Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Қара нар шөкті, қалам қаңтарылды

Әкім Тарази
Фото: ашық дереккөз

«Жылымық» жылдары әдебиетке келіп, қатарынан оза шапқан бес жазушыны тұрқына қарап алдыңғы толқын ағалары «бес тапалымыз» деп еркелетті.

Олар – Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ және Әкім Тарази. «Бес тапал» да бар ғұмырын жазуға арнады. Ғұмыр бойы қаламын жанына серік етті. Құдды бір өмірге жазу үшін, ұлтының қара сөзден «алынбаған еншісін» алу үшін келгендей еңбек етті. Өзгеше бітімді кесек-кесек шығармаларымен қазақ әдебиетінің арналы дариясына асау бұлақтай ақкөбіктеніп келіп қосылды.

Алайда жемір уақыт «бес тапалдың» да қатарын біртіндеп сирете бастады. Енді, міне, солардың соңғысы Әкім Тарази да бақиға аттанды. Тек өлмейтін, өшпейтін сөз ғана. Жылы жүректен шыққан нұрлы сөз. Оның қаламмен қашап қалдырған «Тасжарғаны» әлі талай көкіректе көктеп өніп, «Құйрықты жұлдызы» әлі талай сананың терең қатпарына самаладай жарық түсіретіні кәміл. Тарази жұлдызы қашан да маңдай тұсымызда шолпандай жарқырап тұрары анық.

Қош, «могикандардың ақыры»

Өмірден Әкім аға өтті... Қазақтың классик жазушысы Әкім Үртайұлы Тарази бақиға аттанды. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ауыр жүгін арқалап, алған биігін аласартпай, ұлт руханиятының туын асқақ ұстап, жаңа – жиырма бірінші дейтін жұмбағы мен сыры мол, тосын мінез бен беймәлім әрекетінен аяқ алып жүру қиын, күрделі ғасырдың төрінен абыздық орын алған дәуіртекті суреткер, ұлтжанды ел ағасы, еркін ой мен еркін сөздің иесі, Алаш бітімді қайталанбас тұлға, ұлы қаламгер өмірден ұзап барады.

Қалам... Қағаз... дейтін киелі де қасиетті қос ұғым алдындағы жауапкершілікке адал болу, уақыт ұсынған қиындықтар мен пенделік арбаулардың жетегіне кетпей, суреткерлік ұстанымға шаң қондырмай өмір сүру – табандылық пен төзімділікті, кеңдік пен парасаттылықты, керек етері хақ. Артына мол мұра қалдырып, саналы сәт-сағатының бәрін жазу дейтін жанкешті күреске арнаған Әкім Тарази өмірі – осындай өрісі кең, өркені мол, әдебиетті ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің ғажайып биігіне көтере білген шынайы жазушының, нағыз суреткердің өмірі!

Әкім Тарази есімі тіл ұшына оралған сайын, менің жадымның төрінде әркез жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары жаңғырады. Әдебиеттің абыройы мен беделі аспандап тұрған кез. Жазушының қаламынан туған әр сөз, сөйлем, әр кітап алты құрлық назарын өзіне бұрып, озық деген үлгілі көркем дүниелер жұмыр жердің түкпір-түкпірін шарлап кететін... Кітап оқитындардың саны да, сапасы да жоғары осынау тағдыры мен тәлімі айрықша дүбірлі дәуір адамзат ойы мен санасының бағыт-бағдарын анықтап тұрған өрісті кезең қазақ руханиятының көшбастары болған көркем әдебиет те өзінің тарихи міндетін ойдағыдай атқарды... Күні кешегі ұлт ойы мен сапасын отап тастаған отызыншы, қырқыншы жылдардың ортақ топырағына жан бітірген «алпысыншы жылғылардың» алғашқы легі сөз өнерінің ғана емес, жалпы ұлт руханиятының дамудың жаңа биігіне көтерілгенін айқын танытты.

