Қарабаев «жемқорлық ескерткішіне» ақша сұрады
Көлік министрі Марат Қарабаев Астанада салынып жатқан LRT құрылысына тағы да 150 млрд теңге қажет екенін мәлімдеді.
Биыл ғана «жүрісі жеңіл, жолы ауыр болған» жобаны жандандыруға 52 млрд теңге қазынадан бөлінген болатын. Онсыз да жемқорлықтың ордасына айналған, сүйкімі кетіп, салдырап сүйегі қалған жобаға министрліктің тағы ақша сұрауы қоғамның шамына тиді.
Халық арасында «жемқорлықтың ескерткіші» атанып кеткен «Астана LRT» жобасының басынан қара бұлт арылмай қойды. Алғаш рет 2005 жылдары бас қаланың әлеуетін көрсететін ерекше жоба деп сүйіншілеп, жаһанға жар салған жобаны шенеуніктер қызу талқылады. Сол кездегі қала әкімі Өмірзақ Шөкеев бас шаһардың екі шетін байланыстыратын «супер» жобаның алғашқы техникалық жоспарын ұсынды. Бірақ әу баста-ақ шикі саналған жұмыс бірден басталып кете қоймады. 2008 жылы елордаға әкім болған Асқар Маминнің кезінде аспа жолдар жерге түсірілді, билік LRT-дан BRT-ға (Busrapidtransit) ауысатынын мәлімдеді. Бірақ бұл да аяқсыз қалды. Астананың сән-салтанатына одан әрі әр беретін жоба ретінде ұсынылған LRT тек Иманғали Тасмағамбетов бас қаланың тізгінін ұстаған кезінде ғана мақұлданды. Алғашқы капсуласы 2011 жылы салынды. 2016-2020 жылдарға жоспарланған құрылысқа 2,3 млрд доллар қаражат кететін болған. Содан бастап LRT жемқор шенеуніктердің «майлы жілігіне» айналды. Қазынадан алғашында 150 млрд теңге бөлінді. Есеп комитетінің дерегінше, сол қаржының тек 17 пайызы ғана жұмсалған. Қалғаны ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қаржы жеткіліксіз деп санаған жауапты шенділер Қытай даму банкінен тағы да 415,5 млн доллар қарыз алған. Ақша сол кездегі «Астана банкінің» шотына түскен. Бірақ шотта 257,6 млн теңге қалған кезде банк аяқ астынан банкрот деп танылады да, қалған сома күйіп кетеді. Кейіннен оған есеп жүргізген аудиторлар ақшаның 40 пайызы ғана қайтарылатынын, қалғанын алу мүмкін емес екенін, мемлекеттің шығынына жатқызуға мәжбүр болатынымызды жеткізді. Қулығына құрық бойламайтын осындай шенділердің арқасында 5,8 млрд теңге талан-таражға салынды. 2020 жылы аяқталу тиіс жоба осылайша дау-дамайдың астында қалды. Күніне 146 мың жолаушыны әуежайдан қалаға, қаладан вокзалға тасу керек болған жолдың тек сорайып, екі қолын көкке көтеріп тұрғанды елестетіп бетон бағандары ғана қалды. Олардың қала ортасында орын алып, қозғалысқа кедергі келтіргеннен басқа ешқандай пайдасы тиген жоқ. Көп өтпей бұған жауаптылар шетінен соттала бастады. Astana LRT компаниясының басшысы Талғат Ардан, Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков шетелге бассауғалады. Үкімет екеуін сыртынан Қылмыстық кодекстің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру» бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысын жеті жылға соттады. Астана қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов, Астана мәслихатының бұрынғы депутаты әрі хатшысы Жанат Нұрпейісов, Astana Innovations АҚ басқарма төрағасы Талғат Әшімдер де жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге Astana LRT компаниясымен жұмыс істеген кәсіпорындардың қызметкерлері – Ұлықбек Ачилов пен Дәурен Әбдіхамитов те жеті жылға абақтыға қамалды. Ал Тимур Қасабаев пен Дулат Мүсенов шартты түрде жеті жылға сотталды. Оларға мемлекет мүлігін талан-таражға салғаны үшін 5,7 млрд теңге шығынды өтеу міндеттелді. Жемқорлардың «майлы жілігіне айналған» LRT осылайша үкіметтің маңдайына сор боп жабысты.
