Қаңтар оқиғасы: Президент резиденциясына шабуыл жасады деп айыпталған 11 адамға қатысты шешім шықты
Азаттық ақпаратынша, сот айыпталушылар мен олардың адвокаттарының шағымдарын қанағаттандырмады және прокурордың өтінішін ішінара қанағаттандырды. Сотталғандардың бірі, Ақжол Жандарбековке жазаны қатаңдатып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Арман Әлімбаев, Нұрсұлтан Байкисиев, Дәурен Бакеев, Нұртас Қаранеев, Қосай Маханбаев, Рысбек Мамыров, Серікбол Орынғазы, Әбділлә Таубайға сот 1 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаевтың жаза мерзімдері өзгеріссіз қалдырылды — 1 жыл 9 ай.
25 қыркүйектегі сот отырысында айыпталушылардың адвокаттары үкімді жеңілдетуді және бас бостандығынан айыру мерзімдерін шартты жазаға ауыстыруды сұраған.
Прокурор үкімді бұзып, істі қайта қарауды және Нұртас Қаранеев, Рысбек Мамыров, Қосай Маханбаев, Әбділлә Таубай, Арман Әлімбаев, Нұрсұлтан Байкисіев, Дәурен Бакеев, Серікбол Орынғазының әрқайсысына 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаевқа 11 жыл, ал Ақжол Жандарбековке 12 жыл түрме жазасын сұрады.
Прокурор дәл осындай жаза мерзімдерін бірінші сатыдағы сотта да талап еткен болатын.