«Таза Қазақстан» жалпыұлттық сенбілігі: Қарағанды облысында 10 мың түп ағаш егілді

Қарағанды облысы «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен жалпыұлттық сенбілікке белсенді түрде қатысты.
Экологиялық шараға өңірдің шамамен 30 мың тұрғыны қатысып, 70 гектар аумақ тазартылды. Бұл күні 10 мың түп ағаш егілді. Жалпы, облыста кең ауқымды көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласындағы Н. Назарбаев даңғылы бойындағы гүлзарда өткен ағаш егу жұмыстарына қатысты.
Бұл аумақтағы жасыл желек ескі болғандықтан, оны жаңарту туралы шешім қабылданған. Жол бойына қарағаш, ал гүлзар ішіне қарағай көшеттері егілуде.

– Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық аймағында жалпыұлттық сенбілік өтуде. Бұл жұмысты жүйелі әрі жоспарлы түрде жалғастырамыз. Осы акцияға белсене атсалысқан барлық тұрғындарға алғысымды білдіремін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Назарбаев даңғылындағы гүзарға отандық тұқымбақтан әкелінген 50 түп қарағай көшеті егілді. Олар былтыр егілген жасыл желекті толықтырды.
Жастар ресурстық орталығының волонтёрлері Әділжан Сүйінүков пен Жансерік Жұманов экологиялық акцияларға үнемі қатысып келеді.

– Бүгін біз сенбілікке команда болып келдік. Осы гүлзарда кезінде біздің ата-әжелеріміз ағаш еккен еді, енді сол игі істі жалғастыру – біздің парызымыз, – дейді еріктілер. – Қарағандының әрдайым жасыл қала болып қалғанын қалаймыз.
Бүгінгі сенбілік аясында Қарағанды қаласында шамамен 500 түп ағаш егілді. Қалада көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Оның ішінде өтемдік (компенсациялық) ағаш егу шаралары да бар.
Кәсіпкерлер де бастама көтеріп, өздеріне қарасты нысандардың маңайына ағаш егіп жатыр.
Қазыбек би ауданында көктем мезгілінде 1260 ағаш егілсе, күзде олардың қатарына тағы 4 мыңнан астам түп қосылады. Әлихан Бөкейхан ауданында да көгалдандыру жұмыстары жалғасуда.
Биыл Қарағандыда жаңа алма бағының іргетасы қаланды. Қазірдің өзінде 3 500 түп жабайы және жеміс беретін алма ағашы егілді, ал жуық арада олардың саны 5 000 түпке дейін жетпек.

Сонымен қатар саябақтар мен демалыс аймақтарын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. 15-магистраль бойына шамамен 600 түп қарағаш егілді, ал жақын арада олардың саны 2 мыңға жетеді.
Өтемдік ағаштардың күтімі үш жыл бойы мердігер ұйымдардың бақылауында болады. Олар көшеттердің жерсінуі мен өсу жағдайын тұрақты қадағалайды. Ал алма бағы мен гүлзарлардағы және магистраль бойындағы жаңа жасыл желектің күтімін саябақтар басқармасы жүзеге асырады.
Академик А. С. Сагинов атындағы Қарағанды техникалық университетінің аумағын енді 100 түп жапырақты ағаш – қайың, шетен және алма ағаштары көріктендіреді. Демеушілердің қолдауымен мұнда жаңа жасыл аллея бой көтерді.
Home Credit Bank филиалының шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі директорының орынбасары Самғат Айтжанның айтуынша, Қарағандыда экологиялық мәселелерге айрықша назар аудару қажет. Сондықтан қаржы ұйымы қаланы көгалдандыру ісіне өз үлесін қосуға шешім қабылдаған.