Қара жорға

Ол: сөзді тостағанға шүпілдетіп құйып, тақырып беріп, еркіне жіберсең, сұқ саусағы мен шынашағын шошайтып ап, құйындата жөнеліп, түстік жерге барып-қайтып келгенше, сөздің бір тамшысын жерге тамызбай, мөлтілдеген күйінде алдыңа тосатын қарасөздің нағыз қаражорғасы еді.
Ара-арасында жолдан шығып бара жатса, ақырын ғана тізгінінен қағып қойсаң, байқатпай шындықтың шылбырын сүйретіп жіберсең болды, сөзден де, әңгіменің жүйесінен де, оның астарлы-астарсыз мағынасынан да, кісі мен жер аттарынан да жаңылмайтын. Анда-санда тұздығы ащы, жанға батым жайларға келгенде көз аясын бетіңе қадап тұрып бір дамылдатып ап, қайтадан ытырыла жөнелуші еді.
Оның сөйлеу мәнеріне, ой ағымына, әр сөзінің мәтібі мен мәніне, сөздік қорына, әңгіме айтқан кездегі оқиғаның ырғағына қарай құбылатын мінезіне әбден исініп алғаным сондай, қай арада қай оқиғаның бетінен қалқып қана майдалап өтіп, бұра тартайын деп тұрғанын сезе қоюшы едім. Сондайда: «Көкшесінбе, Майыспа, Бекеншілеме!» деген сияқты екеуарамызға мағынасы мәлім сөзді қыстыра қоятынмын. Кейде, тым алқымдап кетсем: «Неткен жауызсың, ей. Түлкібұлаңға салайын десем, құйрығымнан қағасың да отырасың. Құйрығына сенбеген түлкі – тазының жемтігі емес пе. Сөздің қисыны солай кеп қалды, енді, қайтейін. Сен білейін деп отырған адам емессің. Білгеніңді маған растатып алып, бар жауапкершілікті менің мойныма арта салғың кеп тұр ғой. Жә, таңдайым кеуіп кетті. Өлтіремісің. Тыныс алайық» дейтін.
Оның бұл айтқанында да шындықтың таты бар болатын. Өйткені ол – Бекен (Бердімұхамед) Исабаев, шежірелі Шығыстауда қалған ең соңғы сөз иесі, тарихи әңгіменің, соның ішінде Құнанбай-Абай заманының сырын суытпай ішіне сақтаған соңғы қормалы еді. Ол дүниеден өткен соң маған мұқым Шыңғыс өңірі тып-тыныш болып, адыры мен бұтасы, шоқысы мен шөбі, өзені мен сайы, тасы мен қиыршықты топырағы, селеуі мен қарағаны, жырасы мен қорығы, қыстауы мен қорасы жыршысынан айырылып қалып, жетімсіреп тұрғандай көрінеді. Ел мен жерін Бекен дегдардай сүйіп, сүйсініп, күйіп-жанып әңгімелейтін көне көз қарттың да қалмағаны рас. Ол елін қалай сыйласа, елі де оны солай қадірледі. Кейде сол еркелігін өте жарасымды пайдалана да білуші еді. Өйткені ол кімге, не үшін және қалай еркелеудің жөнін өте жақсы меңгерген еді.
Тоқсан жыл бойы Шыңғыс өңірінің әр соқпағын басып, әр бұтаның түбінен тарих тауып, соған орай жадында сақтап, қиюын келтіріп, қисынын тауып, сол әңгіменің сүрлеуінің барлығын «Абайдың жолына» әкеп тоғыстыратын. Не айтса да Абайға әкеп тірейтін. Елу жылдан астам осы өңірдің тарихын суыртпаған уақытымда, ел тарихын, әсіресе жер тарихын одан асырып жетік білетін адамды кездестірген емеспін. Ол ел мен жердің, бір аумақтың ғана емес, мұқым Шыңғыстың іші-сыртын тұтас қамтитын. Сонда мекен еткен адамдардың ата-шежіресін де, заманның қас-қабағын да, адамдардың арасындағы қарым-қатынасты да, әдебиетші, тарихшы, қоғам белсендісі, шаруашылық маманы ретінде де кез келген деңгейдегі адаммен тең дәрежеде, соның қалауына қарай асқан алғырлықпен түсіндіріп, талдап бере алатын. Әр кездескен сайын оның осы мол мағлұматы мені үнемі таңдандыратын. Бұған, оның тумысынан біткен алғырлығы, аңғарлы түйсігі, білімге құштарлығы, әдебиетке деген ынтасы себеп болса керек. Төкен Ибрагимов марқұм соңынан қалмай жүріп жаздырған оның «Ұлылар мекені» атты кітабі мұқым Абай ауылының кішігірім энциклопедиясы еді деп толық сеніммен айта аламын.
