Қарабаевтың формуласы: 18 секундта үлгермесең, автобуспен жүресің
Қазақстанда 2015 жылы жеңілдікті автонесие бағдарламасы іске қосылды. Пайызы төмен несиенің басты мақсаты – отандық автоөндірісті қолдап, халықты жаңа автомобильге мінгізу және автопаркті жаңартып, көліктердің қоршаған ортаға зиянын азайту болатын. Бағдарлама жеті жылдан аса жұмыс істеп, біршама адам жаңа көлік алды. Бірақ әу бастағы алға қойған міндеттерін мүлде орындай алған жоқ.
Жақында Қазақстан Ұлттық банкі мемлекеттік бағдарламаның автонарыққа әсерін зерттеп, оның тиімсіз болғанын мойындады. ҰБ таратқан ақпаратқа сүйенсек, төрт кезеңнен тұратын бағдарламаға жалпы 182 миллиард теңге бөлініпті. Атап айтқанда, 2015 жылы 26 млрд, 2018 жылы 16 млрд, 2019 жылы 40 млрд теңге екінші деңгейдегі банктер арқылы автонесиеге жұмсалған. Ал қалған 100 млрд теңге 2022 жылы «ӨКМ операторы» шотынан аударылды. Утилизация бағдарламасы арқылы мемлекет қаржысын майшелпекке айналдырған экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі компания 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін жабылып, шотындағы қаржының бір бөлігін автонесиеге аударған.
Биыл ҚР Жоғары аудиторлық палатасы Назарбаева басқарған утилизация жүйесі сәтсіз болғанын анықтады. Бірақ ол жайлы сәл кейінірек айтамыз, алдымен автонесиенің ақ-қарасын ажыратып алайық. Сонымен, 7 жыл уақыт пен 182 млрд теңге жұмсалған бағдарлама басты 4 мақсатының бірде-бірін орындай алмады. Ең алдымен елдің автопаркі жаңарған жоқ, көшеде ескі көлік күннен күнге көбейіп барады. Ресми мәлімет бойынша, кейінгі бес жылда шыққанына 10 жылдан асқан машиналар бір жарым есе көбейіп кеткен. Қазір Қазақстандағы автомобильдердің орташа жасы 22-ге жетті.
Экологияны жақсарту міндеті де сәтсіздікке ұшырады. 2015 жылдан 2023 жылдың ортасына дейін Қазақстандағы автомобильдер саны 4 миллионнан 4,35 миллионға өскен, оның көбі ескі көліктер. Демек, ауаға шығатын зиянды газ мөлшері азайған жоқ. «Бағдарлама арқасында тұрғындар тек жаңа машина мінеді» деген үміт те ақталмады. 2015-2022 жылдары халық жеңілдікті автонесиеге 47 297 автомобиль сатып алыпты. Бұл елдегі жалпы көлік санының 1%-ынан аспайды.
Бағдарламаның отандық автоөндірісті қолдауға да пайдасы көп тиген жоқ. Тек алғашқы екі жылда елде құрастырылған көліктердің сатылуына көмектесті. Мысалы, 2015 жылы елде шыққан 12,2 мың машинаның 35%-ы, 2016 жылы 8,4 мың көліктің 79%-ы пайызы төмен несиенің арқасында өтті. Бірақ содан бері елде автоөндіріс көлемі 14 есе өсіп, 7 жылда зауыттар 357 335 машина құрастырды. Соның 13%-ы ғана жеңілдікті автонесие бойынша сатылған. Демек, бұл бағдарлама болмаса да, көлік құрастырушылар ешкімнен кем болмас еді.
Енді «отандық автоөндіріс» туралы айта кетейік, осы тұста жоғарыда уәде еткеніміздей Назарбаеваның бақшасына да тас атамыз. Біздің елде өздерін «отандық автоөндіруші» деп атайтын бірнеше монополист көлік құрастырушы бар. Олар шетелден келген автожинақты құрастырып, «машина шығардық» деп мақтанып жүр. Оларға мемлекет мол субсидия төлейді. Ол аздай солар құрастырған автомобильді өткізу үшін утилизация бағдарламасын ойлап тауып, шетелден көлік кіргізуді шектеп тастаған. Тұрғындар шетелден әкелген әр көлікке бірнеше миллион теңге утиль алым төлейді. Бұл қаржының көбі жаңағы «отандық өндірушілердің» қалтасына кетіп жатыр. Мысалы, 2023 жылы утиль алымнан түскен қаржының 99,6%-ы (259 млрд теңге) автоөндірісті қолдауға жұмсалыпты. Қазынадан осынша көмек алып отырса да, «отандық автомобиль» бағасы жыл сайын шарықтап барады. Мысалы, елдегі ең арзан көліктердің бірі – Chevrolet Cobalt седаны 2021 жылдың басында 4.2-5.2 миллион теңге тұрса, 2022 жылы мамырда 6.5-7 миллион теңге болған.
