«Қара өлең, сен де ескірдің, мен де ескірдім...»

Адамзат жаратылғалы бері кешкен ғұмыры мен өткен тарихы ұрпақтан ұрпаққа белгілі бір ырғаққа түсіріліп, әуендетіп, ұйқастырылып айтылған деседі. Сол үшін де поэзияны, өлеңді жазудан бұрын пайда болған өнерге балаймыз.
Мың қатпарлы адам жанының иірімдерін дөп басып, күллі адамзаттың қасіреті мен қасиетін ақтарған «саф» өнердің бүгінге дейін өлмей не өшпей келе жатқаны оның қуаты мен құдіретінен хабар берсе керек. Десек те, соңғы жүз жылдықта өлеңнің, поэзияның әдебиеттегі рөлі мен орны төмендегені жайлы жиі айтылып та, жазылып та жүр. Қызылды-жасыл экран, кино мен теледидар, интернет пен шоулар пайда болғалы әдебиет пен өнерден, әсіресе поэзиядан рухани азық іздейтіндердің саны азайғаны жасырын емес. Өмір сүру ритмі артып, бітпейтін қарбаластың арасында жүрген адамзаттың әдебиетке қояр талабы әлдеқашан өзгеріп кеткенге ұқсайды. Өткен ғасырдың сонау елу-алпысыншы жылдары-ақ жапон, кәріс ақындары поэзияның ендігі уақытта ешқашан бұрынғыдай оқылмайтынын, тек шектеулі оқырман ғана түйсініп, ұнататын жанр түріне айналатынын болжаған-ды. Мәселен, «Аспанға көшкен ел» поэмасында Есенғали Раушанов:
«Қара өлең, сен де ескiрдiң, мен де ескiрдiм,
Ескiрiп, кебiн кидiк өлмес құлдың.
Бұл, бәлкiм, соңғы дастан бiз жазатын,
Бұл дәурен ендi айналып келмес құрбым», – деп жырлаған еді.
Талай ғасыр бойы поэзияға жете алмай келе жатқан проза, роман, әңгіме қазір өлең атаулымен иық тірестіріп тұр деуге болады. Кейбір жерде тіпті басып озды.
Өнер ретінде поэзия өледі деген сөз емес, әлі-ақ талай ғасыр өлең жазылады, өмір сүреді. Бірақ дәл бұрынғыдай жаппай оқылмайды. Осы орайда әр дәуірдің сұранысына қарай өзгеріп, жаңарып отыратын әдеби үдерісте поэзияның біршама шеткері қалуы табиғи құбылыс па, әлде тереңірек талдауды қажет ететін мәселе ме деген сұрақ туындауы заңды. Мәселен, Нобель сыйлығының әдеби жүлдесін бүгінге дейін 121 қаламгер жеңіп алса, соның бар болғаны 33-і ақын екен.
Бүгінде әлем жастарының жаппай рэп мәдениетіне қызығушылық танытып, spoken word, slam poetry сияқты бағыттарда мәтін жазып жүргені поэзия жанрының жаңашыл бағытқа көшкеніне тағы бір мысал. Қазақ өлеңі де қазір жаңашылдықтан кенде емес. Мәселен, қазір жастар арасында қазақ әдебиетінің «классикасына» айналған қара өлеңмен қатар ақ өлең, верлибр жанрында жазатын авторлар көбейіп келеді. Тегінде шектен тыс дәстүрге жабысып қалуға болмайды, реформа мен жаңалықсыз поэзия дамымайтыны да айдан анық. Қатардағы қара өлеңнің ашылмаған мүмкіндіктері, шарықтамаған биіктері бары анық. Тек дәстүрлі деуге келмейтін, бірақ керемет өлеңдер туатын күн келетіні де анық. Бәлкім, дәстүрдің дамыған тұсынан соны көреміз. Қалай десек те, өлеңнің күллі әдебиеттен түбегейлі жоғалып кетпейтіні хақ. Тек формасы өзгерер, оқырманы азаяр, бірақ адамзат бар кезде жазылады, жасайды. Бүгін «Жас Алаш» осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға ақындар – Сұраған Рахметұлы, Файзулла Төлтай және Мәрлен Ғилымхан жауап берді.