Әттең, соның сыртында мен шет жағасын ғана естіген қаншама шежіре сөздер айтылмай қалды десеңші. Күн өткен сайын баласы Шаһжан екеуміз оны анық сезініп жүрміз. Бекеңе әбден сеніп кеткендіктен де, анықтап алмаған саңлауларымыздың арасынан қазір азынаған жел есіп тұрады. Оны толтыру тек Бекеңнің ғана қолынан келетін. Жоғарыда айттым, қайталап тағы айтамын, тоқсанды икемдеп дүниеден озған Бекен Исабаевтан кейін сөз сұрап ат басын тірейтін қария Шыңғыстауда қалмады. Жетпісті алқымдап тастаған ілгері буын Серік Шабданов, Әбіқұл Ысқақов ағалардың өзі келместің кемесіне кезегімен мініп кетіп жатыр. Ал Бекен ғұлама Құнанбай мен Абай айналасына келгенде қамшы салдырмайтын. Шыңғыс өңірінде бұрынғы-кейінгі өткен елеулі оқиғаларды жаңылыстырмай, әрбір нәрсені орнына қойып тұрып айтатын.
Бекеңнің айтқандарының мазмұнын бір жүйеге түсіру өте қиын. Өйткені бір әңгімені – екінші әңгімеге, екінші әңгімені – үшінші әңгімеге байланыстырып, сабақтастырып, қосақтап жіберетін. Сонда да, желіге тартқанда, ұзына мазмұны мына мәселені қамтитын: 1. Майқы биден басталатын ежелгі ел мен жер тарихы, Шыңғыстау, Орда, Хан, Қарауыл, Доғалаң, Қоңырәулие, Барлыбай жазығындағы «Мықтың үйлері» (атамзаманғы ескерткіштер мен қорымдар), олар туралы тарихшылар мен шежірешілердің айтқандары; 2. Тобықтының Шыңғыстауға келген тұсынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі жер аттарының тарихы, ол жерде өткен белгілі оқиғалар туралы (Мысалы, «Шор қашқан», «Кеңгірбайдың тасы», Шаған, Сарғалдақ, Ши, Жидебай, Арқалды, Қыдыр, Қарашоқы, Шұнай, Архат, Орда, Шілікті, Шілікті кезең, Маян жазығы, Шымылдықты кезең, Ақбайтал, Ақ биік, Құндызды, Ботақанның қырық ошағы (Абай өлген жер), Кең қоныс, Бақанас, Шақпақ, Көшбике, т.б.); 3. Құнанбайға дейін өмір сүрген ел билеген көсемдер мен батырлар туралы (Кеңгірбай, Мамай, Тоқтамыс, Ырғызбай, Ералы, Өскенбай, т.б.); 4. Құнанбай және Құнанбайдың замандастары туралы; 5. Абай және Абай заманында өмір сүрген адамдар туралы (Мысалы, Оразбай мен Базаралы туралы бір түн әңгімелеп тауыса алмайтын); 6. Абайдың жастығы, махаббат пен ғадауаты, билігі, өлеңдерінің шығу тарихы, қай өлеңі қай жерде жазылды, онда қандай мәселе көзделген, сол туралы; 7. Ақын Абайдың құсалы өмірі туралы (бұл бітпейтін тақырып арқауы еді). 8. Ел арасындағы шешендік сөздер мен айтыстар, түрлі оқиғалар туралы; 9. Шыңғысты мекендеген адамдардың, сөз иелерінің өмірі, солардың және Абай тұқымдарының тоз-тозала болған тағдыры, кеңестік қысымның тауқыметі, ашаршылық, т.б. туралы; 10. Шәкерім туралы... Осы көрсетілген әр тақырыптағы бір оқиғаға, бір адамға қатысты жайларды бұтарлап таратқанда, бір жолғы сапарға кең молынан азық болатын.