Утилизация бағдарламасы 2016 жылы пайда болды, оны 2015 жылдың аяғында құрылған «ӨКМ операторы» басқарды. Әу баста Әлия Назарбаева құрған компания 5 жылда шетелден көлік әкелген азаматтардан 691 млрд 884 млн теңге жинап, оның 339 млрд теңгесін отандық автоөндірісті қолдауға жұмсапты. Қаңтар оқиғасынан кейін компания жұмысынан көптеген заңсыздық анықталып, басшылары түгел сотталды. Шынар Мұқтарова есімді қағаз жүзіндегі құрылтайшысын шетелден ұстап әкеліп, сотқа тартты. Бірақ «ӨКМ операторының» негізін қалаған Назарбаева сүттен ақ, судан таза болып шықты.
Биыл қыркүйекте Жоғары аудиторлық палата утилизация бағдарламасын сынап, экология мен экономикаға еш пайда әкелмегенін айтқан. Енді Ұлттық банк жеңілдікті автонесие бағдарламасы діттеген мақсатын орындай алмаған деп жатыр. Ең қызығы, екі бағдарлама да елде жаңа көлік санын көбейтіп, экологияны жақсартуға бағытталған. Екеуі де 2015-2016 жылдары жұмыс бастады. Бірақ екі жоба да кейін экологияны қайырып қойып, «отандық автоөндірушілердің» шашбауын көтеріп кетті. Утилизация жүйесі ашықтан ашық монополистердің сойылын соқса, 4%-дық автонесие тек елде құрастырылған машиналарға берілетін. Соның салдарынан көлік құрастырушылар монополиске айналды, баға шарықтады. Бірақ отандық автоөндіріс дамыған жоқ, елде жасалған машиналардың локализация деңгейі өте төмен. Автобөлшектердің 86%-ын Ресей, Қытай, Өзбекстан және Оңтүстік Кореядан алып отырмыз.
Жеңілдікті автонесие бағдарламасының аты таудай болғанымен, елге пайдасы тарыдай ғана болды. Жеті жылдан аса уақытта тұрғындар осы бағдарлама арқылы 47 297 автомобиль алғанын айттық. 20 миллион халық үшін бұл түкке тұрғызсыз сан. Ал билік осындай әлсіз бағдарламаға сүйеніп, тұтас елге жаңа машина мінгіземіз деп уәде беріп жүр. Оның үстіне біз Ұлттық банк таратқан 47 279 деген санға да күмәнмен қарап отырмыз. Өйткені биыл мамырға дейін тұрғындар 33 506 автонесие алғаны белгілі болған. Содан бері он неше мың машина өтіп кеткеніне сену қиын. Бағдарламаға сұраныс болғаны рас. Халық пайызы төмен бағдарлама (4%) көмегімен жаңа машина алғысы келді. Бірақ бәріне бірдей жеткен жоқ. Мысалы, биыл 6 ақпанда Өнеркәсіпті дамыту қоры онлайн режимде жеңілдікті автонесиеге өтініш қабылдаған. Сағат 10:00-де басталған өтінім қабылдау 18 секундта (!) аяқталды. 761 орын бір сәтте толып қалған. Көпшілік бұған аса сенбей, ел арасында «кезек алдын ала сатылып кетті» деген қауесет тарады.