Ж.А: Бүгінгі әдеби үдерісте прозаға сұраныс артып жатқаны қуантады. Осыдан 5-10 жыл бұрын проза жазылмай жатыр деп жарыса жаздық, қазір қайта прозалық шығармалар, кітаптар өтімдірек. Ал поэзияның кітап нарығындағы, әдебиеттегі орны мен рөлі әлсіреп қалған сияқты. Он жыл бұрын жиі өтетін мүшәйралар мен поэзия кештерінің бүгінде азайып кетуі де – осының бір көрінісі болса керек. Сіздер қалай ойлайсыздар, бұл құбылыстың себебі неде? Бұл жанр ретінде тоқырау ма, әлде уақытша құбылыс па?
С.Р: Прозаның жалпы жанр ретінде сәл серпілгені байқалады. Ғаламдағы прозаның құны арта түссе жаман болмас еді. Уақыт басын шайқады. Қазір көп терезелі шуақты әлем кейісі пайда болды. Соцреализмнің оқулықтары түбірімен қисындарымен құлап түскелі ширек ғасыр шебінен өтіп барады. Бұрынғы «сталинградтық бір терезенің күні келмеске кетті» деп айтуға болады. Кеңестік қызыл сөзбен өрілетін бірыңғай пәлсапалық дүниетанымдардың оқулықтары атымен жоқ. Мысалы, енді американ жазушысы В.В.Набоковтардың қанатты танымынан да қарғып өтіп бұрынғы Батыс пен Шығыстың аражігін қамтыған су жаңа әрбіртекті деректі пайымдарды әкеле жатыр. Осы орайда тілге тиек етсек Набоковтан керемет тәржімелеп, қазақшалаған адуын ақын Темаға (Темірхан Медетбек) еді.
Айталық, Набоковтың «Ада» романы және Мағауиннің «Құмырсқа-қырғын» романдары осының айғағы. Прозаның айтары да құрылымы да өңге бояуға көшті. Әлем санасы төртінші реткі өнеркәсіптік төңкеріске тірелді. Диджитал дәурені жаңаға икемделетін түрі бар. Бұрынғыдан мүлде өзгеше тұрмыс, ми «дрондары» жаһаннан сана қалдықтарын жеткізіп жүр. Далалық иконографиялық айшықтарды қалалық суық ауралар тұншықтырып тастайтындай!? Суықтықтың кебі жылы сөздің жойылуынан пайда болатыны заңды.

Осы замандағы әдебиеттің тағдыры да аса күдір жолмен біртіндеп мимырттап жылжуының себебі де осында. Ескі жүйе мен жаңадан шалажансар қалыптаса бастаған жасанды интеллектінің «ішкі шайқасы» параллельдік әлеттерде әдеттегіден өзгеше қарама-қайшылықтар тудырады. Сөз қолдану аясында біздің әлсіз болса да, ізденімпаз санамыз бара-бара компоненттік тығырыққа тірелетіндей сезіледі. Классицизм идеялары тауыриһаттық көмбеде қалғандай!?
Сол кезден бастап прозаның жаңа бір үлгілері бой көтеруі керек. Әйтпегенде белгиялық жазушы Морис Полидор Бернар Метерлинк адамзатты «соқырға» теңемес те еді!? Егер когнитивтік даму осылай жаһандық жаман ағымға көгенделсе, өркениеттің үні өшті дей беруге болады. Демек көркем әдебиеттің бәрі де түгел өшіп кетуі мүмкін де емес. Жанрлық жарыс, тартыс, іркіліс, үзіліс, тіптен ұзақы дағдарыстар да бола береді.
Ж.А: Шынымен-ақ поэзияның кей жанрлары бүгінде жоғалуға айналды. Мәселен, қазір поэма, эпикалық дастандар жазатын ақынды да, оны іздеп оқитын оқырманды да тым сирек ұшыратамыз. Ілуде бір кездесетін жайт.