Әдебиет босағасын құбылыс болып аттаған, әр жылдарда жазылған әңгіме, повесть, романдары, пьесалары әдебиетімізге өлшеусіз олжа салған суреткер ойы мен қиялының кеңдігі, көркемдік бітімі мен өміршеңдік өресінің тереңдігін танытар өлмес дүниелері. Бұл – тізім ғана емес, төркінінде уақыт пен қоғамның, адам мен заманның, дала мен ғаламның арақатынасын анықтауға ұмтылған, ұлы дүние туралы толғанған, тебіренген жүрек пен сананың ұйқысыз сәт-сағаттары, мазасыз ойлары, тынымсыз жылдары жатқан жазу дейтін ұлы майданның көрінісі. Әкім Тарази есімді қайтпас, қайсар мінезді көркем сөз шеберінің өзі өмір сүріп, ғұмыр кешкен дәуірі жайлы ақ қағаз айдынына салған көркем өмірі! Жазушының жан әлемі! Суреткер қаламынан туған көптомды шығармалар жинағы – жасы тоқсанның екеуіне келгенше ойы мен сөзінен жаңылмаған, ұстанымына деген ұстыны бөлек жауапкершілігіне көлеңке түсірмеген жомарт дарынға сүйсінбей көріңіз..

Әкім Үртайұлы өмірде де, өнерде де сабырын сарқымаған, салауатқа жүгіне білер ғажайып ұстамды кісі еді. Кездесе қалсақ... Өзі туралы айтқаннан гөрі, оқығаны мен тоқығанын алдыға көбірек салып отыратын... Тарихи дүниелер мен тарихи тұлғалар туралы... Тіпті болмаса өзінің жанындай жақсы көретін достары жайлы жанға жағымды әңгіме қозғап, соларға қатысты өтініш айтып жүретін... «Сайынның юбилейі келеді. Өзің білесің... Ағаң өліп кетсе де өзі туралы айтпайды... Мақтануға жоқ... Қазақтың Чеховы ғой... Нағыз классик!..» деген майда қоңыр дауысы құлағымнан кетпейді... Сайын ағамызды «Халық жазушысына» ұсынайық дегенде... «Нұрлан, пейілдеріңе рақмет! Жасы да, жолы да, әдебиеттегі, қоғамдағы орны да – Әкім ағаңдікі!.. Әкім Тарази алып дәуірмен алысқан алыптар қатарынан!..» деп еді Сайын Мұратбеков те...

Қайран, асыл ағаларым-ай!

«Қалдым» деп саспайтын, «оздым» деп таспайтын суреткердің тағы бір жолы, сөйлесе, ойланып сөйлейтін, ой толғаса, толғанып айтатын мінезіне салып айтқан сөзі есіме түсіп отыр. «Бәрімізді жаратқан Алла! Оған ешкімнің дауы жоқ. Мені де жаратқан Алла! Менің Қалиханымды да жаратқан Алла! Өмірдің қызығы мен қуанышын сыйлаған Құдайдан кейінгі ата-анамыз. Қалиханды да, мені де жазушы жасаған тағдыр! Орта! Заман! Дәуір! Өз басым жазушылық тағдырымды тәрбиелеген, жетілдірген дос-жарандарыма, замандастарыма, еліме, ортаға ризамын!» деп еді бір жолы. Әкім аға (соңғы жолыққанымда)... Дауысы дірілдеп, көзінде бір мөлдір от жалт еткендей болып еді... Жастық шағын... Жалыны мол дәуренін сағынғаны... Әлде адал достарын аңсап, босаған бір сәті ме екен? Кім білсін?!. Құлын-тайдай бірге өскен Әкім ағаны қойып, анда-санда достыққа қалай адал болса, әдебиет дейтін киелі әлемнің арына да дақ қондырмай адал қызмет еткен аяулы, ардақты ағаларымды мен де сағынамын...

Бүгін де міне... «Могикандардың ақырындай» болған сол адал дәуірдің, күрескер дәуірдің ақырғы өкілі, абызбітімді асыл ағамызбен қоштасып отырып, менің де ішімде бір дауыс әнтек дірілдеді...

Жақсы жасадыңыз, Аға! Алаштың ұлы жұрты аузынан тастамай, алдағы уақыттарда да өзімен бірге серік етер сөз өнерінің бай мұрасын қалдырып барасыз. Сіздің екінші өміріңіз – рухыңыздың халқымызбен бірге жасайтын өмірі басталды. Сол өміріңізге мәңгілік тілеймін! Бақұл болыңыз! Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын!