Осыдан кейін Өнеркәсіпті дамыту қоры шараны дұрыс ұйымдастыра алмағанын мойындап, ай сайын 100-ге жуық автонесие беріп отыруға уәде еткен. Бірақ бұл сөз күйінде қалды. Содан бері еш мекеме жария түрде өтініш қабылдаған жоқ. Мамырда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бағдарлама шартын өзгертіп, машина алған азаматтардың есімін жариялаймыз деп белсенген. Бұл уәде де жүзеге аспады. Тіпті тұрғындар Қазақстан даму банкі жүргізетін ескі бағдарлама жұмыс істеп тұр ма, әлде тоқтап қалды ма деген сұраққа жауап таппай дал болған. Несие беретін екінші деңгейлі банкке хабарлассаңыз, бағдарлама тоқтағанын айтады. Ал Қазақстан даму банкі банктердің call-орталығындағы мамандар жаңсақ жауап беріп отыр, бағдарлама тоқтаған жоқ деп шыр-пыр болады. Бірі бар деп, екіншісі жоқ деп жүргенде жеке тұлғаға автонесие берілмейді деген ақпарат шықты. Қарабаев елде 9,3 млн тұрғын қоғамдық көлікпен жүретінін айтып, айына 120 адамға машина бергенше, 15 мың жолаушы тасымалдайтын 20 автобус алғанымыз тиімді екенін айтты.
Осыдан кейін автонесие жайлы ақпарат ағыны толастап қалған. Ұлттық банк сол тыныштықты бұзып, бағдарламаны сынға алып отыр. Олар автонесие бағдарламасы енді тиімді жұмыс істейтініне күмән келтіріп, үкіметтің оның орнына автобус сатып алу жөніндегі ұсынысын қолдады. Соған қарағанда, жеті жыл жыр болған автонесие бағдарламасы жабылатын сияқты. Осы сұраққа нақты жауап алу үшін бағдарламаны қаржыландыруға жауапты болған Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Қазақстан даму банкіне хабарластық. Бірінші мекеменің Руслан есімді қызметкері «ресми сауал жолдамасаңдар жауап бермейміз» деп жекіді. Сөз арасында фамилиясын айтуға міндетті емес екенін де есімізге салып қойды. Ал ҚДБ өкілдері «5 минуттан кейін қайта хабарласыңыз, жауабымызды дайындап алайық» деп жылы жауап берген. Бірақ сол беті телефон тұтқасын көтермеді.
Біздің билік алаулатып-жалаулатып бағдарлама қабылдауға шебер. Бірақ соның көбі оң нәтиже бермейді, орта жолда тоқтайды немесе басталмай жатып бесігінде тұншығады. Түбін қазсаңыз, әр бағдарламаның артында бір монополистің төбесі қылтияды. Жарнамасы жер жарған жобалар кейбіреудің қалтасын толтыратын майшелпекке айналып кететіні содан. Экономист Мақсат Халық көп бағдарламаны үкімет өзі бүлдіретінін айтты.
«Төрт пайыздық автонесие ешқандай логикаға сыймайтын бағдарлама. Әу баста мемлекет бюджетінен көп ақша бөлінді. Біраз қаржыны «ӨКМ операторынан» аударғанымен, бағдарлама ұзақ уақыт жұмыс істеуі үшін мемлекеттен үздіксіз ақша бөлуге тура келеді. Ал қазынадан мұндай көп қаражат бөле беру мүмкін емес. Банктердің «револьверлік жолмен қайтқан ақшаны істетеміз» дегені бос сөз. Өйткені одан өте мардымсыз ақша қайтады, ол аз ғана машина алуға жетеді. Демек, бұл ешбір ақылға сыймайтын бағдарлама. Біздегі мемлекеттік бағдарламалардың көбі осы күйді кешіп жатыр. Мысалы, «7-20-25» ипотекалық жобасын алайық, оған бөлінген қаржы аз, мұқтаж халық көп. Сұранысты қанағаттандыра алмайды. Сол үшін мұндай бағдарламалар жасамай, несиелік саясатты өзгерту қажет. Базалық мөлшерлемені нарыққа сай төмендету керек, сонда екінші деңгейлі банктер кез келген несиені төмен пайызбен бере алады. Көп жерге үкімет араласып кетеді де, бәрін бүлдіреді. Қазір «Отбасы» банкті ұлттық институтқа айналдырғалы жатыр, мұның соңы да сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Билік нарыққа араласпай, нарық заңдылықтарының орындалуын қамтамасыз етсе, бәрі дұрыс болар еді. Бірақ үкімет орынсыз жерге қол сұғып, бәрін қателікке ұрындырады», – дейді экономист.
Қуаныш Қаппас