С.Р: Жанр ретінде прозаның да, поэзияның да жоғалтқан жекелей тағысын тағы жанрлары бар. Эпикалық поэма жанрлары жоғалып барады. Бұрынғы Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер», Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы» қатарлы сүлей сюжетті поэмаларының сол кездегі оқылымы жағынан бүгінгі уақытпен салыстыруға мүлде келмейді.
Текті де саналы оқырман тағы да жойылып барады. Поэманың одалық, повестік, очерктік үлгілері жоғалды. Соңғы кезде ғана Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» сюжеттік формадағы жақсы поэмасы жазылды.
Ф.Т: Сұрағыңызға жауап беру үшін біз мына бір жағдаятты ескеруіміз керек. Біздің сүріп жатқан қоғам (саяси/экономикалық/әдеби... олқылықтарына қарамастан) – диджитал паноптикумдық қоғамның бір бөлшегі. Сәйкесінше әлемдік әдебиеттегі болып жатқан барлық процестер қазақ әдебиетіне де жаманды-жақсылы өз ықпалын тигізеді. Яғни тек қана Қазақстанда емес, әлемнің өте көп нүктесінде поэзияның оқылуы күннен күнге төмендеп барады. Мұның меніңше үш себебі бар. Біріншіден, бәрімізге мәлім жанрлық шегаралардың құлауы. Бұл, өз кезегінде, поэзияға қарағанда прозаның оң жаңбасына келді. Екіншіден, қазіргі поэзия (Қазақстан да мұның ішінде) біз өмір сүріп жатқан қоғамды суреттеуге қауқарсыз. Үшіншіден, прозаның (романның) дамуы – Еуропалық өркениеттің нышаны.

М.Ғ: Прозалық шығармалар жазбаған соң, ол туралы ештеңе айта алмаймын. Оның сыры жазушыларға мәлім. Жалпы оқырмандардың көпшілігі кітапты ізденісіне байланысты оқиды. Суретшілердің өмір жолына, шығармашылығына қызығушылық танытып жүргендер қылқалам шеберлерінің ғұмыры жайлы романдарды, повестерді парақтауы мүмкін. Олар ғаламтордан суретшілер туралы өлең іздемейді. Бірден прозаға қол созады. Мен «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша кітап жазып жатқанда батыр Сапура Мәтенқызына қатысты деректерді жинадым. Тарихи тұлғаға арналған ақын Ізтай Мәмбетовтің «Көктемір» атты поэмасын тауып алдым. Сапура батыр туралы прозалық туынды кездессе, оны да оқитын едім. Міне, көрдіңіз бе, көп нәрсе ізденіске байланысты.
Егер қазіргі таңда проза өтімді болса, демек оқырманның ізденісіне, сұранысына проза жауап беріп тұр. Кейбір тақырыптар, мәселелер өлең шумақтарына сыймайды. Прозаға сұранып тұрады. Ал мүшәйралар мен поэзия кештері азайды деу қиын, жер-жерде өтіп жатыр. Қазір жүлдесі қомақты әдеби байқаулар көп. Біразында тақырып бойынша шектеу жоқ. Жан қалауыңмен не жаздың, соны ұсынасың. Поэзия кештерінің форматын өзгерту керек шығар. Кештерді ара-тұра ұйымдастырған дұрыс. Қайта-қайта «концерт» өткізу әншілерге тән.
Бір нәрсені естен шығармаған жөн. Егер ақын көпшілікке ұнайтын өлеңдер жазуға тырысса, жазғанының барынша оқылымды болуы үшін жұмыс істесе, ол өзгенің пікіріне, өзгенің жан дүниесіне үңіле бастайды. Өзін ұмытады. Өлең жазып отырып, өзгелердің психологиялық, философиялық кеңістігіне өтеді. Ақын ең әуелі өзін жазуы тиіс. Оны өлеңінің оқылатыны немесе оқылмайтыны алаңдатпағаны абзал. Әйтпесе, жазып-сызғаны белгілі бір уақыт аралығында оқылады да, ұмытылады.

