үкімет пен жоғары аудиторлық палатаның атына жолдады.

Мәжіліс таратқан ақпарат бойынша, кезекті сессияда мәжіліс пен сенатта үш парламенттік тыңдалым мен он үкімет сағаты өтті. Палаталардың заң шығару процесіне жұртшылықтың араласуы тиімді бола түсті.

«Үкіметпен бірлескен жұмыс барысында кездесетін кейбір проблемалық мәселелерге тоқталып өткім келеді. Нормалар жеткілікті пысықталмайды, сапасы төмен. Соның айқын мысалы – Су кодексі жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүр. Құрылыс кодексі жобасының да жағдайы осыған ұқсас. Мәжіліске заң жобасын енгізу мерзімі – ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе. Жобаларды енгізу мерзімі жиі кешіктіріледі», – деді мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов депутаттық сауалдарға жауапты органдар үстірт жауап беретінін, жауапта нақтылық жоқ екенін айтты. Ол үкімет осы айтылған мәселелерге баса назар аударуы қажет екенін жеткізді. Спикер парламент мүшелері сайлаушылармен тығыз байланыс орнатуға көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Осы сессия барысында депутаттар 800-ге жуық елді мекенді аралап, 2000-ға жуық кездесу өткізген.

Халық арасына шығып, сайлаушылармен кездескен депутаттар жұрттың мәселелері жайлы депутаттық сауал жолдап отырады. Мысалы, осы сессия барысында сенат және мәжіліс депутаттары жауапты мемлекеттік органдарға 727 депутаттық сауал жолдаған. Сондай-ақ екі мәрте үкімет мүшелерін арнайы шақырып, сайлаушылардың талап-тілегі талқыланды. Қошановтың айтуынша, бұл қызмет азаматтардың сұранысын ескеріп, мемлекеттік органдардың қызметін реттеуге оң әсер етеді.

Халық қалаулылары мәжілістің қоғамдық қабылдау қызметі депутаттар мен халық арасындағы дәнекерге айналғанын айтты. Депутаттар өзекті мәселелерді шешу үшін аймақтарға шұғыл сапармен баруды жолға қойды. Мәжіліс жанынан құрылған қоғамдық палата халықтың уәжін тыңдайтын орынға айналып келеді. «Қоғамдық пікірталастар парламент қабырғасында болуы қажет» деген ұстаным орнықса, қоғамдағы маңызды мәселелер басты заң шығарушы органның бақылауында болар еді.

Сонымен қатар өткен сессияда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмысын жақсарту бағытында да жұмыстар атқарды. Мысалы, электронды парламент халықтың билікке деген сенімін нығайтуды көздеген жоба болды. Қос палата парламенттік дипломатияны дамытуға да ерекше көңіл бөлді. Өткен сессия барысында депутаттар 14 халықаралық парламенттік ұйым аясында белсенді жұмыс істеді. Олар 257 халықаралық іс-шараға қатысып, 38 шет елдің парламентімен ынтымақтастық орнатты.

Мәжілістің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, қазір парламент қарауында 71 заң жобасы жатыр. Депутаттық корпус алдағы сессияларда бюджет, салық, құрылыс, су кодекстері бойынша жұмыс істейді деген жоспар бар. Сондай-ақ су жаңа цифрлық кодекс жарыққа шығады. Бұдан бөлек, болашақта депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет туралы, есірткімен күрес жайлы, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да заң жобаларын қарайды.

Алға қойған мақсаттарды орындап, саяси реформаларды жүзеге асыру үшін парламент, үкімет және сарапшылар қоғамдастығы бірлесе тиянақты жұмыс істеуі қажет.

Қуан Өмірхан