Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 08 Маусым 2024

Қара дала мен туған жер (Суретші Молдахмет Кенбаевтың шығармашылығы туралы)

Молдахмет  Кенбаев
Фото: ашық дереккөз

Сары түске боялған кең дала мен сағымның көк түсіне малынған тау етегінде желдей есіп шапқан ақ боз ат бейнеленген «Асауға құрық салу» атты картинаны бәріміз көрген болармыз.

 Құрық көрмеген асаудың ен даланың еркін жортқан еркесіндей жүйткіген кенеп бетіндегі тірі, жанды бейнесін Молдахмет Сыздықұлы Кенбаев жазған. Бұл жұмыс тек суретшінің ғана емес, жалпы қазақ кескіндеме мектебінің танымал символына айналды. Суреттің түпнұсқасы бүгінде Мәскеудегі мемлекеттік Третьяков галереясында сақтаулы. Себебі картина аяқтала салысымен аталмыш мұражай оны сатып алған екен.Кейіннен автор арнайы тапсырыспен Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер мұражайына арнап, картинаны қайта жазып шықты.

Молдахмет Кенбаевтың шығармашылығы жай ғана суретшілік қиял немесе сұлу көріністер ғана емес, бұл сонымен қатар кенепте бейнеленген философиялық күш. Ол қазақ халқының арман-мұраттарын өнердің заманауи үрдістерімен шебер үйлестіре алған суретші. Бүгінгі таңда Молдахмет Кенбаев көрнекті қазақ халық суретшісі ретінде танымал. Алайда ол осы атақ-даңққа бірден жете салған жоқ. Оның өмірі мінезі мен шеберлігін шыңдаған қиындықтар мен сынақтарға толы болды.

Молдахмет Кенбаев 1925 жылы 25 шілдеде Қостанай облысы Амангелді ауданы Саралы ауылында дүниеге келген. Ол отбасындағы он төртінші бала. М.Кенбаев бала кезінен тағдырдың сынақтарына тап болды. Молдахмет 1931-1941 жылдар аралығында балалар үйінде тәрбиеленді және бұл жылдар оның нағыз өмір мектебіне айналды.

Кейіннен, 1941 жылы Молдахмет Кенбаев өзі армандаған Н. В.Гоголь атындағы Алматы театр-көркемсурет училищесіне оқуға түсті. Оқу орнында өзінің алғашқы кәсіби дайындығын алды және дәл осы жерде оның өнерге деген саяхаты басталды. Осыдан соң оның шығармашылық мансабы қарқынды дамыды.

1948 жылдан бастап ол қалалық және республикалық көрмелерге жиі қатысты. Сөйтіп, жас суретшінің жұмыстары көптеген республикалық және шетелдік көрмелерге қойылып, көрермендердің ықыласына бөленді. Шығармашылық жолының ең алғашқы күнінен бастап ол туындыларының басты тақырыбын қазақ мәдениеті мен оның рухани бейнесіне арнады.

Б.Түлеков, М.Кенбаев, Ә.Қастеев
Б.Түлеков, М.Кенбаев, Ә.Қастеев

Бұл жылдары суретші Әбілхан Қастеев елге танылып, қанатының астына қазақтың жас суретшілерін жиған кезең еді. Кенбаев та сол жас жеткіншектердің қатарынан еді. Тағы бір қызығы, Қастеевтің үйі елдегі біртуар азаматтардың жиналатын «Берекелі шаңырағына» айналып үлгерген еді. Қастеевтің қонақтарының қатарында: мүсінші Хакімжан Наурызбаев, суретшілер Үкі Әжиев, Сахи Романов, Әубәкір Исмаилов, Жанатай Шарденов те болған екен. Кенбаев та атақты суретшімен тығыз қарым-қатынас орнатып, Қастеевтің киелі шаңырағына жиі баратын қонағы болғандығын Ә.Қастеев атындағы музей-үйінде сақталған фотосуреттерден байқауға болады. Тіпті ол орыс тілін жітік меңгергенінің арқасында ең алғаш Мәскеуге Қастеевтің аудармашысы болып барып, сол жерде өзінің талантын да таныта алған деседі.

1950 жылы әріптестерінің ұсынысы бойынша және сол кездегі барша білімге талпынған жастар легімен бірге Кенбаев Мәскеуге аттанды. Сол жылы ол Кеңес Одағындағы бейнелеу өнері саласындағы жетекші оқу орындарының бірі В.И.Суриков атындағы Мәскеу көркемсурет институтына қабылданады. Бұл тұста Көркемсурет институты өзінің беделді факультеттерімен, сапалы оқу бағдарламасымен және мықты ұстаздарымен танымал еді. Мұнда ол көрнекті кеңестік кескіндемеші, график, жанрист және портретші В.П.Решетниковтің шеберханасында білім алады. Халық суретшісі, профессор және КСРО Өнер академиясының вице-президенті болған Ф.П.Решетниковті біз Кеңес халқының күнделікті өмірін бейнелейтін ең танымал жанрлық картиналардың бірі болған «Тағы да екі» (1952) картинасынан танимыз. Өз кезегінде Решетниковтің шеберханасы Кенбаевтың техникалық және көркемдік дағдыларын байытып, өнердегі ұстанымын нығайтты.