Нұрлан ОРАЗАЛИН

Заманның зардабы туралы толғаныстан өмір бойы арылмаған жазушы

Адам өмірінің қай белесі де өзі өмір сүрген мемлекеттің өзекті құбылыстарымен сабақтастығын, қоғамның сыры мен сипаты адамға жасаған қамқорлық ерекшелігімен байланыстылығын зерттеу мен таразылауға деген талабы еш уақытта толастамаған тұлғалар тарихта көп те емес, аз да емес. Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысынан кейінгі «жылымық» кезеңі әдебиетімізге оң ықпал жасағанына алпысыншы жылдардағы жас ұрпақтың заманды тың тұрғыдан тартынбай толғауға деген құштарлығы куә. Бұл буынның жарыса жариялаған шығармалары әдебиет әлеміне қыруар олжа салғаны туралы ризашылықпен, қуана айтылатын себебі белгілі. Жеке басқа табынушылық кезеңінде көзге қамшы тиіп, жасқанып, әйеншектеуге еріксіз бет бұрған әдебиет бұған дейін әрі булығып, әрі ашынып келген болатын. Қиялды құрсаулаған қысымнан, әр сәт сайын аңдыған әзірейіл бақылаудан біржола құтылмаса да, айтарлықтай еркіндік алып, еңсесін көтерген қаламгер қауым бірден ес жиып, айналасын барлауға ден қойғаны – жеке адамға тән көпсалалы қажеттіліктің де, тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде титықтап, түрлі тайталастарда шаршай бастағандықтан, өшіп кетпей, өмір сүруді ойлаған қоғамның да талабы еді. Жаңа буын болмысты тайсақтамай зерттеу арқылы бейнелеуге, көз жеткізіп барып, сол болмысқа игі әсер етудің қыруар мүмкіндіктерін құлшына, қуана іздегені айқын. Сол кезеңде болмысты сараптауға мүмкіндік берілгенде, шегінбей алға ұмтылғандардың алғы сапынан бірден жарқ еткен Әкім Таразиді көреміз.

Оның шығармалары – сол ес жиғызбас ересенімен, естен тандыратын сол екпінімен қайталануы екіталай адамзат өркениеті шеруінің бұлтартпас, бұлжымас шежіресі, қайшылықтары қисапсыз, кейінгі кезең әлі ақи-тақи анықтап біте алмаған күрделі заманның, сойқаны сұмдық жиырмасыншы ғасырдың ең өзекті, ең жанға батқан, қабырғаны қайыстырған тарихи-әлеуметтік құбылыстарының сапырылысқан ағыстарында сансыраған тағдырдың батпан салмағын арқалаған мәжбүрліктің мызғымас айғағы. «Құйрықты жұлдыздағы» Кірпішбайдан бастап, кейінгі «Андрейге» дейінгі аралықта жазылған барлық шығармаларынан тұтас бір дәуірдің айналып өте алмайтын көкейтесті шындығын көрмеу мүмкін емес. Жеке адамның тоғышарлығынан бастап, мемлекет уақыттың беталысын үнемі үңіліп зерттеуден, әлемі шексіз көркемдіктің қырағы көзімен қараудан бір танбай өткені – тек жақсылық ойлаған өзгелерге өнеге. Заманның зардабы туралы өмір бойы толғаныстан арылмаған, жанды жеген тебіреністерден қанша азап шексе де, бір білдірмей, шығармалары арқылы шежірелеп өткен айтулы қаламгер Әкім ағамыздың өмірлік серігі Роза жеңгемізге қайғырып көңіл айта отырып, жаны жаннатта болсын, пейіште нұры шалқысын дейміз.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ

Байыпты да мөлдір, мысқылды да сыншыл әлемі бар жазушы

Біздің буын Мұхтар Әуезовті көрген жоқпыз, біздің жас кезімізде көзі тірі болса да Ғабит Мүсіреповтермен әңгіме-дүкен құрған жоқпыз. Қай жазушының да шығармаларын оқу бір басқа да, адами қарым-қатынастар, ой-пікір бөлісу, тағылымын алудың жөні бір басқа. Өзгелер туралы айта алмаймын, бұл ретте менің үлкен мектебім атақты 60-жылғылар болды. Кеңестік саясаттың бел ортасында өмір кеше отырып ұлттық әдебиетімізде ренессанс жасаған,әрқайсысы жеке әлем – жеке шың оларды бүгінгі биіктен қарағанда алыптар буыны деуге әбден болады. Осы буын түгесіліп барады. Астанадан суыт хабар жетті – ардақты Әкім аға, көрнекті суреткер Әкім Тарази дүниеден көшіпті...