Сондықтан да, алғаш танысқаннан бастап қырық жыл бойғы өмірде Бекен дегдардан біздің сұрамаған жөн-жобамыз аз шығар, соған орай ол кісінің менен жасырып қалған некен-саяқ жайлары да болуы керек. Бірақ бар еді. Несін жасырайын, менің де ішіме бүккенім, оның да ішіне бүккені болды. Ол жайлар шындығында да өте кірпияздықты талап ететін. Өйткені Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйіне күніне жүздеген адам келеді. Соның біреуі болмаса біреуі, міндетті түрде, әңгіме іздеп, кейбірі қу сөз қуып Бекеңе барады. Бірде болмаса, бірде аманатпен айтылған сыр сөздер екеуміздің біреуміздің аузымыздан шығып кетуі әбден мүмкін еді. Алайда менің өзімді шынымен ынтықтырған жайларды Бекеңнен емін-еркін бөлісіп, анығын сұрап, ұзақ-ұзақ шер тарқастық. Естіген жайларды ойдағы електен өткізіп, келесі кездескенде, не байланыс арқылы тағы да тәптіштеп сұрап, өзіне бекіттіріп алатынмын.
Біз әңгімелесуге орын таңдамайтынбыз. Тек оңаша жер болса, бітті, шүйіркелесіп отыра қалатынбыз. Бір-бірімізге әке мен бала, аға мен бауыр, нағашы мен жиен, жезде мен балдыз сияқты әзілдесе жүріп сыралғы болып алғанымыз сондай, белгілі бір оқиғаны бастан-аяқ баяндап айтып жатпайтынбыз. Тобықтының шежіреші сөзуар шалдарының әдісіне салып, «Неғылайынсыз шешейік», «Неғылайыны болып тұр», «Неғылайын бұған жүрмейді» деген үш сөз арқылы үш жұрттың әңгімесін талқыға салушы ек. Ал Құнанбай мен Абайды және олардың айналасын білмейтін, ең құрығанда «Абай жолын» тоқып оқымаған адамдар оны түсінбейтін.
Қашан жиырма бес жасқа келіп, тіс қағып қалғанша, сол шырмауыққа мен де оратылдым. Зады, Абай ауылының шешендік, шежірелік дәстүрі үшке бөлінеді. Сырт Шыңғыстың сөз ұстаған қарттары қарасөзді екпіндетіп, түйдектетіп, «Әттең, заманым өтті-ау, қайтейін!» деп разылығы мен наразылығын араластыра, сөз арасына өзінің көңіл күйін қосып, ашық сөйлейді. Әрине, әсерленесің. Түйген ойыңа сол әсер араласып кеткендіктен де, «қызыл желді» уыстағандай боп пікір қорыта алмай қалатының болмаса.
Ал екіншісі, Шыңғыстың шығыс беткейіндегі ой адамдары, яғни Ойдың шешендері мен шежірешілері. Олар, әңгіме арасына бір «түйін сөзді» қосады да, сол түйін сөзді ойнату арқылы барлық мәселені шешетін. Егер, оны мазмұндап айтып жатсаң, ішінен «қырт екенсің» дейді де, баяндалатын оқиғаның желісін түлкі жортаққа салып, адастырып кетеді, не қисынсызды қисындырып айтады. Үшінші және көпшілікқолды тәсіл, ол – мақтан қосылған еспе шешендік. Олардың білмеймін дейтіндері болмайды, бірақ біліп айтқаны тағы да мардымсыз келеді. Тыңдағанда – ұйып тыңдайсың, ойыңа тоқи бастағанда, айтқандары шетінен сетінеп, баяндаған оқиғалары бір-бірімен қабыспай кетеді. Одан гөрі Қиясбайдың қыңыр сөзі әлдеқайда мағыналы, ойлы болып шығады.
