Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:48, 28 Қаңтар 2025

Қар түсіп, қырау қонбайтын Нысанбаевтың көлігі 5 минутта қызады

Нысанбаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Қазақстанда көлік жүргізушілердің төлейтін айыппұлы аз емес еді. Енді оның үстіне тағы бір түрі жамалды.

Бұдан былай көлігіңізді автотұрақта 5 минуттан артық қыздырсаңыз, айыппұл арқалайсыз. Оның көлемі де аз емес, ережені бірінші рет бұзсаңыз 5 АЕК (19600 теңге), ал бір жыл ішінде қайталап бұзсаңыз 10 АЕК (39320 теңге). 

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, мұндай норма заңда 20 жылдан бері бар екен. Оның жақын арада өзгере қоюы да қиын. Себебі министр бір сөзінде: «Экологиялық тұрғыдан қарағанда жүрмей тұрған машина экологияны ластауға өз үлесін қосады» деді. Яғни сіз көлігіңізді көпқабатты үйлердің ауласында 5 минуттан артық қыздырсаңыз, демек экологияны ластадыңыз. Егер сіздің бұл әрекетіңіз тұрғындарға қолайсыздық тудырса және мұныңыз дәлелденсе заңға сәйкес айыппұл арқалайсыз.

Мұнда тағы бір түйткіл бар. Ол көліктің 5 минуттан артық қыздырылған, қыздырылмағанын анықтау мәселесі. Ол үшін автотұрақта арнайы бейнебақылау болуы тиіс. Немесе тұрғындар арыздануы қажет. «Арызданудың» да өз ережесі бар. Ең әуелі көлік қозғалтқышының қосулы тұрғанын айғақтайтын 5 минуттан асатын бейнежазба болуы тиіс. Бейнежазбада көліктің мемлекеттік нөмірі, оқиғаның уақыты мен күні нақты көрсетілуі шарт. Ең маңыздысы, түсірілген бейнежазбада көліктің ұзақ уақыт (кемі 5 минут) қосулы тұрғаны анық көрсетілуі қажет. Сонымен қоса Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 803 бабы 2-бөліміне сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамада оқиға орны, уақыты және құқықбұзушылықтың мәні көрсетілуі тиіс. Егер тұрғын көлік жүргізушінің ережені бұзғанын айғақтайтын бейнежазба түсіріп арыз жазса, соның негізінде әкімшілік құқықбұзушылық бойынша шара қолданылуы мүмкін.

20 жылдан бері қолданыста бар заң, неге екені белгісіз, биыл қаңтардан бастап қоғамда қызу талқыланды. Кейбір өңірлерде көліктің 5 минуттан артық қызғанына наразылығын білдіріп арыз жазған тұрғындар да болды. Сәйкесінше, көлік иелері алғашқы айыппұлдарын да арқалады. 15 қаңтар күні мәжіліс депутаты Серік Ерубаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салудың қарапайым көлік жүргізушілер үшін қолайсыз жағдай екенін айтып, бұл заңды қайта қарауды ұсынды. Осыдан соң депутаттың бұл мәлімдемесіне қатысты Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова пікір білдіріп: «Негізінен әкімшілік құқықбұзушылықтарға қатысты өзгеріс енгізу мәселесі ведомствоаралық комиссияда қаралады. Бұл комиссияға мүдделі органдардың қызметкерлері ғана емес, сонымен бірге депутаттар мен ғылыми қауымдастық өкілдері де кіреді. Депутаттың ұсынысы күн тәртібіне шығарылып, комиссияда талқыланады. Оның нәтижесі комиссияда қаралған соң белгілі болады», – деді.

Алайда Е.Нысанбаев халықтың наразылығын да, депутаттың мәлімдемесін де жүре тыңдағандай сыңай танытты. Тіпті «айттым, бітті» дегендей, мінез танытып, әуелгі пікірінен тайқымайтынын жеткізді. Осы даулы мәселеге қарата министр үкіметте өткен баспасөз конференциясында: «Солтүстік аймақтарға қатысты айтқанда, көлікті ұзақ уақыт қыздыратындар үшін бес минут жеткілікті екенін білеміз, көлік қызғаннан кейін қозғалысқа түсуге болады. Бұл кез келген солтүстік аймаққа қатысты. Сондықтан отын үнемдеу тұрғысынан көп адамдар бұл мәселені қолдайды. Экология тұрғысынан да біз мұндай тәсілді толықтай қолдаймыз», – деді.

Журналистер бұл заңмен елордалық тұрғындардың келіспейтінін жеткізіп еді, Нысанбаев: «Мен бүгін міндетті түрде көлігімді түнде далада қалдырамын – таңертең көріп, өз тәжірибемді жасап, нәтижесін сіздерге айтамын», – деп қатқыл жауап берді.