Ж.А: Осы орайда шетел әдебиетшілері жарты ғасыр бұрын поэзияның әдеби жанр ретінде ескіргенін айтқан еді. Еуропада поэзия Байроннан кейін жалпы халықтық сипат алмады, тек таңдаулы орта ғана оқитын жанр түріне айналды дейді. Соңғы жылдары Нобель сынды айтулы сыйлықтарды поэзиясы арқылы жеңіп алған ақын бірен-саран екен. Осындай беделді марапаттарда не үшін поэзия сирек мойындалады? «Поэзия жанр ретінде ескірді» деген пікірге келісер ме едіңіз?
С.Р: Поэзияның ХV-ХІХ ғасырдағы алгоритмдік қарымы да соншама құлдырауға ұшыраған жоқ. Әрине, тынысы баяулаған болуы мүмкін. Бірақ адамзаттың төл үні назым мен нәзиралық пайымның бағыты жаңылысып, бағы шайқалған жоқ.
Адамзаттық назымның тамыры бөгелмейді һәм буылмайды да, кейбір «әулиелердің» долбарымен агрегациялануға да оп-оңай кетті деу қисынсыз. Уақыт аясындағы науқаншыланған мүшәйралар мен түрлі жұлдызды жарыстар, жасанды гранттар өз миссиялық міндетін атқарып, қайта қайтып бара жатыр. Поэзияға ескірген жағынан сыңаржанамалап қана қарайтын түсінік, түрлі түйімдер баршылық. Бұл бұрынғы өткен замандарда әрқилы түрлермен қайталанған ойлардың жалғасы. Көшпелі дәуірдегі ұлы жыршылардың соңғы сарыны көше әуендеріне шейін түскен кезеңді көрдік. Демек, өлермен еңбеккер американдық ақын Боб Дилан және кореялық ақын Хан Гаң секілді таланттардың рухани ғұмыры – бізге әзіргі сырт өңірден келетін үлгінің бірлі-жарымы болмақ керек. Біз еш үлгісіз, жұғымсыз ұлт емеспіз әрі сан ғасырларға сөзбен мөр таңба басқан басқаша ұлтпыз.
Поэзиялық кітаптардың сөрелерде ұзақ жатып қалуы – тек маркетингтік жетімсіз таптаурын тәсілге, марғау да жасанды, жарнамасыз «жансыз» саясатқа ғана қатысты. Ескерту үшін айтар болсақ: жасанды әдеби популизмнен сақтануға тура келеді. Бір қошпырақ тақырыпты әсіре науқаншылап, авторынан жұлдыз жасаумен айналысу қылаң беріп жүр. Егер бұл тәсілді доғармаса, көркем әдебиетке қатерлі дерт жұғады.
Ф.Т: Мәселе, Швед академиясының (әлде сол сарындас ұйымдардың) поэзияны бағаламауында емес, мәселе, поэзияның проза алдындағы қауқарсыздығында жатыр. Яғни прозаның поэзияға тән ерекшеліктерінің көп бөлігін өзіне иемденгенін көруге болады. Бірақ бұл, «поэзия жанр ретінде ескірді» дегенге келмейді. Керісінше, «поэзия мәңгілік болуы үшін өзінің жанын мың бөлшектеп, барлық өнер түріне шашып жіберді» десек дұрыс болады деп ойлаймын.
М.Ғ: Ақынның бәрі ақын емес. Олардың арасында көркем сөз оқу шеберлері бар. Өлеңнің бәрі поэзия емес. Кейбір өлеңдерде поэзия элементтері бар. Қаламгерлер сағынғанын, қанша уақыт сағынғанын, қай жерде сағынғанын жазады. Сағынышына үндестіріп, табиғатты суреттейді. Осындай бағытта құралған мәтіндер өлең бола алуы мүмкін. Ал поэзия дегеніміз – басқа нәрсе. Біреуді сағынып отырған сәтте қандай күй кешесің, сол поэзия деп аталады. Осы бір күйді жеткізе білу қажет.
