Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:10

Канн-2025: Иран режиссері жеңімпаз атанды

Панахи
Фото: Andreas Rentz / Getty Images

Францияның Лазурлы жағалауында өткен 78-Канн кинофестивалі өз мәресіне жетті. Биылғы фестивальдің басты жеңімпазы – Иран режиссері Джафар Панахи түсірген It Was Just an Accident ("Бұл жай ғана кездейсоқ оқиға еді") фильмі. 

Бұл туынды "Алтын пальма бұтағы" сыйлығын иеленді. Панахи аталған картинаны Иранда рұқсатсыз, жасырын түрде түсірген, себебі оған ел ішінде кино түсіруге, шетелге шығуға тыйым салынған болатын. 2023 жылы түрмеден босағаннан кейін режиссер 22 жылдан соң алғаш рет Каннға өзі келіп қатысты.

Панахи
Фото: artsakh.news

"Бұл жай ғана оқиға еді" – режиссердің он бірінші фильмі. Сюжет қарапайым көрінгенімен – жол апаты, иттің өлімі – терең философиялық, әрі саяси мазмұнға құрылған. Кейіпкер түрмеде өзін азаптаған адаммен бетпе-бет келіп, кек алу мен кешірудің арасында таңдау жасайды. Бұл туынды – әділет пен ар-ұждан жайлы көркем рефлексия.

Панахи осылайша әлемдегі үш ең ірі фестивальдің – Венеция, Берлин, Канн – басты жүлдесін еншілеген санаулы режиссерлер қатарына енді. Бұған дейін Ираннан Каннда "Алтын бұтақты" тек Аббас Киаростами ғана алған болатын.

Панахи, Оливер Лаше, Кейт Бланшетт, Эль Фаннинг
Фото: Andreas Rentz / Getty Images; Pascal Le Segretain / Getty Images; Vittorio Zunino Celotto / Getty Images; Mustafa Yalcin / Anadolu via Getty Images Джафар Панахи, Оливер Лаше, Кейт Бланшетт, Эль Фаннинг

Бас жүлделер тізімі:

  • Алтын пальма бұтағы"Бұл жай ғана кездейсоқ оқиға еді", реж. Джафар Панахи (Иран)

  • Гран-при – "Сентименталдық құндылық", реж. Йоаким Триер (Норвегия)

  • Қазылар алқасының арнайы жүлдесіТірілу, реж. Би Гань (Қытай)

  • Қазылар алқасының жүлдесіСират, реж. Оливер Лаше (Испания) және Құлау үні, реж. Маша Шилински (Германия)

  • Үздік режиссер – Клебер Мендонса Фильо (Құпия агент, Бразилия)

  • Үздік ер адам рөлі – Вагнер Моура (Құпия агент)

  • Үздік әйел адам рөлі – Надя Меллити (Кіші қарындас, Франция/Алжир)

  • Үздік сценарийЖас аналар, Жан-Пьер және Люк Дарденн

  • Үздік дебюттік фильм (Камера д'Ор)Президентке арналған торт, реж. Хасан Хади (Ирак)

  • Үздік қысқаметражды фильмҚазір өлгенің жақсы, реж. Тоуфик Бархом (Палестина–Франция)

Фестиваль атмосферасы: жарықсыз Канн мен қызыл кілем

Фестивальдің соңғы күні күтпеген жағдаймен басталды: Канн қаласында электр жарығы өшіп қалды. JW Marriott қонақ үйінде интернет пен банкомат жұмысы тоқтады, кей мейрамханалар қолма-қол төлемге көшті. Пресс-конференциялар мен көрсетілімдер біраз уақытқа тоқтатылды. Дегенмен ұйымдастырушылар бұл жағдайға бой алдырмай, салтанатты марапаттау кешін резервтік генераторлармен өткізді.

Тегтер: