Қарағанды ауруханасындағы кеншілердің жағдайы қалай
Қарағандыға Костенко шахтасындағы жарылыстан зардап шеккендерге кеңес беру үшін токсиколог, ортопед-травматолог және нейрохирург жіберіледі.
«Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге консультативтік көмек көрсету үшін Қарағандыға токсиколог, ортопед-травматолог және нейрохирургтен тұратын жоғары білікті дәрігерлер тобын жіберіп жатыр. Жарақат алған кеншілердің өмірі мен денсаулығын сақтау үшін барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі», - деп хабарлады ведомстводан.
Профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға осы уақытқа дейін 18 адам жеткізілгені хабарланды. Оның 17-сі стационарлық емдеуге жатқызылды, бір зардап шегуші амбулаторлық ем алып жатыр.
Газдан уланған 15 адам аурухананың токсикология бөлімшесінде емделуде. Бір адам политравмамен реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде жатыр, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты.
Жағдайы орташа ауыр тағы бір зардап шегуші травматология бөлімшесінде медициналық көмек алып жатыр.
Айта кетейік, Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада қаза тапқандар саны 21 адамға жеткен. «АрселорМиттал Теміртау» баспасөз қызметінің мәліметінше, шахтада 23 кенші қалған.