Жазушы Таразидан алғашқы оқыған шығармам кейін «Тасжарған» аталған «Бұлтқа салған ұясын» романы. Алғашқы, балаңдау бір мақаламда осы романдағы Ұлмекен бейнесін өзімше талдағанмын. Осыдан сәл кейінірек «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінде қызметте жүргенімде Әкім ағамен таныстырған көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиев еді. Сол кездері жастарға арналып жарық көріп тұрған танымал жинақ «Сөзстанға» жазушы лабораториясы туралы сұхбат жасап беруімді өтінген. Әкім аға өте мәдениетті, әңгімесі құнарлы жан екен, жақсы бір сұхбат болғаны есімде. Кейініректе жазушының «Басынан Қаратаудың» повесть-әңгімелер жинағы мен «Кен» романына пікір білдіргенмін. 80-жылдардың орта шенінде Әкім аға Жазушылар одағына хатшылық қызметке келді. Одақтағы небір жиындар, талқылаулар, театрларға сапарлар өз алдына бөлек әңгіме.

Қазақ руханиятына алпыс жылдай қалтқысыз қызмет етіп, бірнеше буынға ұстаз болған Ә.Тарази әдебиет, театр, кино салаларына мол еңбек сіңірді. Суреткер қай кезең, қай қоғамда да конструктивті өмір кешкенін және өз кезеңінің тамыршысындай қасиеті болғанын атап айту керек. Осы қасиетінің бір көрінісіндей болып әдебиетке, сахнаға – бойына уақыт идеалдарын жинақтаған заманауи жаңа кейіпкерлер келді.

Ә.Тарази заманымыздың көркем бейнесiн жасау арқылы қоғамдық тарихи үдерістерді зерделеу-зерделетуде үлкен биіктерге шыққан суреткер. Оның тереңнен тартатын озық идеялары қоғамның өзін-өзі тануына, жаңғыруына ықпалын тигізсе, тек өзіндік, дара стилі – төл әдебиетімізді көркемдік-стилистикалық жағынан байытты, поэтикасын құнарландырды. Кейінгі сан ұрпақ ұлтымыздың ғасырлар толқынында өзгеру, түлеу, жаңғыру үдерістерін, уақыт идеялары мен қоғам мүшелерінің арман-аңсарларын, жан дүниелеріндегі нәзік қалтарыстарын суреткер Ә.Таразидің бірде байыпты да мөлдір, бірде мысқылды да сыншыл көркемдік әлемі арқылы да таныры анық. Ал елінің бақытын, кемелденуін армандаған шығармашылығы мен өнегелі өмірі өнер жолын таңдамақшы жас өскін үшін жақсы бағдаршам.

Күні кеше «Қазақстан» телеарнасындағы қазанамада жазушы Төлен Әбдіктің «...ойға алған мақсаттарын орындап, арманына жету... тұрғысынан Әкім ағамыз шын мәнінде бақытты адам» деген пікіріне қосылуға болады. Ал Әкім Таразидің көркемдік те тұлғалық әлемін жан-жақты аша түсу алдағы уақыттың еншісі.

Таразидей тұлғаның лайықты өнер-өмір серігі бола білген жары, әріптес Розаға, бүгінде үлкен азамат балаларына, қалың көпшілікке қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Бақұл болыңыз, қадірлі Әкім аға, қош болыңыз қазақтың Таразиі! Рухыңыз пейіште шалқып, ұрпағыңызбен, шығармаларыңызбен мың жасаңыз....

Әлия БӨПЕЖАНОВА

Әлі талай заман тарази кейіпкерлері бас көтеріп, авторын іздейді

Бүгін, міне, қазақ әдебиетінің таңы Таразисыз атты. Әдебиетіміздегі «Алпысыншы жылғылар» аталатын алыптар шоғырының соңғы шоқ жұлдызы жарқырай барып ғайыпқа сіңді. Алыс жолдан арып-ашып ауыр жүк арқалап келген алып қара нар шөкті, арғымақ – қалам қаңтарылды. Бір ғана размердегі аяқкиім тігетін «Етікші» деген ең алғашқы әңгімесіне қазақ әдебиетінің аңызы әйгілі Ғабит Мүсірепов: «Е,е Шудан да бір Шолохов шығады десеңші. Әңгімеңді оқыдым. Жақсы. Бірақ баспаймын...» деген Тарази тұңғыш жазбасында-ақ Кеңес өкіметінің стандарттық санасын сынаудан бастаған еді. Содан ары қарай «Құйрықты жұлдыз», «Шер», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Жаза», «Москва – Баласаз» романдары мен повестері кесек-кесек сомдалған кейіпкерлерімен қалың оқырманға жол тарта берді. Сол кейіпкерлердің дені стандартты қоғамның стандартқа сыймайтын кейіпкерлері еді. Сол кейіпкерлердің ішкі үні шын мәніндегі адам табиғатының еркін аңсары, қазақтың қылбұрауда шыңғырған құлындауысы еді. Санаға салынған бұғауға қалай көндігіп, көндікпегендерге таңғала қарайтын кейіпкерлер еді. Сыртынан қарап отырып жаның ашиды. Құл болғанына қуанған саналы адамның енді қулығының қалай жетілгеніне оқырман ретінде өзің қайран қалардай кейіпкерлер еді.