Мен, осы Ой Шыңғыстың дегдарларының шырғасына жас кезімде көп түстім. Ауылдағы мен естіп, білген, қиығы анық оқиғаны, Алматыдан арнайы Абай туралы дерек жинап, ел аралап қайтқан қаламгерлер мен зерттеушілер мүлдем басқаша жазатынын байқадым. Тіпті олардың арасында ел мен жер тарихы туралы менің жазғандарыма күдікпен қарап, мақаламды қайтарып бергендер де болды. Содан, жетпісінші жылдардың ортасында мұның мәнісін байыптап тұрып зерттедім. Сөйтсем, ой шешендерінің бұлай қитұрқы жасауының себебі мынада екен. Абай ауданына айына кем дегенде бір қаламгер не зерттеуші ат басын тірейді. Әрине, тиісті пәрменді мекемелердің құзырхаттары мен бір уәкіл ертіп жүреді. Олардың бәрі де Абай туралы кеңірек білгісі келеді. Әдетте, олар Семей арқылы әуелі Бөріліге келеді. Шежіреші адамның енді айта бастаған әңгімесінің желісін бұзып, сөзін бөліп, Абай туралы енді өзі түсіндіруге көшеді. Бір рет емес, бір адам емес, ондаған жылдар бойы осы үрдіс қайталана береді. Әбден мезі болған Бөрілідегі, Қасқабұлақтағы, Жидебайдағы, Қарауылдағы, Мұқырдағы, Құндыздыдағы шежірешілер оны намыс көріп: «Бұлар бізді неге ақымақ қылады. Өздері бәрін біліп тұрса, бізді мазалап, бір қойымызды сойдырып, неге шығынға батырады. Оданда түлкі жортаққа салайық. Обалын өзі көтерсін. Мүмкін ой түсер» деп, өзара келісіп алады.
Содан, әлгі сөз сұраған адамның қылығына орай, мысалы, Бөрілідегі адам, мысалы, Бекен Исабаев дейік: «неғылайыны болсын», «неғылайынсыз болсын», «неғылайын бұған жүрмейді» деген сөзді әңгіменің арасына қосып жібереді. Келесі шежіреші қарт соған қарап, алдыңғы адамның: «Күн шығыстан неғылайындап атқан кез» деген сөзін ести салып: «Иә, ол дұрыс айтады, бірақ сәл жаңылыпты, ол кезде күн сәскеге неғылайындап әзер жеткен кез» деп бір сөзге «өзгеріс» жасайды, сөйтіп, «сәске мезгілі» Жидебайдағы Қабыш Кәрімқұловтың түзеуімен: «Ол адам уақытын ауыстырып алыпты, күн талтүсте неғылайындап тұрып алған кез болып» шығады. Мұқырға жеткенде Жұмакүлбай қушыкеш қарт: «Айтқаны тұп-тура, әттең ол кезде күн екінтіге ауып кеткен еді» дейді. Сөйтіп, Құндыздыға жеткенде Шәкір Әбенов өзінің тура мінезіне салып, бірден кесіп-пішіп: «Оттапты олар, бұл кезде ымырт үйірілген болатын» дейді. Содан қай сөзге сенерін білмеген әлгі адам: «Не боп кетті өзі, күн батыстан шығатын болғаны ма сонда» дегенде, қыңыр мінезді Шәкір: «Өй, өзің Абайды оқымаған екенсің ғой. Абайдың өзі айтты емес пе: «Батысым – Шығыс, Шығысым – Батыс боп кетті» деп. Білмесең, түсінбесең, бізді неге әурелейсің?» деп дүрсе қоя береді. Әлгі адамның: «Иә, солай екен ғой» деп мойындамасқа амалы қалмайды. Кейін соны малданып, баспасөзде жариялайды. Оны оқыған қушыкеш шалдар: «Менің айтқаныма сеніпті. Жоқ, ана сөзді мен солай бұрып айтқанмын» деп өзара жымыңдасып, сөз жарыстырып отырады екен. Алматыда маған уәж айтып, өзіме Абайды үйреткендердің біразы сол адамдар екен.
Олардың бұл «құпиясын» білген соң, мен олардың өз әдістерін өзіне қарсы қойдым. Әуелден етене боп кеткен Бекеңе – Бекен Исабаевқа әлгеріде айтылған: «Көкшесінбе, Майыспа, Бекеншілеме!» деуімнің түпкі дүмі осында жатқан болатын. Сөйтіп, жиырма бес жасымнан кейінгі естіген сөздерімнің барлығы «неғылайынсыз» айтылған шынайы сөздер еді. Олар: «Енді бұл балаға шынымызды айтайық» деп келісіпті және олардың барлығы да маған өздерімен еркін және тең сөйлесуге үйретті. Өзге-өзге, өз еріктерімен берген бұл құқықты мен де қапысыз пайдаландым. Ал Бекен Исабаев болса, сол «түйін сөздің» тізгінқағар мәресі Бөріліде тұрды. Бұл әдістің бір қолайлысы, көп сөзділіктен құтқаратын қысқа да нұсқа үлгі еді.
Міне, Бекен Исабайұлымен сырласа жүріп кешкен қырық жыл осылай өтті. О, қаншама сырға қанықтым десеңші. Кейіннен Құнанбай, Абай туралы әңгіме – Алаш пен Мұхтар Әуезов туралы әңгімеге ауысты. Ал бұл таусылып бітпейтін, шеті мен шегі жоқ тарихи шежіре еді.
Жоғарыда айтып өттім, екеуміздің де арамызда сыртқа шығармаған, бір-бірімізге айтпаған «жұмбақ жайлар» болды. Ол «жұмбақтың» қандай жұмбақ екенін екеуміз де іштей білетінбіз. Ақыры, төзімім таусылған мен, дүниеден озарынан бес жыл бұрын одан: «Мына үш мәселенің мәнісін маған айтып беріңіз. Абайдың өмірбаяны туралы еңбегім осы үш «жұмбақ» мәселеге байланысты жазылмай жатыр. Не істесем екен?» деп бірінші «жұмбақтың» шетін шығардым. Оның шешуіне Семейдегі, Бөрілідегі үйінде болған үш жылға созылған сұхбаттан кейін жауап алғандай болдым. Құдайдың мейірі түсіп бастарын қосқан Мәрзия шешеміз бен ұлдары Шағжан мен Мағжанға есе бермес деген оймен, келіні, менің «меншікті бастығым» Балқияны куәға тартып, «растатып» алдым. Ал қалған екі түйіннің шырмауы сол күйі шешілмей қалды. Ол өзі білген шындығын өзімен қоса ала кетті. Құпия дәптер ұстап, соған жазып кетті – деуге, Бекеңнің болмысын қанық білетін болғандықтан да, оған сенбеймін. Менің бір таңғалатыным және түсінбейтін жайым бар. Құнанбайдың «мемлекеттік хатшысы» сияқты болған, «майысқақ Қаратай», «Жорға Қаратай» атанған көкше Қаратай би мен Құнанбайдың арасындағы бір сызаттың неден түскенінің себебін, қанша ұмтылсам да, анықтай алмадым. Бекең әңгіме қозғалысымен-ақ, сыртын беріп, жонға жорта жөнелетін. «Қара тілдің ұстарасы» атанған Қаратайдың үрімі Әбіқұл Ысқақов ағамыздан қазымырлап сұрағанымның өзінде, тізгін ұшын ұстатпай кетті марқұм. Себебін жобалап білемін. Бірақ ол, шындықтың өзі емес, жорамал ғана. Ал жора сөз Абайға жүрмейді.
Міне, Шыңғыс елінің сөзінің соңғы шежіреші, тарихшы қормалы Бекен Исабайұлының да дүниеден озғанына жылдар өтіп барады. Соңғы рет амандаса барғанымда: «Тоқсанымды тойламай, тек бала-шағаммен ғана атап өтсем деймін. Сен міндетті түрде кел. Келмесең, саған ерегескенде, сені түбінде бір келтірмей қоймаймын» деп еді. Айтқанында тұрды. Тоқсанға толғанында бардым. Бірақ тойына емес, жаназасына... Астапыралла, сонда таңғалғаным: тіршіліктегі бетіне андыз-андыз із салған әжімі жазылып, отыз бестегі жас жігіттей өңі жасарып кетіпті. Мүмкін, адал өткізген өмірінің өтеуі шығар. Мүмкін...
Жылына барғанымда, менің балаларымның атын атап, түгендеп отыратын Мәрзия тәтем: «Ей, Тұрсын! Анаған айтсаңшы. Мені алған кезінде: «Сені жалғызсыратпаймын деген уәдесінде тұрмады-ғой. Мені жалғызсыратып тастап кеткені несі?» дегені. Шіміркеніп барып, есімді жиып, сөздің артын қалжыңға айналдырып жібердім. Ал ішімнен, жетпіс жыл бойы жарасып өткен өмірдің жан жылуына үнсіз жылап тұрдым. Ақыры, Бекен марқұм «уәдесінде» тұрып, өзінің жылын берген соң, көп ұзатпай Мәрзия тәтемді де мәңгілік бақидағы үйіне алып кетті.
Шіркін, қара сөздің «Қара жорғасы» десе – дегендей, сөздің қадірін білетін қормал еді.
Мен бітірген Абайдың өмір университетіндегі соңғы ұстазым, міне, осындай еді.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