Нысанбаев журналистерге айтқан уәдесінде тұрды. Экология министрлігінің Instagram-парақшасында 22 қаңтар күні таңертең бейнежазба жариялады. Онда әдейі сыртта қалдырған министрдің көлігі 17 градустық түнгі аяздан соң 5 минут ішінде қызып үлгіргені айтылады. Алайда оның бұл жазбасы жариялана салысымен жұртшылықтың сынына ұшырады. Тіпті мұны «сәтсіз спектакль» дегендер де болды. Шынымен де Нысанбаевтың Астананың сары аязында «5 минута қызған» көлігі көп күмән тудырады. Мысалы, 21 қаңтарда Астанада қарлы боран болды. Күн айтарлықтай суытты. Мұндайда сыртта тұрған көліктердің үстін қар басып, терезелерін аяз құрсайтыны түсінікті. Бірақ Нысанбаевтың көлігіне қар да, қырау да жоламаған. Жылы жерден шыққан көліктей терезесінде ешқандай қырау жоқ.

Әдетте көлік қанша уақытта толық қызады, автотұрақта тұрған көлік шынымен де экологияға айтарлықтай зиян келтіре ме? Біз бұл сұрақты Шымкент қаласында тұратын, ТЖО қызметкері Құралбек Амантайұлынан сұрап көрдік.

«Менің көлігім ескі де, жаңа да емес, ортақол көлік. Қазір Шымкентте +10 градус жылы. Міне, көлігімді оталдырғалы 5 минуттан асты, осы уақыт аралығында көлік қызбақ түгілі, мотордың өзі өз температурасына келген жоқ. Түн жылы болғандықтан көліктің терезесін қырау баспаған, бірақ соның өзінде көлік жүріп кетуге әлі жарамай тұр. Ал күн суық, солтүстік өңірлерде жағдай мүлде басқаша. Көлік жүруі үшін алдымен мотор қалпына келуі тиіс, одан соң жолды көру үшін алдыңғы терезесіндегі қырау еруі қажет. Содан көліктің моторы қызбаса, терезесіндегі қырау ерімесе, іші жылымаса, адамдар қалай көлік жүргізеді? Негізі су жаңа көлік болса да 5 минутта толық қызып үлгермейді. Сосын бір орында қызып тұрған көлікке қарағанда жүріп бара жатқан көліктің экологияға зияны көбірек. Мысалы, бір көлік бір орында бір сағат оталып тұрды дейік, ол шамамен екі литр бензин күйдіреді. Ал жүріп бара жатқанда кемі бір сағатта он литр бензин күйдіреді. Демек тоқтап тұрған көліктерге 5 минуттан артық моторды қосып қойма деп экологияны қорғай алмайды. Егер бұл заңнама тұрғын үйлердің астындағы жабық көлік тұрағына арналса, онда түсінуге болады. Көлік жабық автотұрақта ұзақ уақыт оталып тұрса зиян болуы мүмкін. Ал тұрғын үйлердің ауласында, жол жиегінде тұрған көліктер экологияға зиян әкеледі деу ақылға сыймайды. Қазір халықтың жағдайы онсыз да қиын, қымбатшылық бүйірден қысып барады. Осындай кезде «5 минуттан артық көлігіңді қыздырдың» деп айыппұл салу орынсыз іс деп білемін. Мұндай дүниені халықтың жағдайы түзеліп, тұрмысы жақсарған соң айтса болады», – дейді Қ.Амантайұлы.

Ал белгілі журналист Айбын Шағалақ Facebook әлеуметтік желісінде жазба жариялап, жаңа көлігінің 5 минутта қызбайтынын айтып былай дейді: «Мен экологияның жақсарғанын қос қолымды көтеріп қолдаймын, бірақ отандық өндірісті қолдайыншы деп алған су жаңа қазақстандық көлігім -15 градус аязда 6-7 минутта қызады екен. -20-дан асса, 10 минутсыз жүру мүмкін емес. Не істесек екен?

Отандық автоөндірісті қолдаңдар деген шенеунікті ме, әлде экологияны сақта деген шенеунікті тыңдаймыз ба?

Қайсысын немесе қай ұстанымды сақтаған дұрыс?

Әлде күн сайын айыппұл төлеп, бюджетті қолдаймыз ба?».

Қарапайым жүргізушілердің көлігін қанша уақытта қыздыратынымен Нысанбаевтың ісі жоқ секілді. Себебі оның көлігіне Арқаның ақ түтек аязында да қар қонбайды, қырау түспейді. Тіпті астындағы көлігінің өзі халықтың салығына алынған қызметтік көлік. Оның қызған қызбағанымен Нысанбаевтың шаруасы қайсы?!

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