Әдебиет әлемінде түрлі жазушылар болады. Бірақ құрыштан құйылғандай дәуірдің, уақыттың кейіпкерін сомдайтын суреткерлер көп болмайды. Сол аздың бірі – Тарази! Мың адамның бейнесінен мың адамның қасиетін бойына сіңірген бір адам жасап шыққандай шеберлік керек кейіпкер жасауға! Таразидің Кірпішбайы миллион адамның бейнесін бір өзіне сіңірген бір кейіпкер емес пе?! Тарази шығармаларын зерделей оқыған адам әсіресе Сәбет өкіметінің ішек-қарнын ақтарып отырады. Ұңғыл-шұңғылын түгел кезеді. Адам санасына не арқылы, қандай өзгерістерді енгізгенін көзбен көріп отырғандай күй кешеді. Халқының ауыр кезеңдерден өтіп жатқан тұсында қолына қалам алып, қазақтың күллі болмысын бойынан өткізе, жан дүниесіне тербете отырып қағазға түсіру қандай қиын!?.

«Қазір қандай бақытты буын! Біздің балалық шағымыз соғыспен тұспа-тұс келді. Бәріміздің көрген қорлығымыз бір, мұңымыз бір, көбінің әкесі ұсталып кеткен, көбінің әкесі соғыста, аналарымыз колхозға жұмыс істеп, көздері құрттап кететінін де көрдім. Олар бізді аштықтан аман алып қалды. Сол бір күн­дерді еске алғанда көзімнен жас шығып кетеді. Аштық тақы­рыбын айту – мен үшін өте ауыр. Осының бәрін көрмесем менен Тарази деген жазушы шықпас еді!!!» дейді қаламгер. Сөйте отырып жазды. «Ақбердінің ауласы», «Андрей» сынды әңгімелері тұтас дәуірдің картинасы ғана емес, ішкі ащы запыраны да болып ақтарылып түсті ғой.

Осы жолдарды қағазға түсіріп отырғанда Әкім Таразиді бір шама зерттеген қаламгер Алпысбай Мұсаев аға қоңырау шалды. Ебіл-дебілі шығып жылап тұр. «Тоқсан жасап, өмірден өтсе де біз әлі арамыздан қандай жазушы аттанып бара жатқанын сезінгеніміз жоқ» деді. Тап солай! Сезген жанға өзі бауырында туған Алатау аңырап қалды, өзі бауырында өскен Қаратау қаңырап қалды, өзін өмірінің соңына дейін тербеткен Сарыарқа сансырап, сыңси жылайды, өзі өле сүйген күллі қазақ даласы күңіренді. Өзіне сезілер, бәлкім, сезілмес, мыңдаған оқырман кеудесінен әлі талай заман Тарази кейіпкерлері бас көтеріп, авторын іздейді... Бақұл бол, ұстаз! Қош бол, классик!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Драматургияда қайталанбас қолтаңбасы бар

