Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:47

«Қарағанды облысы өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда: 4 трлн теңге – жаңа рекорд»

1
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Қарағанды облысы экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын ұстап тұр: биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша инвестициялар көлемі 932,9 миллиард теңгеден асты, ал өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4 триллион теңгеге жетті.

 

1
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Өңірдің экономикалық дамуы мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.

– Біздің өңір тұрақты көрсеткіштерін сақтап келеді: болат өндіру көлемі бойынша – бірінші, көмір өндіру және картоп өсіру бойынша – екінші, жұмыртқа өндіру бойынша – үшінші, астық жинау бойынша – төртінші орындамыз. Ел бойынша жұмыссыздық деңгейі ең төмен өңірлердің бірі – небәрі 4 пайыз, – деді аймақ басшысы.

Әкім атап өткендей, өнеркәсіп дамуы, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ инвестиция тарту — өңір экономикасының басты басымдықтары болып қала береді.

Қарағанды облысында индустриялық аймақтар белсенді дамып, шағын өнеркәсіптік алаңдар құрылып жатыр.

1
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Әкімнің айтуынша, Qarmet компаниясы өндірісті жаңғыртуға 2028 жылға дейін 1,6 триллион теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын табиғи газға көшіп, цифрлық технологияларды енгізуде.

Сонымен қатар, өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі және басқа да салаларда жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Саран индустриялық аймағында келесі жылы Howo, Sitrak және Shantui маркалы жүк және арнайы техника шығару жоспарланған.

1
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

– Шағын және орта бизнес саласында басты назар — өсу нүктелерін қалыптастыру мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Біздің облыс алғашқы болып бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендетті. Соның нәтижесінде салық төлеушілердің саны 30 есеге өсіп, бүгінде төрт мыңнан асты. Ал осы жылы арнайы салық режимі бойынша 5,6 миллиард теңге бюджетке түсті. Жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін де, маслихаттарға 2%-дық мөлшерлемені сақтап қалу жөнінде ұсыным беретін боламыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.