Кейіннен шенділер жобаның тым қымбат екенін айтып, ары қарай құрылысты жалғастырмайтындай кейіп танытқан. Оған ақша салатын инвесторлар да бас тарта бастады. Әрине, басынан бағы тайған жобаға кім ақша сала қойсын. BI Group басшысы, кәсіпкер Айдын Рахымбаев оны өз компаниясы атынан демонтаждауға дайын екенін жеткізді. Архитекторлар оны бұзу халықаралық нормаларға қайшы және басқа мемлекеттер алдында Қазақстанның беделін түсіретінін мәлімдеді. Құрылысты жалғастырмай, гүлзар жасайық дегендер де табылды. Қош, сонымен, жоба әрі-сәрі күйде тұрғанда президент Тоқаев «Astana LRT» жобасы қалай да аяқталуы тиіс екенін, бітпесе бұдан да қымбатқа түсетінін айтты. Бұған жауапты шенділерді сынға алды.
Міне, осылайша LRT қайта қолға алынды. Құрылысты аяқтауға қытайлық компания шақырылды. Астана қаласа қайтадан ығы-жығы болып, бірде ана көшесі жабылып, бірде мына көшесінде жол қозғалысы тоқтап, құрылысшылар қайтадан жұмыс істей бастады. Кейбір жерінің құрылысы аяқтала салысымен бір бағанасы қисайып қалса да, халық үмітпен күтті. «Жыр болған LRT жобасы әйтеуір бітетін болды» деп қуанып жүрді. Бірақ көлік министрінің тағы да ақша керек деген сөзі көп адамның қуанышына су сепкендей болды. Тағы қаржы сұрау ақшаға тоймайтын қомағай жобаның «мешкейлігін» көрсетті. Осыдан қарап-ақ, LRT-ның инвестициялық емес, саяси жоба болып қала беретінін түсінесің. Бұл сөзімізді экономика ғылымының докторы, белгілі экономист Атамұрат Шәменов те қуаттайды.
«LRT жобасы басынан дұрыс жоспармен құрылмады. Оның шығыны есептелмеді, жемқорлыққа жол берілді. 2011 жылдары Астана халқы аз болатын. Оған LRT керек те емес еді. Бірақ қай қалаға болсын, дұрыс есеппен жасалып жатса, қоғамдық көліктің зияны жоқ. Меніңше, қымбат LRT-тыны салмай-ақ, қоғамдық көліктерді көбейтсе, жолдарды кеңейтсе болар еді. Экономист ретінде миллионнан аса тұрғыны бар Астанаға сол жылдары мынадай қымбат жобаны қамтитын көлік түрі қажет емес еді деп есептеймін. Бәріне экономикалық тұрғыдан қарау керек. Халықтың қозғалысы үшін оның басқа түрлері бар еді. Өркениетті ел ретінде кез келген жобаның тиімділігін алдымен есептеуіміз керек. Бірақ біз мақтаншақтыққа салындық. «Керемет құрылысты бастадық» деп айтып алып, өзіміз соңына жеткізе алмай қалдық. Кезінде даңғазалыққа, даңғойлыққа ұрынбағанда арты мынадай болмас еді. Өкінішті әрине», – дейді экономист.
Ал урбанист Асхат Сәдуов керісінше, LRT-ның Астана қаласына керек жоба екеніне сенімді. Оның айтуынша, болашақта қаланы кептелістен құтқаратын да осы LRT болмақ.
«КСРО кезінен қала халқы миллионнан асса метро керек деп саналатын. Урбанист ретінде Астана сияқты қалаға LRT керек деп есептеймін. Себебі қоғамдық көлікте даму қажет. Енді экономистер қымбатқа түскен жоба деп айтып жатыр ғой. Бірақ мен урбанист ретінде бұл жобаның болашақта кептеліске пайдалы болатынын айта аламын. LRT көлік қозғалысын реттейді, қалада қозғалу оңайлай түседі. Қазір 2020 жылдан кейін көліктер де көбейді. Астананың сол жағалауы дамыды. Бір сөзбен айтқанда, қала көлемі үлкейіп бара жатыр. Мысалы, қазір үкімет үйінен әуежайға жету 40-45 минут уақытты алады. Бұрын ондай емес еді. Алдағы уақытта қала халқы көбейе беретіні табиғи. Ендеше, кептеліс уақыты да ұзара түседі. Ал LRT сол уақытты қысқартуға бірден-бір себеп қоғамдық көлік», – Асхат Сәдуов.
Жемқорларға тағы «майлы жілік» ұсынып отырған Қарабаев бұл жұмысты ұстағанның қолында, тістегеннің аузында қалдырмай, аяғына дейін жеткізе ала ма? Әлде тағы шетелге қашқандардың тізімін көбейте ме? Ол жағын алда көре жатармыз.
Тұрсынбек Башар