Қарағанды облысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады
25 ақпан күні Қарағанды облысында жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары кезінде Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, экипаж дер кезінде катапульт жасап үлгерген. Ұшқыштар тірі, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қазір олар медицина мамандарының бақылауында.
Ұшақ құлаған аумақ қоршауға алынды. Халық пен инфрақұрылым нысандарына қауіп тіркелмеген.
Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрлігі арнайы комиссия құрды. Комиссияны Ұшу қауіпсіздігі департаментінің басшысы басқарады. Құрамына авиация қызметінің бейінді мамандары енген.
Тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріліп, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Су-30СМ туралы
2020 жылдың соңында Қарағандыдағы Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы авиациялық базаға Су-30СМ ұшақтарының бір буыны жеткізілгені хабарланған болатын.
Су-30СМ –4++ буынға жататын жаңа үлгідегі жойғыш. Ол күндіз-түні, кез келген ауа райы жағдайында әрекет ете алады. Қарсыластың ұшақтарын атып түсірумен қатар, жердегі нысандарды жоюға, әуе барлауын жүргізуге қабілетті. Ұшу қашықтығы үлкен, әуеде жанармай құю мүмкіндігі бар.
20 ақпанда Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайға ресейлік төртінші буындағы көп мақсатты Су-30 жойғышы жоспардан тыс қонған. Мәлімет бойынша, ұшақ ұшу барысында бағдарын жоғалтқан.
Қазақстан аспанында ұшақтар байқалғаны туралы хабарлар аясында Қорғаныс министрлігі 2026 жылдың 20 ақпаны мен 10 наурызы аралығында әуе қорғанысы күштерінің жоспарлы оқу-жаттығулары өтетінін мәлімдеген еді.