Қапшағай жағажайына құрылыс жүргізуге қытайлық компания рұқсат алмаған

Қапшағай су қоймасы маңындағы №8 жағажайды салу жобасын Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы бекітпеген.
2024 жылдың сәуір айының соңында жағажай жеке меншікке берілгені белгілі болды. Жоба иесі — қытайлық қатысушысы бар «Жібек жолы» Қазақстандық коммерциялық инвестициялық компаниясы. Бұл компания аттракциондар паркін салуды жоспарлап отыр. Оның жалғыз құрылтайшысы — «На Ла Жуй Цзе» Шыңжаң бизнесін басқару компаниясы.
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 30 сәуірде берген ресми жауабында:
«Жібек жолы» компаниясы №8 жағажайды абаттандырып жатыр. Салынатын нысан орналасқан жер су қорғау аймағынан шығарылды, барлық құжаттар рәсімделген», — деп хабарлаған еді.
Алайда Су ресурстары министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомствоның айтуынша, компания «Қонаев қаласында халықаралық деңгейдегі жағажайлық-курорттық кешен мен яхта айлағын салу» жобасын инспекцияға келісімге жіберген, бірақ бас тарту туралы уәжделген жауап алған.
«Жоба ҚР Су кодексіне және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 18 маусымдағы №148 бұйрығына сәйкес келісілмеді», - деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ, ресми жауапта №8 жағажай су қорғау аймағы мен жолағының аумағында орналасқаны нақты көрсетілген.
Су ресурстары министрлігі түсіндіргендей, су қорғау аймағы — су көздерін ластанудан қорғау үшін белгіленген арнайы тәртіптегі аймақ. Бұл аумақта кез келген құрылыс немесе шаруашылық жұмыстары міндетті түрде мемлекеттік органдармен келісуі тиіс.
«Су қоры жерін басқа санатқа ауыстыру тек су нысаны толық жойылған жағдайда ғана мүмкін. Бұл процесс жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен жүзеге асырылады», - деді министрлік өкілдері.
Ресми рұқсат берілмесе де, жағажайда құрылыс жүріп жатыр. Бұл жағдай мемлекеттік бақылаудың әлсіздігін, ал инвестор тарапынан заңды елемеуді көрсетеді.