1956 жылы оқуын бітірген Кенбаев Отанына оралып, Алматыда жұмыс істей бастады. Бейнелеу өнеріндегі өзіндік жолын іздеген суретші көп ұзамай өз шабытын қазақ даласынан тапты. Туған жерінің сұлулығын жазуға кіріскен суретші бұл талпынысын «ала дертімен» ауырғанмын деп еске алады. Сол себепті де осы жылдан бастап қазақ даласының сұлулығы мен жылыжүзді адамдары оның шығармаларында орталық орынды иеленді. Шығармашылығы шыңдала түскенін сезінген Кенбаев адам мен табиғаттың бірлігін одан ары аша түсетін терең мазмұнды шығармалар жазып, бірінен соң бірі жаңа картиналар туындай бастады. Сол жылдары жазылған «Әңгіме» және «Шопан әні» секілді лирикалық картиналарын осыған дәлел ретінде айтуға болады. Мұнда қара даланың кеңдігін мадақтады. Осылайша, «даланың дертін» сертіне айналдырған суретші кейінірек әйгілі «Асауға құрық салу» жұмысын жазды. Суреттің басты кейіпкері ретінде ол бар екпінімен арындай шапқан ақ боз ат пен қолдарына құрық ұстап, соған қарай ұмтылған екі аттылы азаматты бейнеледі және картинаны қарама-қарсы ашық түстер мен екпінді динамикаға толтырды.

Осы туындысы жайында суретші бір естелігінде: «Бір күні менің шеберханама халқымыздың екі ардақты азаматы Мұхтар Әуезов пен Орал Таңсықбаев келді. Сонда Мұхаң мені алғаш рет Орал ағамен таныстырды. Екеуі салып жатқан суретімнің тұсына келіп, ойланып тұрып қалды. Жүрегім алып-ұшып барады. Бір мезетте Мұхаң: «Пәлі, Орал, мінез деп мынаны айт. Молдахмет сенің аттарың асау ғой өзі. Осындай кеңістік керек бізге. Көкірегіміз ашылып сала берді ғой» деп, Орал ағаға қарады. Ол кісі болса үнсіз қостап тұр екен. Бұл менің «Қашағанды қуу» деген жұмысым еді» деп еске алады.

Үлкен еңбек пен жемісті жұмыстың арқасында Молдахмет Кенбаев шеберлігін дүйім жұртқа паш етті. Соның нәтижесінде 1963 жылы Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды. Сондай-ақ өнердің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін келесі жылы ол КСРО Суретшілер одағына, ары қарай Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелігіне қабылданды.

1965 жылы Кенбаев В.И.Ленин атындағы Қазақ мемлекеттік политехникалық институтының сәулет-құрылыс факультетінде кескіндеме және сурет салудан сабақ бере бастады. 1980 жылы ұстаздық жолын Алматы сәулет-құрылыс институтында жалғастырды. Бұдан бөлек, ол Украинаның көркемсурет мектебінде сабақ беріп, өзінің білімі мен тәжірибесін суретшілердің жаңа буындарына жеткізді.

Қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін Молдахмет Кенбаев 1985 жылы Қазақ КСР Халық суретшісі атағына ие болды.

Қазақстанның ұлы ұлдарының біріне айналған Молдахмет Кенбаев 1993 жылы керемет көркем мұрасын қалдырып, келмес сапарға кетті. Оның қылқаламының әрбір соққысы – туған жерге, мәдениетке және дәстүрге деген құштарлығының көрінісіне айналды. Олар бізге қазақ елінің жан дүниесін көрсететін кітаптың жұмбақ беттерін аша отырып, суретшінің туған жеріне деген сүйіспеншілігінің тірі айғағы болып қала береді.

«Асауға құрық салу»
«Асауға құрық салу» 1961 жыл. Кенеп, май. 102х202, Алматы, Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайы.

***

Қазақ бейнелеу өнерінің екі алыбы Молдахмет Кенбаев пен Қанафия Тельжановтың шығармашылығы бір-бірімен үндес екенін айта кеткен жөн. Екеуі де туған жерінің табиғаты мен мәдени мұрасының сұлулығын ғана емес, сонымен бірге халықтың жанын, оның арман-мұраттарын да жеткізуге тырысқан. Мұндай шынайы үндестік оларды қазақтың бейнелеу өнерін шырқау биігіне көтерді. 1958-1961 жылдар аралығында олар қазақ кескіндеме мектебінің негізіне айналған ең танымал сүбелі шығармалар жазды.

1950 жылдардағы көркемдік білімнің басты императиві табиғатты игеру және шынайылыққа қол еткізу болғандықтан екі шебердің табиғат аясына пленэрге жиі шыққаны белгілі. Пленэрде өткізген сағаттар оларға реалистік мектеп шеңберіндегі табиғаттың әртүрлі күйлерін сезінуге, түсінуге және осының бәрін түрлі-түсті және тоналды модельдеу арқылы көрсетуге үйретті.