Ж.А: Ойыңыз ұнап қалды. Кей өлеңді оқыған сайын ойланып, ойланған сайын тазара түсесің. Әр жолында сезім, көз алдыңа кеп тұра қалатын бейне болады. Әуелде алған әсеріңнен ешқашан суи алмайсың.
М.Ғ: Тұтас поэзия жасау – қиынның қиыны. Борхес «...поэзия – прежде всего музыка» депті. Оның музыка деп тұрғаны – жанның үні. Меніңше, поэзия ескірмейді, себебі ол жүректерде күн сайын тұтанып жатады. Анығында, баяндаудың, жеткізудің әдіс-тәсілдері ескіреді. Гомер салған жолмен әлі келе жатырмыз.
Ж.А Бұл құбылыс жалпы поэзияның не ақындардың поэтикалық қуатының әлсіздігінен дей алмас едік. Анығында, поэзия адамның рухани қажеттіліктеріне жауап беруден қалды дейді. Бәлкім, поэзия жанр ретінде сақталып, ауқымын кеңейту үшін қандай да бір реформа, жаңашылдық керек шығар. Осы турасында не айтар едіңіздер...
С.Р: Құбылыс деген поэзияның – өзі. Ал тоқырауға ұшырау – деген уақытша бір сөдегей кедергілердің салдарынан болатын жай. Маңызды заманауи кезеңде оқырмандардың ізденісі мен сұранысы сәйкеспей қалғанда қағілездіктің өзі қаңғылестеп кете беруі заңды жәйіт. Демек, бүгінгі поэзияның уақытша кідірісі (пауза) біз қорқатын түгі жоқ, қайғылы оқиға да емес. Түрлі тірі морфемалық су жаңа пайымдар тіріліп келеді. Мүмкін осынау ғажайыпқа пара-пар талпыныстар табиғи сүгіреттер түріндегі өрілген қазақы поэзияны жасанды «моргтен» сақтай да алады. Поэзияны кейде өзге тілде немесе қос тілде жазу жағы көрініс береді.
Ж.А: Қос тілде өлең жазатын жастардан кімді атар едіңіз?
С.Р: Ағылшын, түрікше де, қазақ тілінде де өлең жазатындар болса әбден құптауға болады. Мені қызықтыратын жас ақындар Файзулла Төлтай, Қарлығаш Қабай қатарлылар, т.б. осы сапта оқшау жүр. Жалпы билингвизм дамуы бүгінгі жас қазақтың нәзік те көркем әдебиетіне кіріксе жаман емес.
Ф.Т: Ең әуелі, поэзияны жанр ретінде сақтап қалудың еш қажеті жоқ. Себебі қазіргі таңда жанр ретінде барлығы – транспарентті. Демек бұл уайымдайтын зат емес. Екінші, ауқымын кеңейтудің де қажеті шамалы; ауқымның кеңеюі – оның өміршеңдігіне түк те қатысы жоқ. Ал жаңалық – өте шартты ұғым. Қазіргі таңда поэзияның барлық өнер атаулысында көрініс табуының өзі де – оның жаңалығы болып есептелсе құп. Себебі поэзия – билік емес төңкеріле қалатын. Ол қай кезеңде болмасын өмір сүруін жалғастыра бермек; я жалқы я жалпы. Бәлкім, қазіргі уақытта оған ең керегі – дәл осы күй, дәл осы тыныштық шығар, кім білсін?!
М.Ғ: Ой барда, сезім барда, өлең өлмейді. Өлең – ақынның жалғыздығы, оның ішкі әлемі. Қуатты өлеңдер жазу үшін ақындар жан-жақты ізденуі тиіс. Қазіргі таңда жүйелі түрде іздену, жазу, жаңалық ашу жеткіліксіз. Жазғаныңды жарнамалауды меңгеруің керек. Бұл мен сияқты әлеуметтік желілерде белсенділік танытпайтындарға, анда-санда ғана жазба жариялайтындарға, жұмбақ өмір кешкісі келетіндерге қиын. Ең әуелі оңашалықтағы реформаларды сәтті жүзеге асыру қажет.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