Әкім аға туралы өткен шақта айтудың өзі қиын. Қазақ әдебиеті мен мәдениеті, руханияты мен өнері орны толмас қазаға ұшырады. Қос ғасырдың көрнекті қаламгері, драматург, киносценарист Әкім Таразидің арамыздан кетіп, мәңгілік сапарына аттануы кім-кімге де соққы боп тиетін ауыр хабар. Себебі ес білгелі бері ағамыздың шығармашылығын көріп, біліп, оқып өстік. Сол үшін де ол кісінің қазақ өнері мен мәдениетіне, соның ішінде сахна, экран өнері мен әдебиетке қосқан үлесі ұшан-теңіз. Маған Әкім ағамыздың өмір сүрген дәуірі қазақ әдебиеті мен мәдениетіне жаңа толқынның келіп, нағыз дамыған шағы боп көрінеді. Және Әкім аға сол толқынның бел ортасында жүрді. Оқуын аяқтаған соң ұстаздық қызмет атқарып, кейін Мәскеуге жоғары сценарийстер курсын оқып келуі ағамыздың көзқарасының өзгеруіне, ортасын басқаша бағамдап, қаламгер әрі қайраткер ретінде өсуіне себепкер болса керек. Елге келген соң біраз уақыт газет-журналдарда қызмет атқарып, Кеңес өкіметінінің «жылымық» кезеңіне тұспа-тұс келген 60-70 жылдары «Қазақфильмде» жұмыс істеді. Осы кезде сценарийстер алқасының мүшесі болуы Әкім ағамызға үлкен мүмкіндіктер ашып, қаламгерлік қырын ендігі жерде киносценарист ретінде дамыта түсті. Мәдениет пен әдебиеттің «алтын ғасырында» біз тамсана еске алатын классикаға айналған туындылардың барлығы дерлік алдынан өткен, кей фильмдердің сценарийін жазып, енді бірінің редакторы болған қаламгердің Мәскеуде оқып келіп, атақты «Литературная» газетінің біздің елдегі меншікті тілшісі қызметін атқаруы Әкім ағамыздың сол кезде тек аймақтық емес, күллі Одақтық деңгейдегі тұлға болғанына анық мысал.

Мейлі ақын не жазушы әлде киносценарист болсаң да, драматургияға айналып кеп соғары анық. Әкім Тарази ағамызды руханиятымыздағы, әсіресе драматургияда қолтаңбасын қалдырған тұлға ретінде танимыз. Ағамыздың өткір тақырыптарды көтеріп, біз сүріп жатқан заманның ақиқатын ашып көрсеткен пьесалары қазақ театрының сахналарында талай қойылды. Кей айтуға болмайтын әңгімені біз Әкім ағаның пьесалары арқылы тамашаладық, көрдік, түйсіндік. Ағамыз өзінің берген сұхбаттарында: «Творчествалық еңбекте қалып деген ұғым болмауы тиіс» дейді. Шығармашылық адамға бір қалыпқа кіріп ап, қалыптасқан шеңбер ішінде жұмыс істеудің мәні жоқ. Шығармашылық адам үнемі ізденісте болғаны абзал. Сонда ғана бір туындысы басқасына ұқсап кетпейді. Осы тұстан келгенде Әкім Таразидің шығармасында қоғамды, адамдарды мейлінше шебер суреттеп, адам болмысының қалтарыс-бұлтарысында жатқан көлеңкелі мінездерін өткір бере білуі, кейіпкерлер жүйесінен Әкім ағаның шеберлігі мен көзқарасын көреміз. Жазушының өзі: «Әр шығармамда кекесін бар» дейді. Жазушы шығармаларындағы кекесін пьесаларынан да байқалады. Себебі өмірдің әр тармағына талғаммен, қатал қарайтын, шындықты осып тұрып бетке айтатын жазушы. Әкім ағаның осы ерекшелігі оны сахна өнерінде де ерекшелеп тұрды, пьесалары сол үшін де жиі қойылды. Ол кісінің шығармалары сахнада қанша қойылса да, ешқашан ескірмек емес, оның дәл осы шынайылығы мен қаталдығы көрермен көңілінен орын тапты. Мәселен, ағамыздың Мұстафа Шоқайдың өмірін арқау етіп жазған пьесасы бүгінде қазақ руханиятының алтын қорына кіретін аяулы дүние. Сол пьесаны жазу барысында ағам үлкен ізденістер жасады. Тіпті естеліктерінде біраз жыл іштей өзін дайындап, ой қорытқаны туралы айтады. Жазар болсаң, он том да аздық ететін ғұмырды сахна мәдениетіне сай бірер сағатқа ықшамдап, сыйғызып беру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұшан-теңіз материалдың ішінен Мұстафаның күллі болмысын ашып беруді шеберлік демей көр. Бұдан бөлек, қазақ руханиятына қосылған талай туындысы бар. Қай шығармасы, пьесасы болмасын, қазақтың рухани қоржынына салынған үлкен мұра. Оны зерттеу мен зерделеу осы жерден аяқталып қалмасы анық. Дүниеден аңыз адам көшіп кетті... Өзі көшкенмен, сахнадағы, әдебиеттегі ғұмыры осымен аяқталып қалмайды, жалғасын табады. Жатқан жері жарық болсын! Ағамыздың иманы жолдас болсын! Бар ағайын-туысқа, Роза жеңгемізге қайғыра көңіл айтамыз!

Амангелді МҰҚАН

Тегтер: