Қарағанды облысында егіс науқаны басталды

Қарағанды облысында биыл егіс алқабы 1,2 млн гектарды құрайды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 105 мың гектарға артық. Әртараптандыру бағдарламасы бойынша майлы және жем-шөп дақылдарын егу бидайды қысқарту есебінен ұлғайтылады.
Бұл мал шаруашылығын дамыту үшін жем-шөп базасын құруға көмектеседі. Сондай-ақ өңірде азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін картоп пен көкөніс отырғызу ұлғайтылуда.
Егіс науқанының басталуы туралы аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлібеков баяндады.
– Бүгінгі таңда барлық аудандарда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс жұмыстарына кірісті. 11 мамырда 121,7 мың га алқапқа дәнді дақылдар, 12,2 мың га жерге майлы дақылдар, 2100 га жерге картоп, 140 га жерге көкөніс және 19 500 га жерге жемшөптік дақылдар себілді. Жаппай егіс науқаны мамырдың екінші онкүндігінде басталады, – деп хабарлады ол.
Ол мемлекеттік қолдаудың арқасында аграршылар алдын ала жоғары сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды сатып алып, техниканы жаңарта алғанын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, егіс науқанына 10,5 мың трактор, 229 егіс кешені, 4,4 мыңнан астам тұқым сепкіш және 9,7 мың бірлік өзге де техника жұмылдырылды.
Өңірде суармалы жерлерді айналымға енгізу жұмыстары жалғасуда.
Өсімдік өсірушілерге арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар, тұқым шаруашылығына, пестицидтер мен тыңайтқыштарды сатып алуға, су жеткізуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсету қарастырылған.
Шаруалар «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары бойынша жеңілдікті несиелерді де пайдаланды.
Егістік жұмыстарының барысы туралы аудан әкімдері де баяндады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев егіс науқанын уақытылы өткізу жөнінде тапсырма берді.
– Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласында қолдау көрсету тетіктері жеткілікті. Біз қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға тиіспіз, – деп атап өтті өңір басшысы.
Айта кетейік, Қарағанды облысында 2024 жылы 1 миллион 300 мың тонна астық жиналды. Бұл соңғы 13 жылдағы ең жоғары нәтиже. Табыстың негізгі факторлары мемлекетті қолдау, жоғары сапалы тұқымдар мен минералдық тыңайтқыштарды пайдалану, агротехнологияларды сақтау.