Кенбаев пен Тельжановтың жұмыстарын формальді немесе салыстырмалы талдау өте қиын, себебі олардың туындыларында әрбір қазақтың тынысын ашатын кең даланың самал желі еседі. Екі шебердің де кенебінің бар аумағын үлкен дала кеңістігі иеленеді. Алайда айқын ұқсастықтарына қарамастан Кенбаевтың мақамы бөлек еді. Ол жарқын бояуларды еркін қолданып, батыл кескіндеме стилімен ерекшеленді. Сол батылдығы үшін таныстары оны тіпті «сұрапыл Молдахмет» деп те атаған екен.

Қазақ ою-өрнектеріне тән түс қанықтығы мен формалық қарапайымдылық Кенбаевтың қылқаламына поэтика­лық сарынмен икемделген. Оның жұмыстарында аллегория мен символдар арқылы терең бейнеге ұмтылыс бар. Кескіндемешінің метафора тіліне дала образдары арқылы бейімделе бастауында қазақ халқының сан жылдар бойы аңсаған тәуелсіздік арманы жатса керек.

Кенбаев шығармашылығының монументалды іздерін Қазақстанның оңтүстік астанасындағы керегелерден табуға болады. «Алматы» қонақ үйінің қасбетінде орналасқан махаббат дастаны баяндалған үлкен мозаика соның бір мысалы бола алады. Бұл – Молдахмет Кенбаев пен Николай Цивчинский қолынан шыққан «Еңлік-Кебек» мозаикасы. Бұл панноға қазақ жігіті Кебек пен оның сүйіктісі Еңлік туралы өлең жолдары арқау болған. Өмірде жолыққан кедергілеріне қарамастан, бір-біріне ұмтылған ғашықтар бейнеленген бұл жұмыстың пайда болу тарихы М.Әуезовпен байланысты еді. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов халық эпосының негізінде «Еңлік-Кебек» атты трагедия жазса, ал суретшілер Кенбаев пен Цивчинский 1965 жылы «Алматы» қонақ үйінің қабырғасында осы қайғылы оқиғаның өз нұсқасын жасады.

Кенбаев шығармашылығындағы тағы бір тұғырлы туынды – күйші Құрманғазы туралы «Сарыарқа» картинасы. Осы жұмысы үшін суретші 1959 жылы республикалық бәйгеде бірінші орын алған. Оның «Сарыарқа» аталуы да күйшінің осы аттас күйіне байланысты. Қылқалам шебері картинамен жұмыс жасау барысында Құрманғазы туралы поэма жазған ақын Хамит Ерғалиевпен жиі кездесіп, пікірлесіп отырған екен. Сонымен қатар әуеннің әлеміне енген күйшіні көп зерттеген композитор Ахмет Жұбановтан да құнды деректер алып, бар жиғанын кенептегі бейнеге кіргізуге тырысқан.

Әңгіме
Әңгіме. 1958. Кенеп, май. 100х200. Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайы.

«Шопанның әні»

Бұл суретте біздің алдымызда қазақ жері мен халқының жалпыланған, романтикаланған бейнесі берілген. Картинаны бөліп қарай алмайсың, ондағы әрбір элемент, тіпті кеңістік пен уақыт та біртұтас әуенге жиылған. Даланың үлкен және шексіз болғаны соншалық, ол кескіндеме кеңістігін түгел дерлік толтырған. Күнге күйген дала шөбінен бастап, аспанға дейін бәрі күңгірт түсте. Түйеге мінген Шопанның пішіні мен қойлардың сұлбалары ғана суретке динамизм қосады.

Картина жайлы белгілі өнертанушы Райхан Ергалиева: «М. Кенбаевтың «Шопанның әні» картинасы қазақ көшпенділерінің дәстүрлі өмірінің көрінісін береді. Онда дала өмірінің үйлесімділік сезімі мен адам эмоциясын және оны қоршаған табиғатты біртұтас әуенге біріктіру қажеттілігі тіріледі. Бұл принциптер кенептің көркем матасына тоқылып, композициялық құрылымға жазылып, кенептің колоритіне енгізілген» деп жазады.

Даланың кеңдігін меңзеген бұл панорамалық жұмыс қазақтың іргелі архетиптік тұжырымдамаларының бірі болған киелі «Ұлы Дала» ұғымын еске салады. Қара дала Кенбаев үшін жай ғана атау емес, Отанына, оның күші мен рухының символына айналады, себебі дала – қазақ философиясы үшін шексіз ғарышқа теңеледі.

Осылайша, қатпар-қатпар тарихын қойнауына сақтаған қасиетті даланы бейнелеген суретте Кенбаев адамды табиғаттың бір бөлігі ретінде ғана емес, әсемдік пен мәңгіліктің үйлесіміне апаратын түйін ретінде көрсетеді. Болмыс туралы шексіз ізденістерін өнердегі іргелі принциптерге және халық дүниетанымының бір бөлігіне айналдырып, кенеп бетінде шешеді...

Санжар СЫРҒАБАЕВ