Қарабаев 7 мың шақырым жолды жөндеп бітіруге уәде берді
Биыл 7 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.
Қарабаевтың айтуынша, биыл жалпы 12 мың шақырым жолды жөндеу және қайта жаңарту жоспарланған.
«Бұл жолдардың 8 мың шақырымы республикалық желі, ал қалған 4 мың шақырымы жергілікті жолдар. Жылдың соңына дейін 7 мың шақырымдағы құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр», – деді М.Қарабаев.
Оның сөзінше, «Қарағанды – Алматы» (879 км), «Талдықорған – Өскемен» (768 км), «Атырау-Астрахань» (272 км) және «Ақтөбе – Қандыағаш» (96 км) автожолдарына қатысты жобаларды іске асыруда бірнеше мәселе туындап отыр.
«Біріншіден, Қарағанды, Абай, Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстарында орналасқан жобаларға 500 адам көлемінде шетелдік жұмыс күшін тартуға квота жетіспейді. Екіншіден, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының әкімдіктерінде кейбір жер учаскелерін сатып алу рәсімі кешіктірілуде», – деді министр.
Жалпы елдегі автожолдардың жалпы ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 92%, ал жергілікті желі көрсеткіші 87 пайыз. Бұл көрсеткіштер жылдың соңына қарай тиісінше 93% және 89%-ға дейін жеткізіледі деп көзделіп отырғаны айтылады.