Қарағанды облысы қарқынды дамып келеді: жаңа зауыттар, жұмыс орындары және халықтың тұрмысына қолайлы жағдайлар

Жыл басынан бері Қарағанды облысында 20 жаңа өндіріс орны іске қосылды. Оның ішінде болат құбыр, алюминий радиаторы, ферроқорытпа шығаратын зауыттар, сондай-ақ машина жасау саласындағы жаңа кәсіпорындар бар.
Соның нәтижесінде екі мыңнан астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы шамамен он жоба жүзеге асырылып, қосымша жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.

Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыстық мәслихаттың сессиясында халық қалаулыларына есеп беріп, Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалардың орындалу барысына тоқталды.
– 2025 жылғы Жолдауында Президент еліміздің алдында өңдеуші өнеркәсіпті дамытып, оған жаңа серпін беру міндетін қойған болатын. Бұл бағыт Қарағанды облысында нақты жүзеге асырылып жатыр. Өңдеуші өнеркәсіптің жалпы өндірістегі үлесі бүгінде 76%-ды құрайды. Машина жасау саласы да қарқынды дамып келеді: 2025 жылдың сегіз айында оның өндіріс көлемі 312,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға өсті. Нәтижесінде машина жасаудың өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі 13%-ға дейін көтерілді. Индустриялық аймақта жаңа жобаларды іске асыру арқылы біз Саран қаласын моноқала мәртебесінен шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға әрі экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік алдық, – деді аймақ басшысы.
Сегіз ай ішінде облыстың өнеркәсіптік өндірісі 7%-ға артты. Тартылған инвестиция көлемі 645 млрд теңгеге жуықтады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 11%-ға көп.
Жұмыссыздық деңгейі республика бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып қалып отыр – шамамен 4%.
Тұрғын үй құрылысы да қарқын алған: сегіз айда 351 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1330 кезекте тұрған отбасы жаңа пәтерге қоныстанады.
Ауылдық елді мекендер мен қалаларда ауызсу жүйелері жаңартылып, газ тарту жұмыстары кеңейтіліп жатыр, жолдар жөнделуде. Биыл облыста таза ауызсумен қамту мәселесі толық шешіледі деп күтілуде.
Әлеуметтік салаға да айрықша көңіл бөлінуде. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау шараларына облыс бюджетінің жартысынан астамы бағытталуда. Биылдың өзінде бес жаңа балабақша ашылып, алты мектеп салынды. Мемлекет басшысының ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 65 медициналық нысан бой көтерді, тағы 27-сі жыл соңына дейін іске қосылады.

– Ортақ еңбегіміздің нақты нәтижесін көріп отырмыз. Өнеркәсіп те, ауыл шаруашылығы да, әлеуметтік сала да тұрақты өсім көрсетуде. Президент елімізде экономикалық өсімді кемінде 7% деңгейінде қамтамасыз етуді міндеттеген. Біз өз алдымызға бұдан да биік межелерді қойып отырмыз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Депутаттар облыс әкімінің есебін қабылдап, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына оң бағасын берді.