Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:00

«Қант салығынан» кейінгі қадам: Ұлыбритания балаларды қорғау шараларын күшейтті

1
Фото: adpass.ru

Ұлыбританияда балалар денсаулығын қорғауға бағытталған жаңа заң күшіне енді. Енді зиянды тағам өнімдерінің интернеттегі жарнамасына толық тыйым салынып, ал теледидарда мұндай жарнамаларды тек кешкі 21:00-ден кейін ғана көрсетуге рұқсат етіледі.

 Бұл туралы Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтында 5 қаңтар күні жарияланған мәлімдемеде айтылды.

Үкімет бұл қадамды «ата-аналарға тарихтағы ең салауатты балалар буынын тәрбиелеуге көмектесу» жөніндегі уәденің орындалуы деп түсіндірді.

Қандай өнімдер шектеледі?

The Guardian газетінің жазуынша, шектеулер құрамында қант, тұз және май мөлшері жоғары 13 санаттағы өнімге қатысты. Атап айтқанда:

  • қосылған қанты бар сусындар (соның ішінде кейбір йогурт түрлері);

  • чипс пен тұзды крекерлер;

  • тәтті печеньелер;

  • қантты дайын таңғы астар;

  • попкорн;

  • шоколад пен сағыз;

  • балмұздақ;

  • тәтті тоқаштар;

  • пицца;

  • мұздатылған дайын тағамдар.

Сонымен бірге, зиянды тағам өндірушілеріне теледидарда және интернетте балаларға арналған уақыттарда брендін жарнамалауға белгілі бір мүмкіндік сақталады. Алайда жарнамада нақты зиянды өнімнің өзі көрсетілмеуі тиіс. БАҚ мәліметінше, көптеген жергілікті компаниялар жаңа талаптарға алдын ала бейімделе бастаған.

Семіздік – өзекті мәселе

Ұлыбритания үкіметі келтірген деректерге сәйкес, бастауыш мектепке алғаш барған балалардың 22,1 пайызы артық салмақтан немесе семіздіктен зардап шегеді. Ал мектепті аяқтаған кезде бұл көрсеткіш 35,8 пайызға дейін өседі. Сонымен қатар 5-9 жас аралығындағы балалардың дәрігерге жиі жүгінуінің басты себебі – тіс жегісі (кариес) екені атап өтіледі.

Үкімет зерттеулеріне сүйенсек, тағам жарнамасы балалардың не және қашан жейтінін қалыптастырады, ерте жастан тамаққа деген талғамды бекітіп, семіздік пен соған байланысты аурулар қаупін арттырады.

Ресми бағалауларға сәйкес, жаңа шектеулер:

  • балалар тұтынатын калория мөлшерін жылына 7,2 миллиардқа азайтуға,

  • семіздікке шалдыққан балалар санын 20 мыңға қысқартуға мүмкіндік береді.

Ұзақ мерзімді перспективада бұл шаралар халық денсаулығының жақсаруы есебінен шамамен 2 миллиард фунт стерлинг үнемдеуге жол ашады деп болжанған.

«Қант салығының» нәтижесі

Ұлыбритания семіздікпен күресті 2010-жылдардың ортасынан бері жүйелі түрде жүргізіп келеді. 2018 жылы елде кеңінен танылған «қант салығы» енгізілген болатын. Бұл салық құрамында қанты көп алкогольсіз сусын өндірушілерге салынды.

Салық шкаласы бойынша:

  • 100 мл өнімде 5 граммға дейін қант болса – салық салынбайды;

  • 5-8 грамм аралығында болса – әр литрге 18 пенс;

  • 8 граммнан көп болса – 24 пенс төленеді.

Нәтижесінде, алғашқы үш жылда газдалған сусындар мен кола өнімдеріндегі қант мөлшері орта есеппен 29 пайызға азайған. Бұл өндірушілерді өнім рецептурасын қайта қарауға ынталандырған.

Айта кетейік, Германияда да соңғы жылдары қантты сусындарға салық енгізу мәселесі талқыланып келеді.